Баспасөз баяндары

Қазақстандықтардың басым бөлігі 2022 жылы Алматыда қысқы Олимпиада ойындарын өткізу идеясын қолдайды

21.07.2014 00:00

MediaNet  Халықаралық журналистика орталығы жанындағы «DEMOSCOPE» қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «2022  жылы Алматыда Қысқы Олимпиада ойындарының өтуі»  тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан барлығы 1600 адам қатысты.

Сұрақтарға 16 жастан жоғары 67% әйелдер мен 33% ер азаматтар жауап берді. Сауалнама 12-15 шілде аралығында жүргізілді.

Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сауалнама және онлайн-сауалнама.

Сауалнама мәліметтерін demos.kz гиперсілтесін көрсету арқылы қолдануға рұқсат етіледі.

 

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73%-ы Алматы 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер қала екенінен хабардар. Ал қалған 27%-ы бұл жайлы мүлде естімеген.

Респонденттердің 79%-ы 2022 жылы Алматыда Олимпиада өткізу идеясын қолдайды. 10%-ы қарсы, ал 11%-ы «қолдаймын» немесе «қолдамаймын» деген нақты жауапқа дайын емес.

Алматыда Қысқы Олимпиада ойындарын өткізудің жағымды жақтары қандай деген сұраққа респонденттердің үштен бір бөлігі (34%) еліміздің атын әлемге әйгілі етеді деп жауап берді. 16%-ы балалар мен жасөспірімдер спорты дамиды, спорттық-материалдық база жақсарады, 8%-ы салауатты өмір салтын насихаттайды деген жауаптарды таңдады. 8%-ы Олимпиада ойындарын өткізуге дайындық кезінде Алматы қаласына шет елдік инвесторлар көптеп тартылады дейді.

Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 13%-ы Алматы қаласының инфрақұрылымы жақсарады, жаңа жұмыс орындары ашылады, қала дамуы қарқынды жүре бастайды деген жауаптарды таңдады. 4%-ы Олимпиада ойындары кезінде жастардың қоғамдық белсенділігі арта түсіп, Қазақстанда еріктілер (волонтерлер) қозғалысы дамиды деп сенеді.

Респонденттердің 4%-ы Олимпиадаға дайындық барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт адамдардың өміріне қолайлы жағдайлар жасалады. Мәселен ыңғайлы пандустер, жер бетіндегі лифтілер салынады деп есептейді. Ал, сауалнамаға қатысқан 12% Қазақстан азаматтары үшін Алматыда Олимпиада ойындарын өткізудің ешқандай пайдасы жоқ.

Халықтан Алматы қаласында Қысқы Олимпиада ойындарын өткізудің қандай тиімсіз жақтары бар екенін сұрағанымызда, 23%-ы іс-шараны өткізуге жұмсалған бюжеттік қаражаттың орны толмайды, өзін ақтамайды деген жауапты таңдады. 9%-ы өте қымбат спорттық объектілер болашақта қолданылмауы мүмкін, 9%-ы жемқорлыққа жол беріледі деген жауаптарды таңдады. 12%-ы тауарлар мен қызмет көрсету бағалары қымбаттауы мүмкін, 5%-ы қалада көлік қозғалысы қиындайды, 8%-ы билік өкілдерінің назары өзге де маңызды мәселелерден Олимпиадаға ауысады дейді. Еңбек мигранттарының қатары көбейеді деген жауапты таңдаушылар небәрі - 3%. Ал, қалған 32%  респонденттер Алматыда Қысқы Олимпиада ойындарын өткізудің жағымсыз жақтары жоқ дейді.

Алматы 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін қала ретінде таңдалса, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 44%-ы тек теледидардан тамашалайды. 15%-ы іс-шараның ашылу және жабылу салтанатына қатысқылары келеді.

12%-ы жарыстардың белсенді көрермені және жанкүйері болса, 3%-ы Олимпиада ойындары өтетін объектілерде жұмыс істегілері келеді. Сондай-ақ, 14%-ы дайындық жұмыстарына, Олимпиаданың өтуіне мүлде қатыспаймын дейді. Ал 9%-ы әзірге жоспарларламаған.

Жоба жайлы:

DEMOSCOPE өзекті мәселелер бойынша Қазақстан азаматтарының ой-пікірін жедел анықтауға бағытталған жоба. Сауалнамалар тұрақты түрде, 7-15 күн аралығында, телефон арқылы (Қазақстан Республикасының халқы көп шоғырланған аймақтарында) және Интернетте жүргізіледі. Сауалнама тақырыптары  БАҚ пен әлеуметтік желілерге жасалатын мониторинг қорытындысы негізінде таңдалады.

Сонымен қатар, demos.kz  сайтында кез-келген интернет қолданушы сауалнама тақырыбын ұсына алады.

DEMOSCOPE ой-пікірді анықтауға арналған құрал ғана емес, халықтың өзекті мәселелер бойынша көзқарасын білдіруіне жасалған қарапайым мүмкіндік.

Сауалнама нәтижесі баспасөз баяны және инфографика түрінде demos.kz сайтында жарияланады және 1-2 күн ішінде БАҚ редакцияларына жолданады. Жоба Конрад Аденауэр атындағы қордың демеушілігімен жүзеге асырылады.

Сауалнама қорытындысы Конрад Аденауэр атындағы қордың және «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының жеке пікірін білдірмейді. Тек сауалнамаға қатысқан барлық Қазақстан азаматтарының көзқарасын жариялайды.                                                                    

Қосымша ақпарат үшін:

Дильнара Джалилова, jalilova.dilnara@gmail.com,  +7 (727) 272 45 33

Сәния Әбдіғапар, abdigapar.sanyia@gmail.com,  +7 (727) 261 66 69

Айгерим Сакенова, ai.sakenova@gmail.com, +7 (727) 261 66 69

Серіктестер