Баспасөз баяндары

Зерттеу: Ғаламтор - қазақстандықтар үшін екінші ақпарат көзі

27.04.2015 13:21

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтарының арасында «Ақпарат көздері. Халықтың БАҚ-қа сенімі. Журналистердің қоғамдағы рөлі» тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1771 адам қатысты. Олардың 71%-ы әйелдер және 29%-ы ер азаматтар.

Сұрақ қою әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.

Сауалнама 2015 жылы 19-29 наурыз аралығында жүргізілді.

Стастикалық көрсеткіштердің қателігі 2%-н аспайды.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 40%-ы негізгі ақпарат көзі ретінде интернетті пайдаланады. Отандастарымыздың 48%-ы үшін ең негізгі ақпарат көзі – телеарналар. 7%-ы ақпаратты әуе толқыны радиодан тыңдаса, небәрі 4% респонденттер мерзімді басылымдарды оқиды. Сауалнама жүргізілген барлық аймақты салыстырғанда, ең көп елордамыздың тұрғындары ақпаратты ғаламтордан оқиды екен. Яғни, астаталықтардың 61%-ы ақпаратты ғаламтордан іздейді. Ал, Алматы облысында бұл көрсеткіш 40%-ға тең. Жамбыл облысы тұрғындарының 90%-ы жаңалықтарды телеарнадан тамашалайды. Демек, жамбылдықтар үшін негізгі ақпарат көзі телеарналар болып шықты. Бұл - еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі, нақты айтсақ 58%-ы, ақпаратты мемлекеттік БАҚ-н алғанды дұрыс деп есептейді. 19%-ы мемлекеттік емес, бірақ билікке бағынатын БАҚ-ы таңдаса, бейтарап пікірді ұстанатын тәуелсіз БАҚ-қа басымдық беретін халық 14%-ға тең. Сонымен қатар, шет елдік БАҚ-ң тұтынушылары 6% болса, респонденттердің 3%-ы «БАҚ-ң қай түріне басымдық бересіз?» деген сауалға нақты жауап бере алмады. Сондай-ақ, мемлекеттік медианың ең шағын аудиториясы Алматы облысында (20%) топтасқан. Бұл аймақ тұрғындарының 75%-ы мемлекеттік емес, бірақ билікке бағынатын БАҚ-ы қалайды екен.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтардың көп бөлігі отандық БАҚ тарататын ақпараттарды «сен, бірақ тексер» принципі бойынша қабылдайды. Сауалнамаға қатысушылардың 42%-ы бір ақпаратты бірнеше ақпарат көзінен тексереді екен.  Респонденттердің 36%-ы қазақстандық медиа тарататын ақпараттың объективтілігіне күмән келтірмейді. Ал, 18%-ы  жергілікті ақпарат құралдарына сенбейді.

Қазақстандықтардың 48%-ы журналист мамандығын үлкен құрметпен қабылдайды. Олар журналистер қоғамға әрқашан керек, олар шынайы ақпарат тарататын қадірлі мамандар дейді. 28%-ң пікірінше: журналистер қажет, бірақ олардың кәсібилігі мен этикасы жоғары болуы міндетті. Респонденттердің 19%-ы ғаламтор мен блогинг дамыған қазіргі уақытта журналист мамандығы маңызын жоғалтып бара жатыр дейді.

Ақтөбе облысының тұрғындары (86%) журналист мамандығын аса жоғары бағалайды екен. Ал, Маңғыстау өңірінде бұл көрсеткіш 58%-ға тең болды. Маңғыстаулықтар сандық технология дамыған заманда журналист мамандарға аса зәру емес екен.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы 2012 жылы осы тақырыпта сауалнама жүргізген болатын. Ол кездегі зерттеумен салыстырғанда аса қатты өзгерістер байқалмайды.  Тек негізгі ақпарат көздері өз позицияларын нықтаған. 2012 жылы респонденттердің 35%-ы негізгі ақпарат көзі ретінде телеарна мен радионы таңдаған. Үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 13%-ға өсіп, бүгін 48%-ға жетіп отыр. Соңғы үш жылда еліміздің тұрғындары үшін Ғаламтор сенімді ақпарат көзіне айналып үлгерді. 2012 жылы ғаламтор үлесі 24,4% болса, қазір 40%-ға жеткен.

Серіктестер