2026 жылғы 5–15 ақпан аралығында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Қазақстандағы су тапшылығына көзқарас» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Қазақстан әлемдегі мейлінше су тапшылығы бар 30 елдің қатарына кіреді. Сөйте тұра, еліміз көршілес Ресеймен және Грузиямен салыстырғанда, адам басына шаққанда суды үш есе көп тұтынады, әлемдегі орташа көрсеткіштен де айтарлықтай артық жұмсайды. Су тапшылығына қатысты болжам экономикалық өсім мен азаматтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қатерге тігеді, ал Дүниежүзілік банк соңғы есебінде су тапшылығын Орталық Азиядағы ықтимал әскери қақтығыстың төрт себебінің бірі ретінде көрсетті.
24 ақпан күні үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанның оңтүстік өңірлері су тапшылығымен 2026 жылы-ақ бетпе-бет келуі мүмкін деп мәлімдеді.
DEMOSCOPE зерттеуі республикадағы су тапшылығы мәселесіне тоқталып, халықтың суды тұтынумен байланысты әдетін өзгертуге дайындығына қатысты қоғамның көзқарасына талдау жасады.
Респонденттердің жалпы 49,4%-і елімізде су тапшылығы мәселесі өзекті екенін мойындайды. Оның ішінде 32,5%-і мәселені өте өзекті десе, 16,9%-і өзекті деуге болады дейді. Тағы үштен бір бөлігі (30%) мәселені айтарлықтай маңызды десе, жалпы 15,1% респондент өзекті емес шығар немесе мүлдем өзекті емес деп санайды.
Сондай-ақ сауалнамада қазақстандықтардың 79,3%-і су ресурстарын сақтау мақсатында күнделікті дағдыларын өзгертуге дайын екенін көрсетті. Оның ішінде 42,8% толық дайынбыз десе, 36,5%-і ақылға қонымды деңгейде суды үнемдеуге дайын екенін білдірген. Тағы 12%-і ақша үнемделетін болса, суды үнемдеуге дайын екенін айтқан. Респонденттердің 6,2%-і ғана ештеңені өзгертуге дайын емес.
DEMOSCOPE зерттеуі қазақстандықтардың суды пайдалану мәдениеті мен халықтың жалпы су тұтыну құрылымы туралы түсінігінде негізгі тұрмыстық әдеттер қандай екенін анықтауға көмектесті. Деректерге сүйенсек, қоғамда біртіндеп су тұтыну мәдениеті қалыптасып келе жатыр – азаматтардың жартысынан астамы (59,5%) күнделікті қанша су жұмсайтыны туралы ойланады. 18,3%-і бұл жөнінде анда-санда ойланатынын айтса, тағы 20%-і ешқашан ойланбағанын айтқан.
Сауалнамаға жауап бергендердің басым көпшілігі тіс шаю кезіндегі суды үнемдеу мүмкіндігі туралы айтқанын атап өткен жөн:
- 81,2%-і тісін шайып жатқанда кранды жауып қояды;
- 10,9%-і кранды кейде бекітеді;
- 6,2%-і кранды жаппайтынын мойындады.
Суды үнемдеп пайдаланудың тағы бір маңызды көрсеткіші – жуыну тәсілі. Суды мейлінше үнемдеу үшін душқа шайыну жеткілікті, қазақстандықтардың 47,8%-і сөйтеді. Ал моншаға және ваннаға түсуге су көбірек кетеді, жуынудың бұл тәсілін таңдайтындардың үлесі сәйкесінше 31,7% және 13%. Дегенмен, мұндай таңдау көп жағдайда әдетке емес, тиісті жағдай мен инфрақұрылымға байланысты екенін де ескеру керек.
Зерттеу респонденттер пікіріне сүйене отырып, Қазақстанда су қорын сақтау мен су тұтыну мәдениетін көтеруде негізгі жауапкершілік кімде екенін анықтауға да мүмкіндік берді.
Қазақстандықтардың жартысына жуығы (46,5%) ауыз суды тиімді пайдалануға бірінші кезекте азаматтар өзі жауапты деп есептейді. Тағы 11,6%-і бұл мемлекеттің жауапкершілігі десе, 3,5%-і жауапкершілікті бизнес пен ауыл шаруашылығына артады. 34,7% респондент Қазақстандағы су ресурстарын сақтауға барлығы тең дәрежеде жауапты деген пікірде.
Әйтсе де, Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықтың суды үнемдеп пайдалануы ғана жеткіліксіз. Халықаралық сарапшы, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару және климаттың өзгерісі жөніндегі платформаның үйлестірушісі Болат Есекин Қазақстанда су тұтыну деңгейінің айрықша жоғары болуы су тапшылығына айтарлықтай ықпал ететінін мойындай келе, су дағдарысы ішкі және сыртқы факторлардың тоғысу нәтижесі екенін де ескертеді. Бірінші фактор – көршілес елдерде халық санының өсуі мен экономиканың дамуына орай келетін су ағынының азаюы: көршілерде бөгеттер көбейіп, су алу артып келеді. Екінші себебі – климат, Қазақстанда мұздықтардың еруі мен буланудың артуы.
DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі қазақстандықтардың санасы айтарлықтай жоғары деңгейде екенін және олардың суды үнемдеу үшін әдеттерін де өзгертуге дайын екенін көрсетті. Алайда жүйелі өзгеріс жасап, су тұтынуға қатысты орнықты мәдениет қалыптастыру үшін мемлекет, сарапшылар мен бизнес қауымдастық өкілдері және азаматтар бірлесе әрекет етуі керек. Ал су балансын сақтау мен экожүйені қалпына келтіру Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиясындағы басым бағыттың бірі болуға тиіс.
Баспасөз хабарламасы мен инфографиканы қазақ және орыс тілдерінде келесі сілтеме бойынша алуға болады. Материалдарды пайдаланған уақытта DEMOSCOPE сайтына гиперсілтеме беру міндетті.
Бұл материалды «Экономикалық даму жолындағы тиімді басқару» бағдарламасы аясында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Даму саясаты институтымен әріптестікте және халықаралық даму шеңберінде Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен дайындады. Материалда келтірілген пікірлер Ұлыбритания үкіметінің ресми көзқарасын білдіруі міндетті емес.
______________________________________________________________________
Әдістеме: Сауалнамаға 2026 жылғы 5–15 ақпан аралығында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 47,5% ер адам мен 52,5% әйел адам қатысты. 65,1%-і қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 34,9%-і орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 74,6%-і – қазақ, 14,2%-і – орыс, 11%-і – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 66,4%-і қалада тұрса, 33,2%-і ауылдық жерді мекендейді. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-тен аспайды. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді. Қосымша ақпаратты үйлестіруші Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.