Мақалалар

Медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының мәні

08.10.2019 00:00

2019 жылы Физиология және медицина салалары бойынша Нобель сыйлығын Балтимордағы Джонс Хопкинс университетінің ғалымы Грегг Семенец, Бостондағы Дана-Фарбер Қатерлі ісік Институтының ғалымы Уильям Келин және олардың британдық әріптесі Оксфорд университетінен Питер Ратклиф иемденді.

Нобель комитетінің мәлімдемесінде: «бұл сыйлық «жасушалар  оттегі жеткілікті болғанда өзгерістерді сезінетін және бейімделетін тетіктерді ашқаны үшін» берілді.

Ғалымдар зерттеулерін бір-бірінен тәуелсіз бөлек жүргізген.  Бірақ зерттеу нәтижесі бір түйін шығаруға алып келген.  «Анемия, қатерлі ісік және басқа да аурулармен күресудің жаңа жолдарын ойлап табуға жол көрсетеді» делінген хабарламада.

Жасушаларды қажетті қанмен қамтамасыз ету, зат алмасудың дұрыс жүруі және энергия мөлшері ағзадағы оттегінің деңгейіне байланысты. Оны митохондрия (олар барлық тірі жасушаларда кездеседі) ағзаға түскен тағаммен, оттегімен кірген қоректік заттардан түзеді.

Сонымен қатар, жасушаларға жететін оттегінің мөлшері өзгеріп отырады.  Ол көптеген факторларға байланысты төмендеп кетуі немесе жоғарылауы мүмкні. Оған тыныс алу қарқындылығы,  ауа, гормоналды шығарындылар мен түрлі аурулар әсер ету мүмкін. 

Кез келген адамның басында болатын жағдай – қан тамырлардың қысылуы немесе тарылуы. Ол тар киімнен немесе жгут қолданғаннан болуы мүмкін.

Ағзаға оттегі жетпеген кезде адам ағзасы оған бейімделуге мәжбүр болады, яғни оттегіні үнемдеу үшін немесе оның орнын толтыру үшін механизмдері қосады.

Бірақ бұл үшін ең алдымен, жасушалар арнайы механизмнің көмегімен оттегі жетіспейтінін сезінуі керек.  Мұның сырын ғалымдар әлі де түсінбей келеді.

Бұл механизмнің бұзылуының салдары өте ауыр. Оттегінің ұзақ уақыт бойы жетпеуінен тіндер қалпына келместей болып өзгереді.

Әсіресе, жүрек, бауыр, бүйрек және орталық жүйке жүйесі оттегі жетіспеушілігінің зардабын бірінші болып тартады.

 

Қатерлі ісіктің оған қандай қатысы бар?

Ағзадағы оттегі деңгейі арнайы рецепторлармен бақыланып отырады. Оттегі жеткіліксіз болған кезде миға тыныс алу жиілігін реттейтін сигналдар жібереді. Сондықтан, біз тез жүргенде т.б. жиі дем ала бастаймыз.

Ғалымдар гипоксияда эритропоэтин гормонының шығатынын өткен ғасырдың басында анықтаған. Ол бүйректе болады және оттегінің молекулаларын тасымалдайтын қызыл қан жасушалары, эритроциттердің түзілуіне алып келеді. Дегенмен бұл реакцияға қандай механизм қатысатыны әлі күнге дейін жұмбақ.

Грегг Семенец тышқандарға тәжірибе жүргізгеннен кейін, оттегінің жетіспеуі эритропоэтин өндіруге жауап беретін ДНҚ бөлімдеріне әсер ететінін анықтады.

Сэр Питер Рэтклиф  те бұл құбылысты зерттеді. Екеуі де жасушаларға оттегінің жетіспеушілігін сезінуге мүмкіндік беретін механизм  бүйректе ғана емес, барлық тіндерде жұмыс жасайтындығын анықтады.

Семенец HIF деп аталатын ақуыздар кешенін, «гипоксия тудыратын фактор», тапты.  Ол ДНҚ-мен байланысады және эритропоэтиннің бөлінуін тежейді немесе қоздырады.

 

Реакция неге байланысты?

Бұл сұраққа онколог Уильям Келин көмектесті.  Ол сирек кездесетін генетикалық ауруды, Гиппель-Линдау ауруын, зерттеді. Бұл дерт қатерлі ісік қаупін арттырады.

Процесс барысында ол мұның VHL гені жұмысындағы ақаулыққа байланысты екенін анықтады. Сонымен қатар зақымдалған гені бар рак клеткалары оттегінің жетіспеушілігіне өте әлсіз жауап берді, бірақ сау VHL енгізілген кезде реакция қалыпты күйге оралды.

Сонымен, VHL HIF ақуыздар кешенінің бір компонентінің бұзылуына жауап беретіні, оның формасын оттегіге байланысты өзгеретіні белгілі болды. Бұл ДНҚ экспрессиясының өзгеруіне әкеледі.

Осылайша, жасушалар оттегінің жетіспеушілігін «сезінеді» және зат алмасу жылдамдығына байланысты бұның орнын толтырады.

Егер гипоксия ұзақ уақытқа жалғасса, ағза жаңа қан тамырларын түзіп және эритроциттерді белсенді бөле бастайды. Осылайша оттегінің тапшылығына жауап береді.

Алайда бұл механизм агрессивті қатерлі ісікті өршітіп жіберуі мүмкін. Егер оны тоқтатса, өсуін баяулатуға немесе тіпті толығымен тоқтатуға болады. Сондықтан Келиннің, Ратклифтің және Семенецтің ашқан жаңалығын онкологияда кеңінен қолдануға болады.

Дереккөз: https://www.bbc.com/russian/features-49960819

 

Ілмектер:
Мақалалар
682
05.12.2019 00:00
Баспасөз баяндары
62
Серіктестер