Қазақстан жастарының 87%-ы мүмкіндік болса мамандықтарын ауыстыруға дайын

«DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстан жастарының білімі мен өркендеуі» тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан 1671 азамат  қатысты. Олардың  67%-ы қыздар және 33%-ы ер азаматтар. Олардың жас ерекшеліктері 14 жастан 30 жасқа дейін.

Сұрақ қою әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.

Сауалнама 2015 жылы 2-7 қыркүйек күндері аралығында жүргізілді.

Статистикалық көрсеткіш қателігі 2%-дан аспайды.

Зерттеу қорытындысы бойынша, 18-30 жас аралығындағы Қазақстан жастарының небәрі 13%-ы мамандық таңдауда қателеспедім деп сенімді жауап береді. Қалған 87%-ы мүмкіндік болса мамандықтарын ауыстыруға дайын. Сонымен қатар, медицина мамандығына жастардың кызығушылығы артып келеді. Яғни, медицина саласында білім алғысы келетін жастардың қатары көп.

Жалпы, жастардың арманы мен мақсатына айналған нақты мамандықты анықтау мүмкін болмады. Сауалнамаға қатысқан жастар әртүрлі саланы таңдайды екен. Алайда, зерттеу қорытындысынан  қазақстандықтар арасында  кең танымалдыққа ие  мамандықтар:  қаржы және құқық саласына деген қызығушылық төмендегенін байқауға болады.

Сауалнамаға қатысқан жастардың 11%-ы «Мамандық таңдауға қайта мүмкіндік берілсе, қай саланы таңдар едіңіз?» деген сауалға «Медицина» деп жауап берді. Сонымен қатар, жастар арасында сұранысқа ие салалар реті осындай: инженерлік-техникалық мамандықтар (10%),  экономика (8%), заң (7%),  мұнай-газ саласы (6%), халықаралық қатынас және саясаттану (5%). Ал,  әскери, сәулет және құрылыс, көркем дизайн мамандықтарын таңдар едік деп жауап берген респонденттер үлесі 4%-дан. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан жастардың небәрі 1%-ы мемлекеттік және жергілікті басқару және кәсіптік оқу (сервистік қызмет көрсету) мамандықтарының иесі атануға ниет білдірді.

Зерттеу қатысушыларының жас ерекшелігі бойынша ең кіші категориясы 14-17  жас аралығындағы жастардың сұранысына ие мамандық – медицина (20%). Экономика саласына қызығушылық білдіргендер саны бұл көрсеткіштен екі есе аз. Бұл категориядағы респонденттердің 8%-ы заң саласында білім алғысы келеді. Назар аударар жайт, қазақстандық жасөспірімдердің қызығушылығын тудырмайтын мамандықтар қатарында кәсіптік оқу (сервистік қызмет көрсету) бірінші орында. Бұл жауап нұсқасын таңдаған қатысушылар үлесі 1%-дан аз.

Зерттеуге қатысқан 18-30 жас аралығындағы жастардың 35%-ы өз мамандықтары бойынша жұмыс жасап жүр. 27%-ы әртүрлі себептермен өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Қатысушылардың 30%-ы мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттері болғандықтан, бұл сұраққа жауап бермеді.

«Мүмкіндік туып жатса, мамандығымды ауыстырар едім» деген жауапты таңдаған азаматтар мектепте кәсіптік бағдар берілмегендіктен мамандық таңдауда қателестім дейді. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жастар болашақ мамандығын нарықтағы сұранысына емес, атына қарай таңдайды. Сонымен қатар, саланың қыр-сырын түсінбей, оқуға құжат тапсыратын талапкерлер де баршылық.

Зерттеуге қатысқан жастардың 32%-ы 18-жастан жұмыс жасай бастаған. 37%-ы колледж немесе ЖОО бітірген соң жұмысқа тұрған. Дипломы бар, бірақ жұмыс жасамайтын жастардың үлесі 5%.  Ал қалған  26%-ы мектеп оқушылары мен студентер.

«Өзіңіздің қазіргі материалдық жағдайыңызға көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа респонденттердің 48%-ы «иә, толады» деп жауап берді. Мүлде көңілі толмайтын қатысушылар 15%, ал «онша көңілім толмайды» деген жауапты таңдаған жастар 22%. Қалған 15% жастар «күнделікті шығындарыма ақшаны ата-анамнан аламын» деп жауап берді.

Жастардың әлеуметтік мәселелерге, олардың шешімін табуға қызығушылық танытуы артып келеді. Сауалнама барысында қатысушыларға «Өзіңіз тұратын қалада/ауданда/елдімекенде қай салада жағдайды жақсартқыңыз келеді?» деген сұрақ қойылды. Респонденттерің 20%-ын экология мәселелері толғандырады екен. 18%-ы әлеуметтік жобалар, адам құқықтарының сақталуы, қайырымдылық шараларын қолға алу керек дейді. Балалар мен жастар арасындағы спорт әлі де жолға қойылмады деп есептейтін жастардың үлесі 15%-ға тең.  Ал, сауалнамаға қатысқан жастардың 13%-ы мәдениет пен өнер саласына тиісінше көңіл бөлінсе деген тілек білдірді. Сондай-ақ, жастар кәсіпкерлігін дамытуды жақсарту керек деген қатысушылар 10% болса, қалған 6%-ы инновациялық технологиялар мен техникалық даму деген жауапты таңдады.

Сауалнама соңында жастар күнделікті өмірде күйзеліс жағдайларымен қалай күресетінін білмекші болдық. Жастардың 14%-ы «жақындарыммен,  бауырларыммен бірге уақыт өткіземін» деген жауапты таңдады. Екінші орынды мәдени демалыс алады, яғни кино, театр, концерт және т.б. Достармен қарым-қатынас деген жауапты таңдағандар 11%. Ал, жастардың 9%-ы күйзелістен шығу үшін сүйікті істерімен айналысқанды жөн көреді. Спортпен айналысу және руханиятты таңдаған қатысушылар үлесі – 8%. Қалған 7%-ы өз-өзімді дамыту, қосымша білім көмектеседі десе, 6%-ы күйзеліс жағдайында әлеуметтік желінің көмегіне жүгінеді екен. Ал, жұмыс (3%)  және волонтерлік жұмыстар, мұқтаж адамдарға көмектесу (1%)  деген жауапты таңдаған жастар үлесі аз болды.

Қазақстан жастарының білімі мен өркендеуі

Қазақстандықтардың ұлттық валютаға сенімі. Экономиканың долларсыздануы