Қазақстанның экономикалық көшбасшы аймақтары жастары мамандықтарын ауыстырғысы келеді

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан жастары арасында «Жастардың білімі мен өркендеуі» тақырыбында сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға Астана, Алматы және Атырау облыстарынан 2169 адам қатысты. Сұрақтарға 14-30 жасар 67% қыздар мен 33% ер балалар жауап берді.

Сауалнама әдістері –  телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 5-желтоқсаннан бастап 9-желтоқсанға дейін жүргізілді.

Статистикалық қателік 2%-дан аспайды.

Алматы мен Атырау облыстары республикалық бюджеттің негізгі доноры болса, елордамыз Астана – ең басты реципиент. Бұл үш аймақтың қазынаға қосар үлестері де әртүрлі. Аталған Қазақстандағы үш экономикалық көшбасшы аймақ жастары (аймақтық жалпы ішкі өнім көлемі бойынша) зерттеуге қатысты. Зерттеу барысында жастар өздерінің қазіргі қаржылық жағдайы, таңдаған мамандықтары, білімі мен бос уақытын қалай өткізетіні жайлы ой бөлісті.

Қазіргі тұрмыс-тіршілігіне көңілі толатын жастардың көбі Атырау облысында шоғырланған. Атыраулық жастардың 47%-ы материалдық жағдайына қанағаттанады екен. Ал, Астанада бұл көрсеткіш 35% болса, Алматыда 31%.

Қазіргі уақытта Астана қаласы жастарының 41%-ы  және Атырау облысы жастарының 40%-ы мамандықтары бойынша жұмыс жасамайды. Олардың 80%-нан көп бөлігі мүмкіндік болса, мамандықтарын ауыстыруға әзір. Ал, Алматы қаласында 27% жастар мамандықтары бойынша жұмыс жасамайды екен. Сондай-ақ, алматылық респонденттердің 69%-ы мамандық ауыстыру жайлы сөз қозғады.

Атыраулық жастардың 15%-ы өз мамандықтарына көңілі толады. Таңдаған мамандықтарына риза астаналық және алматылық жастар небәрі 9%-а тең. Мұндай көрсеткіштер еңбек нарығындағы үйлесімнің және мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдардың төмендігін көрсетеді.

Бір қызығы, атыраулық жастардың небәрі 5%-ы мұнай-газ саласына қызығушылық танытса, астаналық жастардың 4%-ы ғана қазіргі мамандықтарын мемлекеттік және жергілікті  басқару саласына ауыстырғысы келеді.

Сауалнама барысында Астана және Атырау облысы жастары арасында инженерлік-техникалық мамандықтарға қызығушылық жоғары екендігі анықталды (14% және 11%). Атырау облысында экономика және медицина салалары жастар арасында сұранысқа ие мамандықтардың бірі. (11%-дан). Алматыда респонденттер арасында заң саласын таңдауға ниетті жастар 12% болды. Сонымен қатар, үш аймақ жастары да көркем-дизайн және қызмет көрсету саласына қызықпайтын болып шықты. Бұл көрсеткіш небәрі  1-2%-ға тең.

Естереңізге сала кетейік, жуырда өткізілген сауалнама қорытындысы бойынша, 14-17 жасар қазақстандықтар арасында медицина саласы сұранысқа ие мамандықтар тізімінде бірінші болған.  (Барлық аймақ бойынша 20%-дан).

Атырау облысы мен Астана қаласында жастардың 44 %-ы 18 жастан бастап жұмысқа кіріскен. Ал, Алматы қаласында бұл көрсеткіш 3%-ға жоғары. Жалпы, үш аймақ бойынша жастардың 32%-ы ЖОО немесе колледжді бітірген соң жұмысқа тұрған. Сауалнамаға қатысқан жастардың 19%-ы қазіргі уақытта оқып жатқандықтан, әлі жұмыс жасамайды. Жоғары немесе орта арнайы білімді жастар арасында жұмыссыздық деңгейі Алматыда-1%, Атырау облысында-4% және Астана қаласында-5%.

Сауалнама барысында жастарға «Өз аймағыңызда қандай әлеуметтік мәселелермен айналысар едіңіз?» деген сауал қойылды. Астана мен Атырау жастарының көзқарасы ұқсас болғанымен, алматылық жастардың қалауы өзгеше болып шықты.

Оңтүстік астанамыздың 24 % жастары балалар мен жастар спортын дамытуды қолдайды. Ал,  19%-ы әлеуметтік жәрдем, адам құқықтарының сақталуы және қайырымдылық бағытындағы мәселелермен айналысқысы келеді. 12 %-ы жастар кәсіпкерлігін таңдаса,  қазіргі қиын жағдайға қарамастан, алматылық жастардың тек 8%-ы экологиялық мәселелерді шешуге ат салысқысы келеді.  Мәдениет пен өнер саласын дамытуға үлес қосқысы келетін жастар – 7 %.

Керісінше, сауалнамаға қатысқан астаналық және атыраулық жастардың 17 %-н мәдениет және өнер мәселелері толғандырады. Бұл аймақ жастары үшін  әлеуметтік жәрдем, адам құқықтары және қайырымдылық мәселелері бірінші орында тұр. Бұл жауап нұсқасын таңдаған респонденттер 24% және 28%. Сондай-ақ, астаналық және атыраулық респонденттердің  16%-ға жуығы жастар кәсіпкерлігіне қызығушылық білдірді. Балалар мен жастар спортын дамыту, сонымен қатар аймақтағы экология мәселелері деген жауаптарды таңдаған астаналық және атыраулық жастар үлесі 14 %-дан.

Сауалнама соңында жастарға «күнделекті өмірде күйзеліс жағдайынан шығуға не көмектеседі?» деген сұрақ қойылды. Жастардың көп бөлігі  күйзеліспен күрестің ең тиімді жолы – достармен уақыт өткізу деп жауап берді (Атырау облысында 14% және Астана қаласында 17 %). Екінші орын виртуалды байланыс пен әлеуметтік желілерге тиесілі (Алматы қаласында 13%).

Қазақстандықтардың жартысынан көбі ақшаны ұлттық валютада жинақтайды

2015 жылдың басты оқиғалары