Қазақстандықтардың 41,5%-ы мемлекеттік сатып алу туралы ақпарат жеткілікті деңгейде ашық емес деп санайды
2025 жылғы 11–22 қыркүйек аралығында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу саласына көзқарас» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан үкіметі бюджет шығындарын оңтайландыру мақсатында бірқатар реформаны қолға алды. Атап айтқанда, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енді, жаңа заң тендер өткізу тәртібін жақсартуға, сатып алатын тауар мен қызмет сапасын көтеруге, сонымен бірге отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Алайда DEMOSCOPE сауалнамасының қорытындысы қазақстандықтар мұндай ақпараттың ашықтығын төмен бағалайтынын көрсетті. Мәселен, қазақстандықтардың 41,5%-ы Қазақстанда мемлекеттік сатып алу туралы ақпарат жеткілікті дәрежеде ашық емес деп санайды. Оның ішінде 22,8%-ы ашық емес шығар десе, 18,7%-ы мүлдем ашық емес дейді. Респонденттердің 10,2%-ы ғана мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі ақпарат толыққанды ашық десе, 20,9%-ы ашық шығар деп жауап берген. Ал 15,3%-ына бәрібір, себебі бұл тақырып қызықтырмайды.
Респонденттерден мемлекеттік сатып алу жүйесінен тауар немесе қызмет алумен байланысты мейлінше өзекті мәселелерді атап беруді сұрағанда, олардың 31,9%-ы негізгі мәселе – жемқорлық және «өз» мердігеріңді таңдау деп көрсеткен. Бұдан әрі кері рейтингте қоғамдық бақылаудың жеткіліксіз болуы (22,3%), әлеуетті қатысушыларға арналған ақпараттың жеткілікті болмауы (18,1%) тұр. Респонденттердің 17,9%-ы тауар мен қызмет бағасының көтермелеп қойылуы мәселесін айтса, 13,3%-ы – орындалған жұмыс немесе сатып алынған тауар сапасының төмен болуы; 11,9%-ы – мемлекеттік сатып алу ережесінің күрделі болуы мен шектен тыс бюрократияны көрсеткен. Респонденттердің төрттен бірінен астамы (27,4%) мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелер кешенді сипатта екенін айтып, аталған нұсқаның бәрін қамтиды дескен. Тек 6,8%-ы ғана қолданыстағы жүйеден ешқандай мәселе көрмейтінін айтқан.
Мемлекеттік сатып алудың ашықтығын бақылау мәселесінде қазақстандықтардың үштен біріне жуығы (29,6%) ешкімге сенбейтінін айтуы назар аудартады. Сұралғандардың 22,4%-ы қоғамдық ұйымдар мен белсенділерге сенетінін айтса, 19,6%-ы тәуелсіз журналистер мен ақпарат құралдарына үміт артады. 13,1%-ы мемлекеттік қадағалау органдарына сенсе, 7%-ы Парламент және мәслихат депутаттарына сенім артады.
«Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу саласын дұрыс қабылдамаудың тарихи себебі бар – ондаған жыл бойы бұл сала «көлеңкелі аймақ», жемқорлық және «өз мердігеріңді» таңдау арқылы танымал болды. Цифрландыру мен ашық мемлекеттік порталдар да «бәрібір ірі мердігерлердің дегені болады» деген көзқарасты өзгерте алмады, өйткені әлі де «майлы» тендер нақты компанияларға икемделеді, талап етілетін құжаттар күрделі, ал бәсеке шартты болады. Қоғамдық бақылау институтының қалыптаспауы мен жемқорлыққа қарсы күрес мекемелеріне деген сенімнің төмендігі жүйенің өзгеріссіз қалуына себеп болып отыр», – деп санайды AlmaU Analytics бас экономисі Рахымбек Абдрахманов.
2019 жылдан бері Қазақстанда «Еститін үкімет» тұжырымдамасы аясында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жұмыс істейді. Оған президент Тоқаев бастамашы болды. Бұл бағдарлама ел ішіндегі қалаларда жергілікті бюджеттің бөлінуіне ықпал етіп, өз ауданыңның әл-ауқатын жақсартуға қаржыны бағыттауға мүмкіндік береді.
Алайда, қазақстандықтардың көпшілігі бұл бағдарлама туралы білмейтін болып шықты – респонденттердің 80,7%-ы ол туралы ештеңе естімеген. 14,3%-ы естігенімен, жай-жапсарын біле бермейді, респонденттердің 4,3%-ы ғана бұл бағдарлама туралы жақсы хабардар.
Сауалнама бюджетті дайындау процесіне деген қоғамның сенімі төмен екенін және мемлекеттің қаржысын бөлу процесіне араласуға азаматтардың ынтасы төмен екенін де көрсетті.
Респонденттердің 28,2%-ы жергілікті бюджетті дайындауға қатысуға ынтасы да, уақыты да жоқ екенін айтты. 30,1%-ы өзі тұратын қалада немесе ауылда бюджеттің ақшасы қайда жұмсалып жатқанына ықпал ету мүмкіндігін қалт жібермес еді, алайда одан нақты өзгеріс боларына сенбейді. Әйтсе де, қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігі бюджетті бөлу процесіне қатысуға дайын: 19,8%-ы қатысуға құлшынып отырса, 17,4%-ы қолайлы және түсінікті формат болса, қатысуы мүмкін.
Қазір елдегі бүкіл шығынның 43%-ы мемлекеттік сатып алудың үлесінде және ол ІЖӨ-нің 6,6%-ына тең. Экономикадағы дағдарыстың жалғасуы, инфляцияның жоғарылығы және жуырда шағын және орта бизнеске салынатын салықтың өсетіні бұл салаға айрықша назар аударуды және қоғамдық бақылауды қажет етеді. Әйтсе де, DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі мемлекеттік сатып алу процесіне деген сенім дағдарысы жалғасып отырғанын және бюджет қаржысын бөлу мен жұмсау ісіне қоғамның немқұрайлы қарайтынын көрсетіп отыр.
Баспасөз хабарламасы мен инфографиканы қазақ және орыс тілдерінде келесі сілтеме бойынша алуға болады. Материалдарды пайдаланған уақытта DEMOSCOPE сайтына гиперсілтеме беру міндетті.
Бұл материалды «Экономикалық даму жолындағы тиімді басқару» бағдарламасы аясында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Даму саясаты институтымен әріптестікте және халықаралық даму шеңберінде Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен дайындады. Материалда келтірілген пікірлер Ұлыбритания үкіметінің ресми көзқарасын білдіруі міндетті емес.
______________________________________________________________________
Әдістеме: Сауалнамаға 2025 жылғы 11–22 қыркүйек аралығында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 46,9% ер адам мен 53,1% әйел адам қатысты. 62%-ы қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 38%-ы орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 77,8%-ы – қазақ, 12,1%-ы – орыс, 9,7%-ы – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 65,9%-ы қалада тұрса, 33,4%-ы ауылдық жерді мекендейді. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-дан аспайды. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді. Қосымша ақпаратты үйлестіруші Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.