Баспасөз баяндары

Қазақстандықтар «Храпуновтар ісін» біржақты қабылдамайды және олардың жемқорлық мәселесіне қатысты көзқарастары да әртүрлі

22.10.2012 00:00

 

Қазақстандықтар «Храпуновтар ісін» біржақты қабылдамайды және олардың жемқорлық мәселесіне қатысты көзқарастары да әртүрлі

 

MediaNet халықаралық журналистика орталығының жанынан құрылған Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы ерлі-зайыпты Храпуновтарға қатысты атышулы іс туралы халықтың пікірін білу мақсатында кезекті сауалнамасын өткізді. Телефон және Интернет арқылы жүргізілген сауалнама Қазақстанның ірі қалаларында тұратын 2091 адамды қамтыды.

Виктор Храпуновқа (Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі, бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі, т. б.) және оның жұбайы Лейлаға қатысты жемқорлық қылмыс бойынша бірнеше қылмыстық іс тергеліп, оларды тұтқындауға рұқсат берілді. Ал Храпуновтар бірнеше жыл бойы Швейцарияда тұрып келеді, Швейцария болса оларды Қазақстанға экстрадициялауды жоспарлап та отырған жоқ. Бұл туралы жақында Қазақстанның Бас прокуратурасы швейцариялық әріптестерімен қажетті келісімдердің жоқтығын алға тарта отырып мәлімдеген болатын.

«Храпуновтар ісінің» резонанстығын, сонымен қатар осы отбасының саяси масштабы мен Виктор Храпуновтың қолы жеткен қызмет лауазымдарын және ең бастысы жалпы жемқорлық мәселесі мен оған деген билік пен қоғамның қарым-қатынасын көрсететін мысалдың бейнелілігін ескере отырып Demoscope бюросы қазақстандықтардан осы жағдайға қатысты пікірін білдіруді сұрады.

Респонденттердің айтарлықтай бөлігі (26,5%) бұл іске рационалдық тұрғыдан сыни көзқараспен қарап, «мұндай соттың мәні жоқ, барлық шенеуніктерді елде жүрген кезінде тексеру керек» деп жауап берді. Негізінен бұл пікірге Оңтүстік Қазақстан облысы (облыс бойынша респонденттердің 58%-ы), Маңғыстау облысы (шамамен 50%), Жамбыл облысы (40%), Ақтөбе облысы (37%), Шығыс Қазақстан облысы және Астана қаласының (35%-дан) тұрғындары тоқтады.

Сауалнамаға қатысқандардың 17%-ы қылмыстық іске қатысты өз күдіктерін білдіріп «тергеуге алынғандар жыраққа кеткен де барып істің қозғалғаны біртүрлі екен» деген пікір білдірді. Осы көзқарастағы қазақстандықтар негізінен Атырау (32%), Қарағанды және Қостанай (25%-дан), сонымен Шығыс Қазақстан (24%) облыстарының тұрғындары болды.

Респонденттердің тек 11,5%-ы ғана істі тиімді сабақ болар мысал ретінде бағалап, «Храпуновтар ісі – барлық шенеуніктер үшін сабақ, осылайша қорқытып алу керек болып тұр» деген көзқараспен келісетіндіктерін танытты. Мұндай жауапты негізінен Қостанай (25%), Солтүстік Қазақстан (23%) және Жамбыл (20%) облыстарының  өкілдері білдірді.

Ал сауалнамаға қатысқандардың тек 3,5%-ы ғана «бұрынғы құзырлы шенеунікті қылмыстық іспен қудалаудың себебі саясатта жатыр» деп санайды. Бұл пікірді Қызылорда (14,5%), Батыс Қазақстан (9%) облыстарының және Алматы (7,7%) қаласының тұрғындары жеткізді.

Респонденттердің басым бөлігі (41,5%) атышулы іске түрлі баға беріп, жауаптың өз нұсқасын беруге тырысты.

Мәселен, қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігі (осы блоктың 47,3%-ы, яғни жалпы респонденттердің бестен бірі) Храпуновтар ісіне баға бере келе жемқорлық қылмысқа қатысты жазаның қатаңдауын қолдайтындықтарын білдірді. Бұл позицияны жақтаушылар не болған күнде де ерлі-зайыпты Храпуновтарды және өзге де шенеуніктерді елге қайтарып, заң аясында барынша қатаң жазалауды немесе осы істен қорытынды шығаруды, мысалы шенеуніктердің шет елге шығуына деген бақылауды күшейтуді ұсынды. Жемқорлыққа қарсы мұндай пікірді Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Атырау облысының тұрғындары жеткізді.

Сауалнамаға қатысқандардың тағы бір бөлігі (44,8%) жемқорлық проблемасын шешімі жоқ дерлік мәселе деп атап, өздерінің сәйкес ұсыныстарын айтты.Олардың арасында «Храпуновтар және басқалар бөлерін бөліп алды да, тайып тұрды»; «жоғары лауазымды шенеуніктердің барлығы дерлік жемқорлар»; «қашқын шенеуніктерді іздеу пайдасыз әрекет, бұл іс те нәтижесіз көзбояушылық»; «Храпуновтарды біздің тергеу органдары қайтарамын десе қайтарып ала алады, бірақ бұл олардың өздеріне керек емес»; «жемқорлық – жүйелік проблема»; «Храпуновтардың ісін жүргізіп отырғандар өздерінен бастасын» деген секілді жауаптар болды. «Реалистер» негізінен Астана, Алматы қалаларында және оңтүстік облыстарда (ОҚО, Жамбыл, Қызылорда) тұратын болып шықты.        

Осы блоктағы халықтың 7,9%-ы бұл жағдайға бей-жай қарайтындықтарын айтты.

 

Жоба туралы:

DEMOSCOPE әлеуметтік институттың классикалық мағынасындағы мысалы болып табылмайды және күрделі коннотациялар мен әлеуметтік портреттерді талдауға тырыспайды. Жобаның мақсаты – экспресс-режимде қоғамның қандай да бір мәселеге байланысты ой-пікірін анықтау.

DEMOSCOPE Қазақстан азаматтарының өзекті тақырыптар бойынша пікірін аз уақыт аралығында анықтауға бағытталған және араға 7-15 күн салып телефон (Қазақстан Республикасының барлық ірі елдімекендерін қамтиды) және Интернет арқылы жүргізіліп отырылады.  

Сауалнама тақырыптары БАҚ пен әлеуметтік желілерге жүргізілетін мониторинг негізінде қалыптасады, өзекті және ең үлкен резонанс туғызған тақырыптар таңдалынып алынады. Алайда demos.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі сәйкес парақшаларда қолданушылардың өздері қалаған тақырыптар бойынша бастама көтеруіне мүмкіндігі бар.

DEMOSCOPE тек пікір анықтау құралы ретінде ғана емес, сондай-ақ азаматтарға маңызды сұрақтар және проблемалар бойынша өз ойын жеткізудің тиімді құралы ретінде де ойластырылған. Сонымен қатар, жоба ақпаратпен жұмыс істейтін журналистер, блогшылар, сарапшылар және өзгелер үшін өзекті тақырыптар бойынша сауалнама нәтижелерін, яғни азаматтар пікірін барынша жылдам алып отыруға жол ашады.

Біз көмегіне сүйенетін сауалнамалар барынша жеңілдетілген (мүмкіндігінше аз жауап нұсқалары көрсетілген сұрақтар қойылады), бұл өз кезегінде жоба нәтижелігінің қосымша кепілі болып табылады.

Сауалнама нәтижелері қорытынды баспасөз баяны және инфографика түрінде demos.kz сайтында жарияланады және БАҚ редакцияларына сауалнамадан кейінгі келесі 1-2 күн ішінде таратылады.

Жобаға Конрад Аденауэр атындағы Қор қолдау білдірді.

 

Жоба туралы қосымша ақпаратты келесі байланыс тұлғаларынан алуға болады:

Әділ Жәлелов – jalilov.adil@gmail.com  +7-7774444344

Дінмұхамед Зиядин – aliziyadin@gmail.com  +7-7024901767, +7 (727)2616669

Серіктестер