Баспасөз баяндары

Сауалнама: 20% қазақстандықтар коронавируспен ауырдық дейді

17.08.2020 00:00

Азаматтардың жартысынан көбі карантин кезінде дәрі-дәрмек таба алмай, медициналық көмекке жүгіне алмай біраз сергелдеңге түсті. 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандағы коронавирус пандемиясы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 2020 жылы 4-11 тамыз аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53%-ы ер азаматтар, 47%-ы әйелдер. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

Қазақстанда 19 наурызда қатаң карантин шаралары енгізіліп, төтенше жағдай режимі жарияланды. Бастапқы кезеңде жасалып жатқан алдын-алу шаралары нәтиже беріп жатқандай көрінген. Дегенмен бірінші локдаун тоқтатылған соң, елімізде вирусты жұқтырғандар саны күрт артты. Мұндай сценарийге біздің денсаулық сақтау жүйесі дайын болмай шықты. Стационардағы медицина қызметкерлері толассыз келіп жатқан науқастарды қабылдап үлгере алмады. Сонымен қатар, науқастың өмірін құтқара алатын ең қажетті медикаменттер тапшылығы басталды. 

Мұндай жағдайда билік вирусты жұқтырғандар саны секілді маңызды ақпаратты ашық айтуға дайын болуы керек. Сенімді ақпарат – вирустың таралуымен күрестің маңызды факторларының бірі. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының дерегінше, қазақстандықтардың үштен бірі коронавирус туралы ресми статистикаға сенбейді. Олар билік ауруды жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санын азайтып көрсетіп отыр дейді. Керісінше, респонденттердің жартысы COVID-19 туралы ресми дерекке сенеді. 

DEMOSCOPE сауалнамасының қорытындысына сәйкес, 20% респонденттердің сөзінше, олардың өздері немесе бірге тұратын жақындары коронавируспен ауырған.  Ресми деректер бойынша Қазақстанда COVID-19 ауырған 100 000 адам тіркелген. Ал, ресми ақпарат бойынша қайтыс болғандар саны 1269 (Естеріңізге сала кетейік, коронавирустан қайтыс болғандардың тізімін қайта тексеріп, жариялау үшін Umytpa.kz жобасы аясында жеті БАҚ бірге жұмыс жасап жатыр).

Қатысушылардың 32%-ы  карантин дәрі-дәрмек таба алмай немесе медициналық көмекке жүгіне алмаған. Төрттен бірінде аздап қиындықтар болған. Сауалнама қатысушыларының 47%-ы дәрі-дәрмек таба алмай қиналған екен. 

2020 жылдың наурызынан бастап DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы пандемия кезіндегі мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау үшін үш рет сауалнама өткізді. Халықтың эпидемия басталған кездегі және қазіргі ойларын салыстырар болсақ, мемлекеттік органдардың жұмысын өте жоғары деп бағалаған қазақстандықтар екі есе азайған, 2020 жылдың наурыз-тамыз аралығында 33% -дан 14%-ға өзгерген. 

 

2020 жылы наурызда өткізілген сауалнама деректері

2020 жылы тамызда өткізілген сауалнама деректері

Demoscope бюросының тамызда өткізген зерттеуіне сүйенсек, қазақстандықтардың жартысына жуығы (45%) биліктің жұмысын орташа деп бағалаған. Олар біршама мәселелер шешілмеді дейді. Респонденттердің үштен бірі биліктің омақаса құлағанын айтып, мемлекеттік жүйе мұндай жағдайларға дайын емес деген қорытынды жасаған. Тек 14% биліктің пандемия кезіндегі жұмысына «өте жақсы» деген баға берді.

Сауалнама барысында «Үкімет дәл қазір неге жіті назар аударуы керек деп ойлайсыз?» деген сауал қойылды. Қатысушылардың үштен бірі  (37%) ең басты міндет– вирусты жұқтыру деңгейін төмендету дейді. 26%  экономикалық проблемаларды шешу керек дейді. Яғни, ең алдымен жұмыссыздықты төмендету, бизнес пен халыққа көмек беру керек дейді олар.  Бұрынғыдай емін-еркін байланысты, қамсыз күндерді қалпына келтіруді (16%) қалағандар мектептегі және университеттегі сапалы білімді арттыру керек (11%) деп пікір білдіргендер санынан асып түсті. 

Пандемия кезінде азаматтардың экономикалық әл-ауқаты да маңызды көрсеткіштерге жатады. Қазақстандықтардың жартысы пандемиямен байланысты туындаған экономикалық дағдарыстың зардабын тартып отыр, олардың табыстары азайған. Қазақстандықтардың үштен бірінің табысы қатты төмендеген. Ал, 25% қатысушы табысым аздап азайды дейді. 

Халықтың карантинге көзқарасы карантин шараларының сақталуына әсер етеді. 17% азаматтар ғана қатаң шектеу шараларын қолдайды. Наурызда жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес қатаң шектеу шараларын 28% қолдаған. Ал, маусымда тек 12% респондент қатаң шектеу шараларын енгізген дұрыс деген болатын. 63% карантинге түсіністікпен қарайды. Дегенмен де олар мемлекет жұмыссыз қалған адамдарға көмектесуі керек деп санайды. 17%  карантинге үзілді-кесілді қарсы.

Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, карантин басталғалы қазақстандықтардың билікке деген сенімі төмендеген. Оған биліктің статистикалық көрсеткіштерді төмендетуге бағытталған шешімдері әсер еткен болуы керек. Халықтың басым бөлігі карантин шараларына түсіністікпен қарайды. Сонымен қатар, үкіметтің қазіргі уақытта ең басты міндеті жағдайды тұрақтандыру және халыққа нақты көмек көрсету дейді олар.  

Телефон арқылы сауалнаманы «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы жүргізді. 

______________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижелері респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан ала аласыз: tsoysnejana@gmail.com.

Осы тақырыптағы өзге материалдар:
Серіктестер