Баспасөз баяндары

Халық ТВ-ға сенеді, mail.ru-ды Желідегі негізгі ақпарат көзі ретінде пайдаланады, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуін қолдайды және жазғы демалысты ел ішінде өткізуді қалайды

12.07.2012 00:00

MediaNet халықаралық журналистика орталығының жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы халық арасында келесі үш тақырып бойынша кезекті сауалнамасын өткізді:

  1. қазақстандықтар сенім білдіретін негізгі ақпарат көздері;
  2. міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі;
  3. қазақстандықтар жазғы демалысты өткізу үшін таңдаған туристік маршруттар.

1.

Телефон және Интернет арқылы сауалнамаға Қазақстанның ірі қалаларында тұратын 2048 адам қатысты.

Сұрақтардың негізгі бөлігі халық сенім білдіретін негізгі ақпарат көзіне қатысты болды. Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың басым көпшілігінің телеарналар (35%) және 2-3 ақпарат көзін қатар (негізінен ТВ және Интернет) пайдалану (36,9%) арқылы ақпарат алатынын көрсетті. Респонденттердің 24,4%-ы басты ақпарат көзі ретінде Интернетті атады. Ел азаматтарының тек 3,7%-ы ғана газеттер мен журналдарды басты ақпарат алу құралы ретінде тұтынады.

Аймақтық көрсеткіштер де қызық нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, алматылықтардың 39,6%-ы басты ақпарат көзі ретінде телеарналарды, 25%-ы Интернетті көрсетсе, тағы 25%-ы аталған медиа түрлерін қатар қолданатын болып шықты. Алматы тұрғындарының арасында мерзімді баспасөз құралдарын бірінші кезекте тұтынатындар қарасы айтарлықтай көп емес – 10,4%.

Астана тұрғындарының 54%-ы ТВ-ны басты ақпарат көзі ретінде көрсетсе, 17,3%-ы Интернетті, 6, 9%-ы газеттерді атап өтті. Елордалықтардың 21,8%-ы ТВ, радио және Интернетті негізгі ақпарат тұтыну құралы ретінде қатар атаған.

Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, мерзімді баспасөз Қарағанды, Петропавл және Атырау тұрғындары арасында танымалдылыққа ие, бұл қалалардағы көрсеткіштер сәйкесінше 12,5%, 14,1%, 11,2%-ға тең.

Сауалнаманы ұйымдастырушылар респонденттерден қандай газеттерді тұрақты түрде оқитынын өз қалаулары бойынша атап көрсетуді өтінген болатын. Сауалнама республикалық басылымдардың бірінші кезекте Алматыда танымал екендігін көрсетті. Өзге аймақтарда негізгі ақпарат көзі ретінде жергілікті баспасөз аталды.

«Свобода слова», «Время», «Комсомольская правда» және «Жас Алаш» газеттерін өзге қалаларға қарағанда Алматы тұрғындары жиі атап көрсетіп отырды. Астанада «Инфо-Цес» газеті тұрақты түрде оқылатын болса, одан кейінгі орындарға «Время» мен «Свобода слова» шықты.

Қарағандыда да «Взгляд», «Новый вестник», «Вечерняя Караганда» секілді жергілікті басылымдар жоғары көрсеткіштерге ие. Өзге облыстарда да осындай жағдай байқалады, респонденттер негізгі ақпарат көзі ретінде жергілікті басылымдарды атады: Өскеменде «Мой город», Таразда «Знамя труда» және «Магнолия», Қостанайда «Наша газета», Ақтөбеде «Диапазон» және «Эврика», Атырауда «Ақ жайық», Семейде «Спектр» және т.б.

Телеарналар арасынан алматылықтар КТК, «Еуразия», «Хабар», сонымен қатар ресейлік НТВ, Россия және Рен-ТВ арналарын ең көп атап көрсеткен. Астанада отандық арналар басымдыққа ие: респонденттер «Қазақстан», «Хабар», «Жетінші арна», КТК және «Еуразия» арналарын жиі көретіндіктерін жеткізді.

Аймақтарда республикалық телеарналар тұрақты танымалдылыққа ие, сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі телеарналар арасындағы басты ақпарат көзі ретінде КТК, «Еуразия», «Қазақстан», «Хабар», 31-ші арна, «Жетінші арна» секілді БАҚ-тарды атады. Сонымен қатар, ресейлік НТВ мен «Россия» арналары да аймақтарда жиі қаралатын медиа қатарынан табылды.

Алматылықтар ақпарат алудың тұрақты уеб-көзі ретінде mail.ru, google және yandex ресурстарын атады. Сонымен қатар, «вконтакте» (vk.com) әлеуметтік желісі де Алматы тұрғындары арасында танымалыққа ие болып шықты.

Астанада жоғарыда аталған ресурстардың танымалдылығымен қатар, tenrinews.kz,  zakon.kz, nur.kz секілді сайттар да өзгелерге қарағанда жиі аталып отырды.

Өзге аймақтарда mail.ru көш бастап тұр. Бұған қоса, odnoklassniki.ru әлеуметтік желісі де жиі тұтынылатын ресурстар арасынан көрінді.

Халық сенім білдіретін ақпарат көздері туралы сауалнама нәтижелері де маңызды нәтиже беріп отыр. Бұл жерде де телеарналар дес берер емес: респонденттердің 44,7%-ы ТВ-ға сенімділікпен қарайтындықтарын жеткізді. Сауалнамаға қатысушылардың 17,4%-ы ғана интернет-ресурстарға сенім білдіретіндіктерін айтты. Аталған көрсеткіштің екінші орында тұрғанына қарамастан оның негізгі ақпарат көзі туралы сұрақтағы Интернеттің алған пайыздық көрсеткішінен 7%-ға төмен екенін атап өту қажет.

Газеттер басты ақпарат көзі ретінде соңғы орындардан көрінсе де салыстырмалы түрде алғанда халықтың айтарлықтай сеніміне ие - 14,5%. Қазақстандықтардың 4,7%-ы радиоға, 1,8%-ы журналдарға сенімділік танытады екен. Бірде-бір ақпарат көзіне сенбейміз деп респонденттердің 17%-ы жауап берді.

Алматылықтар сенімге ие бұқаралық ақпарат құралдары қатарында «Время», «Свобода слова», «Караван» секілді басылымдарды атады. «Время» газетіне Астана тұрғындары да сенімділік білдіреді екен. Өзге қалаларда тұрғындар тұрақты тұтынатын ақпарат көздеріне сенетіндіктерін жеткізді. Бір қызығы, «өзіңіз сенетін ақпарат көзін нақтылап көрсетіңізші» деген сұраққа жауап ретінде респонденттер газеттерді атап көрсетіп отырды, ал бұл ТВ-ға деген сенімді білдіретін жоғары пайызды жалпы көрсеткішке қайшы келіп тұр.

2.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу тақырыбына қатысты сауалнама нәтижелері де қызықты болды. Міндетті медициналық сақтандыру қорына (ММСҚ) қатысты келеңсіз жағдайға қарамастан респонденттердің 56,4%-ы аталған бастаманы қолдайтындықтарын білдірді. Сауалнамаға қатысушылардың 21,2%-ы бұл жүйені енгізуге қарсы болса, 20,9%-ы нақты іс жүзінде көрмей-білмей жауап беруге қиналатындықтарын жеткізді.

Аудиторияның басым көпшілігінің қолдау білдіруі ММСҚ жобасының іске аспай қалғандығының ел арасында ұмытылуына, сонымен қатар реформалауды қажет етіп отырған қазіргі денсаулық сақтау жүйесіне деген сыни көзқарасқа байланысты болуы мүмкін. Қалай болғанда да, ММСҚ-ға қатысты даулы мәселе сауалнама барысында айтылған жоқ. Респонденттер аталған жүйенің енгізілуіне қатысты оң болжамдар айтып, ол барлық азаматтарға кепілді түрде ем алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

3.

Халықтың жазғы демалысқа қатысты жоспары туралы сауалнама нәтижелері де қызығушылық тудыратын нәтижелер берді. Қазақстандықтардың басым көпшілігі, яғни 46,9%-ы жазғы демалысты ел аумағында өткізуге ниет танытып отыр. Шамамен үштен бір бөлігі (32,1%) жаз айларында демалыс алмайтындықтарын айтты. 6,9%-ы Түркияға, 7%-ы Ыстықкөлге, 3,4%-ы Еуропаға жол тартатындықтарын жеткізді.

Ішкі туризмның басты объектілері ретінде Бурабай мен Алакөл аталды. Сауалнамаға қатысушылардың бір бөлігі ел аумағындағы демалысты таңдауға себеп болған факторлар қатарында дағдарыстың салдарын, шет елге шығуға қаржылық жағдайдың болмауын, қазақстандық туристік орындардағы қызмет көрсету деңгейінің өскендігін атап өтті.   

 

Жоба туралы:

DEMOSCOPE әлеуметтік институттың классикалық мағынасындағы мысалы болып табылмайды және күрделі коннотациялар мен әлеуметтік портреттерді талдауға тырыспайды. Жобаның мақсаты – экспресс-режимде қоғамның қандай да бір мәселеге байланысты ой-пікірін анықтау.

DEMOSCOPE Қазақстан азаматтарының өзекті тақырыптар бойынша пікірін аз уақыт аралығында анықтауға бағытталған және араға 7-15 күн салып телефон (Қазақстан Республикасының барлық ірі елдімекендерін қамтиды) және Интернет арқылы жүргізіліп отырылады. 

Сауалнама тақырыптары БАҚ пен әлеуметтік желілерге жүргізілетін мониторинг негізінде қалыптасады, өзекті және ең үлкен резонанс туғызған тақырыптар таңдалынып алынады. Алайда demos.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі сәйкес парақшаларда қолданушылардың өздері қалаған тақырыптар бойынша бастама көтеруіне мүмкіндігі бар.

DEMOSCOPE тек пікір анықтау құралы ретінде ғана емес, сондай-ақ азаматтарға маңызды сұрақтар және проблемалар бойынша өз ойын жеткізудің тиімді құралы ретінде де ойластырылған. Сонымен қатар, жоба ақпаратпен жұмыс істейтін журналистер, блогшылар, сарапшылар және өзгелер үшін өзекті тақырыптар бойынша сауалнама нәтижелерін, яғни азаматтар пікірін барынша жылдам алып отыруға жол ашады.

Біз көмегіне сүйенетін сауалнамалар барынша жеңілдетілген (мүмкіндігінше аз жауап нұсқалары көрсетілген сұрақтар қойылады), бұл өз кезегінде жоба нәтижелігінің қосымша кепілі болып табылады.

Сауалнама нәтижелері қорытынды баспасөз баяны және инфографика түрінде demos.kz сайтында жарияланады және БАҚ редакцияларына сауалнамадан кейінгі келесі 1-2 күн ішінде таратылады.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросының web-адресі – demos.kz. 

Жобаға Конрад Аденауэр атындағы Қор қолдау білдірді.

 

Жоба туралы қосымша ақпаратты келесі байланыс тұлғаларынан алуға болады:

Әділ Жәлелов – jalilov.adil@gmail.com  +7-7774444344

Дінмұхамед Зиядин – aliziyadin@gmail.com  +7-7024901767, +7 (727)2616669

Серіктестер