Баспасөз баяндары

Тіл мәселесін шешу үшін қазақстандықтар жер-жерде қазақ тілінің тегін курстарын ашуды және оқытуды балабақшадан бастауды ұсынады

19.11.2012 00:00

MediaNet халықаралық журналистика орталығының жанынан құрылған DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстандағы мемлекеттік тілдің дамуы мәселесіне байланысты кезекті сауалнамасын өткізді.

Респонденттерге халықтың қазақ тілін баяу үйренуіне қандай себептердің кедергі болып отырғанын атау және осы проблеманы шешу жолдарына қатысты өз пікірін білдіру ұсынылды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің MediaNet халықаралық журналистика орталығына ұсынған ресми мәліметтеріне сәйкес, мемлекеттік тілді дамытуға 2011 жылы тек республикалық бюджеттен ғана 4,2 миллиард, ал 2012 жылы 2,5 миллиард теңге бөлінген. Алайда, игерілуге тиіс қаржыға қарамастан, халықтың мемлекеттік тілді игеру деңгейі көңіл көншітпейтіні белгілі.  

Сауалнама аясында қазақстандықтар мұндай жағдайдың басты себептерінің бірі ретінде қазақ тілін білмейтін халық бөлігінің «оны үйренуге құлықсыздығын» атады (35%). Мұндай жауап нұсқасын Солтүстік Қазақстан (СҚО) (облыс бойынша сауалнамаға қатысқандардың 69%-ы), Қызылорда (58%), Атырау (52%), Шығыс Қазақстан (ШҚО) (50%), Жамбыл (50%) және Павлодар (48%) облыстары тұрғындарының басым бөлігі таңдады. Ең төмен көрсеткішті Қостанай (10%), Маңғыстау (23,5%) облыстары және Алматы қаласы (18,5%) тұрғындары көрсетті.

Ел халқының төрттен бірі «тілге бөлінетін қаржының айтарлықтай бөлігі «желініп» кететін сияқты» деген нұсқаны хош көрген. «Қылмыстық сипаты» бар бұл жауапты Қостанай (облыс бойынша сауалнамаға қатысқандардың 40%-ы), Оңтүстік Қазақстан (ОҚО) (31%), Маңғыстау (29,5%) облыстарының және Астана (33%) мен Алматы (30%) қалаларының респонденттері таңдады.

Сауалнамаға қатысқандардың 20%-ы «Қазақ тілін оқыту жүйесі мен әдістемесі ескірді, жаңартуды қажет етеді, яғни бюджет қаржысы өзектілігін жойған мақсатқа жұмсалуда» деген жауап нұсқасын таңдады. Мұндай пікірге негізінен Қарағанды (40%), Ақтөбе (32%) облыстарының және ОҚО (31%) тұрғындары тоқтады.

Қазақ тілін игеру барысында туындайтын кедергілердің қатарында респонденттер түрлі тегін курстардың, ұйымдар жанынан ашылған ақысыз оқыту орталықтарының жоқтығын немесе жеткіліксіздігін, оқу және әдістемелік құралдардың қымбаттығын, терминологияның қиындығын, кәсіби оқытушылар мен сапалы әдістеменің жетімсіздігін, мектеп бағдарламасының жиі өзгеретіндігін, оқыту жүйесін балабақшадан бастап біртіндеп енгізу қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандар мемлекеттік тілді білмейтіндердің айтарлықтай бөлігін зейнеткерлер құрайтынын, ал олар жастар секілді тілді тез игере қоймайтынын жеткізді.

Осы мәселені қалай шешуге болады деген сұраққа жауап беру барысында, респонденттердің 18,5%-ы қазір қолда бар қазақ тілін оқытуға қатысты барлық әдістемелерді тексеріп, ең нәтижелі дегендерін қалдыру керектігі туралы пікір білдірді. Мұндай жауап нұсқасын негізінен Атырау (облыс бойынша сауалнамаға қатысқандардың 28%-ы), Ақтөбе (25%), Павлодар (24%) облыстарының, СҚО (26,5%) және ШҚО (23,5%) тұрғындары таңдады.

«Осы саладағы бақылауды күшейту керек, соңғы жылдары бөлінген қаржының нақты қалай игерілгенін тексеру қажет» деген көзқарасты респонденттердің жалпы санының 17%-ы ұстанып отыр. Олардың ішінде ОҚО (облыс бойынша сауалнамаға қатысқандардың 40%-ы), Қызылорда (28,5%), Жамбыл (25%) облыстарының және Астана қаласының (25%) тұрғындары жоғары көрсеткіштер көрсетті.

Сауалнамаға қатысқандардың жалпы санының 11%-ы «халыққа тіл үйретуде оң нәтиже көрсеткен әлемдік тәжірибені зерттеп, Қазақстанға енгізу қажет» деп санайды. Бұл ұстанымды бірінші кезекте Қостанай облысы (33,5%) мен Алматы қаласының (21,5%) тұрғындары белсенді түрде қолдауда.

Сонымен қатар, Қостанай облысы тұрғындарының 22%-ы «тілдің дамуына бөлінетін қаржыға қатысты қоғамдық бақылау жүйесін енгізу керек» деген жауап нұсқасын таңдаған. Алайда, жалпы ел бойынша мұндай пікірге тоқтаған азаматтар саны тек 7,5% ғана.

Бұдан бөлек сауалнама аясында респонденттер тарапынан тіл мәселесін шешудің түрлі жолдары айтылды. Олардың арасында ең көп аталғандар қатарында келесі ұсыныстар бар: жер-жерде тегін және барынша қолжетімді қазақ тілін оқыту курстарын ашу (77%), оқыту әдістемесін жақсарту (59%) (жекелеп алғанда бірыңғай оқыту жүйесінің, терминологияның жоқтығы,бір сөзді түрлі оқытушылардың әртүрлі аударуы секілді мәселелерге қатысты көңіл толмаушылық болды), балаларға арналған мекемелерде қазақ тілін қарқынды түрде оқыту. Сонымен қатар, респонденттердің айтарлықтай бөлігі (58,5%) мемлекеттік тілді енгізу барысында агрессилық-табанды тактикадан лояльды, кезең-кезеңмен бірте-бірте енгізу әдісіне көшуді ұсынып, «тіл үйренуге деген құштарлықтың бар екендігін, алайда ортақ жүйенің жоқтығын және сол құштарлықты кері итермеу керектігін» атап өтті. Осыған қоса егде адамдардың тілді білуіне қойылатын талаптарды төмендету туралы да ұсыныстар айтылды.

Сауалнамаға қатысқандардың бір бөлігі (21%) керісінше мәселені шешудің радикалды жолдарын жеткізді, олардың қатарында материалдық сипаты бар (айыппұл/сыйақы) ұсыныстардан бастап жұмыстан шығару, тіпті депортация туралы пікірлер де бар.  

Жалпы алғанда сауалнама респонденттердің айрықша қызығушылығына ие болды: сауалнамаға қатысқандардың жартысы дерлік (46%) мәселені шешуге қатысты өз пікірлерін жеткізді.

Телефон және Интернет арқылы жүргізілген сауалнама Қазақстанның ірі қалаларында тұратын 2091 адамды қамтыды. Сауалнама респонденттің қалауына байланысты қазақ және орыс тілдерінде жүрді.

 

Жоба туралы:

DEMOSCOPE әлеуметтік институттың классикалық мағынасындағы мысалы болып табылмайды және күрделі коннотациялар мен әлеуметтік портреттерді талдауға тырыспайды. Жобаның мақсаты – экспресс-режимде қоғамның қандай да бір мәселеге байланысты ой-пікірін анықтау.

DEMOSCOPE Қазақстан азаматтарының өзекті тақырыптар бойынша пікірін аз уақыт аралығында анықтауға бағытталған және араға 7-15 күн салып телефон (Қазақстан Республикасының барлық ірі елдімекендерін қамтиды) және Интернет арқылы жүргізіліп отырылады. 

Сауалнама тақырыптары БАҚ пен әлеуметтік желілерге жүргізілетін мониторинг негізінде қалыптасады, өзекті және ең үлкен резонанс туғызған тақырыптар таңдалынып алынады. Алайда demos.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі сәйкес парақшаларда қолданушылардың өздері қалаған тақырыптар бойынша бастама көтеруіне мүмкіндігі бар.

DEMOSCOPE тек пікір анықтау құралы ретінде ғана емес, сондай-ақ азаматтарға маңызды сұрақтар және проблемалар бойынша өз ойын жеткізудің тиімді құралы ретінде де ойластырылған.

Сауалнама нәтижелері қорытынды баспасөз баяны және инфографика түрінде demos.kz сайтында жарияланады және БАҚ редакцияларына сауалнамадан кейінгі келесі 1-2 күн ішінде таратылады.

Жобаға Конрад Аденауэр атындағы Қор қолдау білдірді.

 

Жоба туралы қосымша ақпаратты келесі байланыс тұлғаларынан алуға болады:

Әділ Жәлелов – jalilov.adil@gmail.com  +7-7774444344

Дінмұхамед Зиядин – aliziyadin@gmail.com  +7-7024901767, +7 (727)2616669

Серіктестер