Қазақстандықтардың үштен бірі сайлаудан кейін ел өмірінде өзгерістер болғанын қалайды, ол қазіргі тұрақтылықтан да маңызды дейді олар

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында  «Қазақстандағы президент сайлауы 2019» тақырыбында сауалнама жүргізді.

5-8 шілде аралығында Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 1100 адам сұрақтарға жауап берді.  Зерттеу барысында стационарлық нөмерлерге қоңырау шалынды. Респонденттер аймақтық стратификациялық квоталық іріктеу әдісімен таңдалды. Бақыланатын параметр ретінде елді-мекеннің типі (қала-ауыл), респонденттердің жасы мен жынысы белгіленді. Сонымен қатар, сауалнама қатысушыларының этникалық белгілері бойынша деректер қайтадан іріктеліп, сарапталды. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды. 

Қатысушылар Қазақстан бойынша стационарлы телефон нөмірлерінің абоненттік қоры бойынша іріктеліп алынды. Әр облыс немесе республикалық маңызы бар қала үшін нөмірлер қоры жүктелді. Соның арасынан кездейсоқ таңдалған нөмерге қоңырау шалынды. Жалпы базаға 72 мың телефон нөмірі жүктелген болатын. Нәтижесінде 176 елді-мекен тұрғындары қамтылды. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде өтті. Қазақстан Республикасының 18-ден асқан ересек халқы іріктелді.

Кезектен тыс президент сайлауы қоғамдық резонанс тудырған айтулы оқиға болды. Ресми ақпаратқа сәйкес, сайлаушылардың 70%-дан көп дауысын жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Сайлау нәтижелерімен келіспейтін жұрт митингілерге шығып, сайлау қорытындысының заңсыз екенін мойындауды талап етті. Demoscope бюросы қазақстандықтардың сайлаудан кейінгі ой-пікірлерін сұрастырды.

Қазақстандықтардың көпшілігі елдегі саяси оқиғаларға назарын тіктеп, қалтқысыз қадағалап отыр.  49% сауалнама қатысушысы саяси хабарларға анда-санда көз салса,  үштен бірі мүлт жібермей бақылап отыр. Халықтың бестен бірі ғана елде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарайды екен.

Зерттеу барысында сауалнама қатысушылары екі топқа бөлінді.

1 топ – респонденттердің 67%-ы, олар – ҚР Президенті сайлауына қатыстым деп жауап бергендер.

Оларға төмендегі сауалдар қойылды:

қай үміткерге дауыс бердіңіз?

Сауалнама қатысушыларының 59,5%-ы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бердім деп жауап берді. 25% қатысушылар бұл ақпараттың құпия болып қалғанын қалап, жауап беруден бас тартты.

Әміржан Қосановқа сауалнама қатысушыларының 13%-ы дауыс берген. Бірінші әйел үміткер Дәния Еспаеваны жақтағандар – 1%.

Сауалнама қорытындысын қатысушылардың ұлтына қарай талдап көрсек, Қосановқа көпшілігінде қазақтар дауыс берген – 18%, 2% орыстар және 1% өзге ұлт өкілдері. Тоқаевқа дауыс бергендердің көбі – өзге ұлт өкілдері (74%), одан кейін орыстар – 72% және қазақтар – 54%. Бұл жағдай ұлт аралық келісім мәселесіне келгенде Елбасының жолын жалғаймын деген сайлау алдындағы сөзімен байланысты болса керек.

Сауалнама барысында қатысушылардан сайлауға барып, дауыс беруінің ең түпкі себебін де сұрадық.

Басым бөлігі, 62%-ы сайлауға қатысуды «азаматтық борышым» деп санайды екен. Төрттен бірі «өз» үміткеріне қолдау білдіру үшін мақсатты түрде дауыс беруге барған. 4%  «Менің даусымды басқалардың пайдаланып кетпеуі үшін» деген жауапты таңдаса, 3% қатысушылар «жұмыста немесе оқу орнында баруымызды өтінді» деп жауап берді.

2 топ – сайлауға қатыспағандар, олар қатысушылардың үштен бір бөлігін құрайды.

Олардың жартысына жуығы жеке тірліктеріне байланысты дауыс беруге бара алмаған (уақыт болмады, сыртта жүрдім т.б.). 13% «Менің дауысым ештеңені шешпейді, сайлауға барудың еш мәнісі жоқ деп ойлаймын» деп жауап берді. 4% репонденттер өзін дауыс берушілер тізімінен таба алмаған. 4% қандай да бір ішкі қағидаларына байланысты сайлауға қатыспайды екен.

Сайлау қорытындысына «толықтай сенемін» және «сенетін сияқтымын» деп жауап берген қатысушыларды қосқанда – 64%. 28% қатысушылар бұл тұжырымға қарсы: 17% «мүлде сенбеймін» десе, 11% «сенбейтін сияқтымын» деді. Ер азаматтармен салыстырғанда, әйелдер сайлаудың әділ өткеніне көбірек сенеді екен. (68% әйелдер, 60% ер азаматтар).

Қазақстандықтардың жартысы жалпы айтқанда сайлауға сенеді және президент сайлауында өрескел құқық бұзушылықтар болмады, сайлау әділ өтті деп топшылап отыр. Ал, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі мұнымен келіспейді. Олардың пікірінше,  «көптеген заңбұзушылыққа жол берілген әділетсіз сайлау болды».

Дегенмен, респонденттердің жартысы (53%) Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейін елдегі жағдай жақсарады деп үмітті. Үштен бірінің (28%) болжамынша, барлығы сол қалпында қалады. Ал, 3%-ң көңілінде күмән бар, олар елдің жағдайы нашарлайды дейді.

Сауалнаманы қорытындыласақ, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін елдегі тұрақтылық аса маңызды. Азаматтардың үштен бірі (33%) биліктен оң өзгерістер күтеді.

Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қатысты айтсақ, 18-24 аралығындағы жастар арасында наразылық нышандары байқалады. Басқа топтарға қарағанда, осы жастар өзгерістердің болғанын қатты қалайды (48%). Ересек топтардың бірі, 55 пен 64 жас арасындағы қатысушылар, елдегі тұрақтылық маңызды дейді.

Зерттеудің әдіснамасы мен  инструментарийін әлеуметтанушы Серік Бейсембаев құрастырды. Ал, телефонмен сұхбатты жүргізген – ТОО «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы.

_______________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.

Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағына орай мұндай сұрау салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар тек заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар еткен жағдайда жүргізуге құқылы.

Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижелері респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді. Сауалнама мәліметтері Exсel форматында сұраным білдірген жағдайда берілуі мүмкін.

Қосымша ақпарат алу үшін: +7(727) 292-20-46

Қазақстандағы президент сайлауы 2019

Қазақстандықтар бейбіт митингілердің күшіне сенгенімен, биліктің келісімінсіз өткізуге болмайды дейді