Депутаттардың Астана атауын өзгерту туралы бастамасы халық тарапынан қолдау таппады

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Елорда атауын өзгерту туралы бастама» тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 3607 адам қатысты. Әйелдер – 67%, ер азаматтар – 33%. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,63%-дан аспайды.

Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат (1898 адам) және онлайн-сауалнама (1710 адам).

Зерттеу 2016 жылы 24-28 қараша аралығында жүргізілді.

 

Халықтың басым бөлігі Астана атауын өзгерту туралы бастаманы қолдамайды. Телефон арқылы жүргізілген сұхбатқа қатысқан қазақстандықтардың 91%-ы және онлайн қатысушылардың 97%-ы депутаттардың 23 қараша күнгі Елбасы есімі елорда атауында көрсету туралы ұсынысымен келіспейді.

Заң шығарушылар пікірі мен оған толықтай қарсы қазақстандықтар көзқарасы екі топ арасындағы алшақтықты көрсетеді. Бұл жағдайлар қоғам және Парламент өкілдерінің бір әлемде өмір сүріп жатқанына күмән туғызады. Мәселен, Астана атауын өзгерту туралы бастаманы Сенат пен Мәжіліс бірауыздан қолдаса, халық арасында талқылау мен іштей қарсылық үдей түсті.

Сауалнама қорытындысынан парламент өкілдері өте жиі қолданатын автократиялық сөздерге  қоғамның аса сенбейтінін байқауға болады. Дәл қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында  «Мәңгі есте сақтау», «тарихта қалдыру» секілді жалындаған бастамалардың орынсыз екені айдан анық. Ол, керісінше, халықтың қытығына тиеді.

Сауалнама қатысушыларына «Бұл бастаманың астарында не жатыр деп ойлайсыз?» деген сауал қойылды.  Халықтың көп бөлігі  бастаманың депуттардың шынайы ниетінен туғандығына сенімсіздікпен қарайды. Бұл бастаманың астарынан қазақстандықтардың 34%-ы  асқан жағымпаздық пен елбасыға жағыну ниетін көріпті.  Дәл осынша, 34% респонденттер «бұл маңызды шаруалармен айналыспаудың амалы немесе қолынан келмеу» деген жауап нұсқасын таңдады. Ал, 26% қатысушылар бұл ұсынысты депутаттардың қазір болып жатқан түйіткілді мәселелердің халықтың назарынан тыс қалуы үшін жасаған амалы деп қабылдапты.

Сұрақтарға телефон арқылы жауап берген қатысушылар арасында халық қалаулыларының шынайы ниетінен туған бастама екендігіне сенгендер – 10%, ал онлайн-сауалнамада бұл көрсеткіш – 1%.

 

Зерттеу барысында сұрақтарға телефон арқылы жауап берген қатысушылардың  34%-ы 18-29, 23%-ы 30-39, 19%-ы 40-49 жас аралығында. Қатысушылар арасында Алматы (17%)  және Астана (16%)  қалалары тұрғындарының үлесі басымырақ. Ал, онлайн жауап берушілердің басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 42%-ы 30-39 жас аралығында. Сонымен қатар, 26% – ы 18-29 жасар болса, 40-49 жас аралығындағы қатысушылар 21%-ға тең.

Жастар, яғни 18-29 жасар қатысушылардың басым бөлігі (76%) аталған идеяны қолдамайды. Себебі, олар  елімізде бұдан басқа шешімін таппаған маңызды мәселелер көп дейді. Бұл жауап нұсқасын сауалнамаға қатысқан әйелдердің 73%-ы және ер азаматтардың 60%-ы таңдады.

«Бұл бос сандырақ. Ол қымбат, өзекті емес және авторитарлы ел секілді болуға болмайды» деген жауапты 50-59 жас аралығындағы қатысушылардың 40%-ы таңдады. Бұл жауапты таңдаған онлайн қатысушылар 67% және телефон арқылы жауап берген ер азаматтар 60%.

«Егер Астана атауы өзгеретін болса, онда басқа атаулардың барлығы Елбасы атымен атала бастайды» деген алаңдаушылық сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 61%-нда бар екен.  Мұнда жастардың үлесі басым, бұл жауапты таңдаған азаматтардың 74%-ы 18-29 жас аралығында.

Бастаманы қолдамайтындықтарын қажеті жоқ, бос шығындармен байланыстырған қатысушылар –  37%. Сонымен қатар, 34% респонденттер «Егер Астана атауы өзгеретін болса, Назарбаев Назарбаевқа келді» деген сарындағы елең еткізер күлкілі жағдайлар болып тұрады дейді.

Сауалнама барысында, «Егер Сіз қала атауын өзгерту идеясын қолдайтын болсаңыз, Елордамыздың жаңа атауы қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылды. 9%  телефон арқылы жауап берушілер депутаттар нұсқасын қолдайды. «Нұрсұлтан» деген нұсқа дұрыс дегендер 4,6% болса, «Назарбаевты» таңдағандар – 2,2%.

Атап айтар болсақ, Астана қаласының өзінде депутаттар пікірін қолдаған азаматтар небәрі 5%.

Естеріңізге сала кетейік,  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» арналған Декларация жобасын талқылау барысында депутат Қуаныш Сұлтанов жаңа елордамыз Астананы құру­дағы айрықша рөл еліміздің Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екендігін атап өтіп, елордамызды елбасы есімімен атау туралы бастама көтерген болатын.

Бұған дейін де осы сарындас бастамалар көтерілген еді. Мысалы, ҚР бұрынғы Қорғаныс министрі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Сәт Тоқпақбаев сонау 2008 жылы Астананы «Нұрсұлтан» деп атауды ұсынған болатын.

Елорда атауын өзгерту туралы бастама

Зейнетақы жинағы