Баспасөз баяндары

Мемлекеттік органдар арасында қазақстандықтар Мемлекет басшысының әкімшілігіне ең үлкен, ал соттарға ең төмен сенім білдіреді

04.03.2013 00:00

Халықтың мемлекеттік органдарға деген қарым-қатынасын анықтау үшін жүргізілген сауалнама қазақстандықтардың дүние-танымында қамқорлықтың жоғары деңгейде екенін көрсетті.

MediaNet халықаралық журналистика орталығының жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы халықтың түрлі мемлекеттік органдарға қандай деңгейде сенім білдіретінін анықтау мақсатында кезекті сауалнамасын жүргізді.

Сауалнама аясында респонденттерге қандай мемлекеттік ведомстволар үлкен сенім шақыратыны немесе керісінше олардың қай органдарға сенім білдірмейтіні туралы сұрақтар қойылды. Сауалнама тақырыбы аудиторияда айтарлықтай қиындық туғызды: жауаптар көп жағдайда екіұшты болып, респонденттер кеңінен ашып түсіндіріп, өз жауап нұсқаларын айтты.

Сауалнама нәтижесі бойынша халықтың мемлекеттік жүйеге (барлық мемлекеттік органдарға) айтарлықтай үлкен сенім білдірмейтіні анықталды (11%). Ал мемлекеттік жүйеге ең үлкен сенім білдіретін Жамбыл (34,6%), Қостанай (21,7%) және Ақтөбе (22,7%) облыстары болып шықты.

Мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты абсолютты «нигилизмді» сауалнамаға қатысқандардың 15% көрсетті. Бір қызығы, мемлекеттік органдарға ең аз сенім білдіретін аймақтар арасында дәстүрлі түрде «еркін ойлайтын» алматылықтарға (қала респонденттерінің 30%-ы) шенеуніктері ең көп қала болып саналатын Астана тұрғындарының 24%-ы қосылды.

Мемлекеттік органдар арасында Президент пен Президент әкімшілігі халықтың ең үлкен сеніміне ие болып шықты (42%). Мемлекеттік басшысына деген сенімдерін білдірген аймақтар арасында Солтүстік Қазақстан (66,8%), Оңтүстік Қазақстан (55,6%) облыстары, Астана қаласы (54,1%), Ақмола (53,6%), Қарағанды (53,2%) және Қостанай (52,2%) облыстары алға шықты. Ал Ақтөбе (27,3%), Алматы (33,2%), Атырау және Батыс Қазақстан (екеуі де 38,5%) облыстары Президент/Президент әкімшілігі нұсқасы бойынша салыстырмалы түрде төмен нәтиже көрсетті. 

Әкімшіліктер сауалнамаға қатысқан халықтың тек 5%-ның ғана сеніміне ие болды. Осыған қарамастан, жергілікті әкімшіліктердің халық арасындағы танымалдылығы бойынша Атырау (15,4%), Маңғыстау (15%), Қызылорда (12,5%) облыстары ғана жоғары көрсеткіш берді.

Сауалнама көрсеткендей, Парламент те халық арасында айтарлықтай сенімге ие емес, жалпы есеп бойынша көрсеткіш 5%-ға ғана тең. Ал аймақтар деңгейінде заң шығарушы билікке тек Атырау облысында (23%) біршама халық сенеді, өзге облыстарда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.

Прокуратура халықтың 4%-ның ғана сеніміне ие. Облыстар арасында прокуратураға деген сенімі бойынша Батыс Қазақстан (11,6%), Атырау (7,7%) және Солтүстік Қазақстан (6,6%) облыстары ғана біршама жоғары нәтиже көрсеткен. Үкімет пен министрліктерге деген сенім рейтингі ел бойынша 3,5%-дан аспады. Алайда бұлардан да төмен деңгейде сот (1,8%) пен Мәслихаттар (1,2%) тұр.

«Ең төмен сенім білдіру» тақырыбындағы сауалнама нәтижелері де қызығушылық тудырады. Сауалнама халықтың қандай да бір мемлекеттік органға немесе жалпы жүйеге білдіретін сенімінің ең төмен сенім шақыратын жауап нұсқаларымен әрқашан сай келе бермейтінін көрсетті. Екі жауап нұсқасын салыстыра отырып, «мемлекетке толықтай сенетін» халықтың «мүлдем сенбейтіндерге» қарағанда біршама көп екенін көруге болады (20 және 15 пайыз сәйкесінше). Респонденттердің айтарлықтай бөлігі жалпы мемлекетке сенетінін, алайда жекелеген ведомстволар, шенеуніктер тарапынан көрініс табатын жемқорлық пен әділетсіздіктің кесірінен басқару жүйесінен көңілдері қалатынын жеткізді.

Мемлекетке төмен сенім білдіретін аймақтар арасында Астана көш бастап тұр (19,1%), ал Атырау (33,4%), Ақтөбе (31,8%), Қызылорда (31,25%) облыстары бұл нұсқа бойынша керісінше жоғары (халық ең көп сенетін) көрсеткіш берді.

«Қай мемлекеттік органға сенім білдірмейсіз» деген сұрақта Үкімет/Премьер-министр (1%) және Президент/Президент Әкімшілігі (2%) жауап нұсқалары ең төмен көрсеткішті көрсетті. Сонымен қатар, Мәслихаттарға (2%) да халықтың аз ғана бөлігі сенім білдірмейтін болып шықты. Ал сот (15%) пен әкімшіліктер (14%) респонденттердің сенім білдірмейтін органдары арасында алғашқы орындарға шықты.

Сауалнамаға қатысқандардың айтарлықтай бөлігінің қандай да бір мемлекеттік органға қатысты өз ойын нақты жеткізе алмағандарын немесе ел аузында жүр-ау деген ведомствоны атай салғанын ерекшелеп өту қажет. Сауалнама нәтижелері Мемлекет басшысының жағымды бейнесі басымдыққа ие елдің ақпараттық кеңістігінде қалыптасқан жағдайды анық көрсетеді. Президент әкімшілігінің де жоғары рейтингті көрсеткені осымен байланысты болуы мүмкін.

Жалпы алғанда сауалнама нәтжелері халықтың мемлекеттік құрылым жүйесіне енжар қарайтынын және қазақстандық қоғамда посткеңестік стереотиптер элементтеріне ие патернализмнің жоғары деңгейде бар екендігін көрсетіп отыр. Басқаша айтқанда, халық мемлекеттік биліктің құрылымы мен нюанстарына жете көңіл бөле бермейді, тек «жоғарғы күштің» олардың проблемалары мен наразылықтарын шешіп беретініне сенеді.

Түрлі мәселелерді барынша тиімді шешетін мемлекеттік органға байланысты жүргізілген сауалнама нәтижелері де назар аударуға тұрарлық. Бұл сұрақ бойынша Президент пен оның Әкімшілігі жеке дара көш бастады (25%), бұл билік институтына деген сенім өзге жауап нұсқаларынан айтарлықтай озып тұр. Мәселен, қандай да бір проблеманы тиімді түрде Парламент шеше алады деген респонденттер 9%-ды ғана құраса, әкімшіліктер 8%-ды көрсетті. Ең төмен нәтижені Мәслихаттар (2%) мен соттар (2%) берді.

Телефон және Интернет арқылы жүргізілген сауалнама қазақстанның ірі қалаларынан барлығы 2125 адам қатысты.

 

Жоба туралы:

DEMOSCOPE әлеуметтік институттың классикалық мағынасындағы мысалы болып табылмайды және күрделі коннотациялар мен әлеуметтік портреттерді талдауға тырыспайды. Жобаның мақсаты – экспресс-режимде қоғамның қандай да бір мәселеге байланысты ой-пікірін анықтау.

DEMOSCOPE Қазақстан азаматтарының өзекті тақырыптар бойынша пікірін аз уақыт аралығында анықтауға бағытталған және араға 7-15 күн салып телефон (Қазақстан Республикасының барлық ірі елдімекендерін қамтиды) және Интернет арқылы жүргізіліп отырылады. 

Сауалнама тақырыптары БАҚ пен әлеуметтік желілерге жүргізілетін мониторинг негізінде қалыптасады, өзекті және ең үлкен резонанс туғызған тақырыптар таңдалынып алынады. Алайда demos.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі сәйкес парақшаларда қолданушылардың өздері қалаған тақырыптар бойынша бастама көтеруіне мүмкіндігі бар.

DEMOSCOPE тек пікір анықтау құралы ретінде ғана емес, сондай-ақ азаматтарға маңызды сұрақтар және проблемалар бойынша өз ойын жеткізудің тиімді құралы ретінде де ойластырылған. 

Біз көмегіне сүйенетін сауалнамалар барынша жеңілдетілген (мүмкіндігінше аз жауап нұсқалары көрсетілген сұрақтар қойылады), бұл өз кезегінде жоба нәтижелігінің қосымша кепілі болып табылады.

Сауалнама нәтижелері қорытынды баспасөз баяны және инфографика түрінде demos.kz сайтында жарияланады және БАҚ редакцияларына сауалнамадан кейінгі келесі 1-2 күн ішінде таратылады.

Жобаға Конрад Аденауэр атындағы Қор қолдау білдірді.

 

Жоба туралы қосымша ақпаратты келесі байланыс тұлғаларынан алуға болады:

Әділ Жәлелов – jalilov.adil@gmail.com  +7-7774444344

Дінмұхамед Зиядин – aliziyadin@gmail.com  +7-7024901767, +7 (727)2616669


 

Серіктестер