Баспасөз баяндары

Қазақстандықтар бейбіт митингілердің күшіне сенгенімен, биліктің келісімінсіз өткізуге болмайды дейді

03.10.2019 00:00

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстанда бейбіт митинг өткізу құқығы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сұрақтарға 26-29 қыркүйек  аралығында Қазақстандағы 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 1100 адам жауап берді. Зерттеу барысында стационарлық нөмерлерге қоңырау шалынды. Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Қатысушылардың 47%-ы ер азаматтар, 53%-ы әйелдер. Қатысушылардың барлығы 18 жастан асқан. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды. 

 

2019 жыл Қазақстан үшін тарихи жыл болды. Нұрсұлтан Назарбаев ел президенті қызметінен кетті, одан соң елорда атауы Елбасының атына өзгертілді. Билік транзиті  жаппай қарсылық шаралары мен әлеуметтік желілердегі сынның өршуімен өрбіді. Сонымен қатар, біздің қоғамда бұрын-cоңды байқалмай келген электоралды және саяси белсенділік күшейе түсті.  Билік те қарап қалмады, олар да қарсылыққа қатты төтеп берді.

Бұл оқиғаларды әрқалай түсіндіруге болады.  Бір жағынан сырттан келген күштердің іріткі салуы, арандатуы десек, екінші жағынан экономикалық, саяси, әлеуметтік секілді бірқатар қоғамның ішкі проблемаларына негізделген объективті алғышарттар тағы бар.

Азаматтардың бірнеше жыл бойы жиналған ашу-ызасы да бекер емес. Оның астарына үңіліп, себебін анықтау үшін сарапшылардың пікіріне ғана жүгінген дұрыс емес. Ол үшін халықтың пікірін де тыңдау керек. Соның ішінде, қоғамның жаппай бейбіт қарсылық шараларына деген көзқарасына құлақ түрген жөн.

Мемлекеттік ортада наразылық акциялары бірден негативті қабылданады. Дегенмен соңғы уақытта биліктің бейбіт  жиындар өткізу құқығына деген көзқарасы өзгеріп келеді,  Президент жаңа жолдауында бұл мәселеге де тоқталды. Ол азаматтардың бейбіт жиын өткізуге құқылы екендігіне, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру керектігін атап өтті:

Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. 

Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс.

Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады.

Азаматтардың пікірін зерттеу, олардың бейбіт жиындар туралы ойлары мен түсініктерін білу, белсенділерді қамауға алу және қарсылық шараларының пайдасы туралы көзқарастарын сұрау да бүгінгі күні өзекті міндеттердің бірі.

Demoscope бюросы қазақстандықтардың бейбіт жиындарға деген көзқарасын білу үшін халық арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысына сәйкес,  43% респонденттер митинг өткізуді дұрыс деп санайды, 16% митингке шығуға қарсы. 41% бұл сұраққа келгенде нақты бір шешімге әлі келмеген екен. Олар өздерінің қауіпсіздігі үшін де ойын ашып айта алмады деп топшылауға болады. Дегенмен бейбіт жиын өткізуді азаматтың құқығы ретінде яки құбылыс ретінде қабылдайтын респонденттер баршылық.

Бұл мәселеде қоғамның бейбіт жиындар қандай мақсатта, неліктен өткізілетінін, яғни оның нәтижелігі мен мақсатқа сәйкестігін қаншалықты ұғынатынын білген маңызды. Басқаша айтқанда, пассив қоғамда «бейбіт митингілер елдегі жағдайды жақсарта ала ма?» деген сұраққа респонденттердің басым бөлігі митингілер пайдасыз және/немесе деструктивті деген сыңайда жауап берер еді.

Сауалнама қатысушыларының 46%-ы халықтың жан-айқайын биліктің құлағына осы арқылы жеткізуге болады деп санайды. Олар бейбіт жиындар мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдерге және оқиғаларға ықпал етуге қауқарлы деген сенімде.

40% респонденттер бұл пікірмен келіспейді, олар митингилер, керісінше, халықтың берекесін кетіреді дейді. Қалған қатысушылар бұл сұраққа жауап бермеді.

Бейбіт жиынға қатысу құқығы әр адамның негізгі құқықтарына жататын болғандықтан, белсенді азаматтар бейбіт жиындарды өткізу бойынша талаптарда рұқсат алу сипатынан ескерту сипатына өзгерту керектігін ұсынды. Яғни, олар бейбір жиындар биліктің келісімінсіз өтуі керек деп санайды.    

Дегенмен, қоғамның санасы мұндай өзгеріске дайын емес секілді. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73%-ы «митинг өткізу үшін биліктен рұқсат алу керек» деп жауап берді. Небәрі 17% респондент бұл пікірмен келіспейді, олар бейбіт шеруді өткізу биліктің келісімінсіз жүзеге асу керек дейді. Десе де қазақстандықтар дамыған демократия жағдайында өмір сүрмегендіктен, сонымен қатар халықтың халықаралық құқық саласындағы стандарттармен таныс емес екендіктерін ескеретін болсақ, мұндай көрсеткіштердің болуы заңды. 

Қоғамдық тәртіпті бұзбаған митинг қатысушыларын қамауға алудың қаншалықты қисынға келетіні туралы ойларын да білмекші болдық. Әрине, қатысушылар жапа шеккен азаматтарға тілектестіктерін білдіреді. Сауалнама қатысушыларының 58%-ы белсенділерді  ұстап, қамауға алу заңсыз деп санайды. 24% респонденттер билік әрекетін құп көреді, олар митинг қатысушылары қоғамдық тәртіпті бұзады деп санайды.

Митингке шыққандарды қамауға алуды дұрыс емес деп есептейтін халық Атырау облысында көп (78%), ал ең азы Түркістан мен Қарағанды облыстарының тұрғындары арасында (47%) байқалды.

Сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтар жалпы бейбіт митинг өткізуге деген көзқарастары дұрыс және қоғамдық акциялар арқылы елдегі жағдайды жақсартуға болады деп сенеді. Бірақ митинг өткізу үшін биліктің келісімін алу туралы мәселеге келгенде әлі де батылдық таныта алмай отыр. Десе де, олар қатысушыларды жаппай ұстап алып кетіп, қамауға алуды дұрыс емес дейді.

Бейбіт наразылық шараларын құбылыс ретінде қабылдауға елде болған саяси пассивті онжылдық, кеңес кезеңі, сонымен қатар мемлекеттік насихат та әсер етпей қоймады. Дегенмен де  наразылықты азаматтардың заңды түрде өз еркін білдіру ретінде қабылдау енді қалыптасып келе жатыр, ең бастысы азаматтар оның нәтиже беретініне сеніп келе жатыр.

Телефон арқылы сұхбатты ТОО «КТ CloudLab» байланыс орталығы жүргізді.

_______________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижелері респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді. Сауалнама мәліметтері Exсel форматында сұраным білдірген жағдайда берілуі мүмкін. Қосымша ақпарат алу үшін: +7(727) 292-20-46.

 

Серіктестер