САУАЛНАМА: Қазақстандықтар азық-түліктің қымбаттауына алаңдайды. Респонденттердің 62%-ы ет сатып алуды сиретсе, 24,5%-ы көкөніс пен жеміс-жидекті азайтқан.

2025 жылғы 11–22 қыркүйек аралығында MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін бағалау» тақырыбында сауалнама жүргізді. 

 

DEMOSCOPE зерттеуі қоғамның көңіл-күйі алаң екенін көрсетіп отыр – жалпы азаматтардың 74,7%-ы кейінгі алты айда азық-түліктің бағасы өскеніне алаңдаулы. Оның ішінде 51,1%-ы қатты алаңдайтынын айтса, 23,6%-ы алаңдаймын деп отыр. Респонденттердің 16,5%-ы аса алаңдамайтынын айтса, 6,9%-ы ғана бағаның өсуіне еш алаңдамайтынын білдірген. 

 

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, ел азаматтарының алаңдауы негізсіз емес: бір жыл ішінде азық-түлік өнімдері 11,7%-ға қымбаттаған, ал Қазақстанда үй шаруашылығына жұмсалатын шығынның жартысынан көбі (50,6%) азық-түліктің үлесінде. 

 

Applied Economics Research Centre (AERC) болжамына сүйенсек, 2025 жылы Қазақстандағы инфляция 12,7%-ға жетуі мүмкін. Бағаның қымбаттауына әлемдік нарықта азық-түліктің қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі мен ақша массасының артуы, сонымен бірге халықтың инфляцияны есепке алуы ықпал етіп отыр.

 

Тұтыну тұрғысында қазақстандықтардың үнемдеуге көшуге мәжбүр болуы мейлінше қауіпті көрсеткіштің бірі. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, респонденттердің 62%-ы бағаның қымбаттауына орай ет сатып алуды сиреткен. Басқа жағынан да үнемдеу байқалады, мысалы: жеміс-жидек пен көкөніс (24,5%), балық (20,5%), сүт өнімдері (16,9%), нан және ұн өнімдері (12,1%), шұжық (11,2%), тәттілер мен сусындар (10,9%). Дегенмен, респонденттердің 24,1%-ы әлі де тамақтан үнемдеуге көшпеген және азық-түлікті бұрынғыдай алып жүр. (Бұл сұрақта үш жауап нұсқасына дейін таңдауға мүмкіндік берілді).

 

Әйтсе де, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің (әрі қарай – министрлік) ресми жауабына сүйенсек, сырттан әкелінетін көкөніс күрт артқан. 2025 жылдың жеті айында Қазақстанға 98 млн АҚШ долларының өнімі әкелінген, бұл былтырғы көрсеткіштен 85,6%-ға артық (52,8 млн АҚШ доллары). Министрлік Қазақстанның негізгі қажет тауарлар бойынша импортқа тәуелді екенін айтып отыр. Бұл тізімде сарымсақ, қырыққабат, сәбіз, қара бидай сияқты төтенше жағдай кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті өнімдер бар. 

 

Бұған қоса, отандық ет және ет өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында 2025 жылдың сәуір айынан бастап елге ірі қара мал әкелуге уақытша тыйым қойылған. Тыйым мерзімі биылғы жылдың 10 қазанына дейін созылады. Министрлік ірі қараның етін әкелуге уақытша тыйым салу жөнінде шешім қабылдауға ірі қараны сыртқа әкетудің артуы мен ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сиыр етінің бағасы күрт өсуі себеп болғанын айтып отыр. 

 

Бір қызығы, осыған қарамастан, қазақстандықтар тамақтың сапасы, қолжетімді болуы және бағасы тұрғысынан азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай оң бағалайды. Сауалнама барысында респонденттер азық-түлік қауіпсіздігін 5 балдық шкаламен бағалады, мұндағы 5 – өте жоғары, 1 – өте төмен. Нәтижесінде жалпы азаматтардың 45,1%-ы азық-түлік жүйесінің орнықтылығын жоғары бағалады: 25%-ы өте жоғары десе, 20,1%-ы жоғары деуге болады деп жауап берген. Дегенмен, сауалнамаға жауап бергендердің бестен бірі (20%) азық-түлік қауіпсіздігін өте төмен деп бағаласа, 9%-ы төмен деуге болады деп отыр. Қалған 34%-ы азық-түлік қауіпсіздігі орташа деп санайды. 

 

Азық-түлік қауіпсіздігін бағалау барысында респонденттерге алдағы бес жылда Қазақстанның ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы да сұрақ қойылды. DEMOSCOPE сауалнамасына сүйенсек, азаматтардың көпшілігі (64,3%) ондай мүмкіндік бар екеніне сенеді: 27,7%-ы Қазақстан ішкі нарықты толықтай өз өнімімен қамтамасыз етуге қауқарлы десе, тағы 36,6%-ы қауқарлы шығар дейді. Әйтсе де, респонденттердің 28,4%-ы күмәнмен қарап отыр: 11,7%-ы олай болуы мүмкін емес десе, 16,7%-ы олай болуы мүмкін екеніне онша сенбейді. 

 

Елдің ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге дайын екенін білдіретін көрсеткіш қазақстандық өндірушілердің баға бәсекесіне төтеп бере алуы екені белгілі. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, азаматтардың жартысынан астамы (53,7%) қазір отандық өнім сырттан келетін тауардан қымбат екенін айтады: 38%-ы баға айтарлықтай қымбат десе, 15,7%-ы жай ғана қымбат деп бағалаған. 19,1%-ы отандық және шетелдік азық-түліктің бағасы бірдей десе, 12,9%-ы отандық өнімдер арзан деп есептейді. Қалған 14,3% жауап беруге қиналған. 

 

Респонденттер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет келесі шараларды қолға алуға тиіс деп есептейді: 

 

  • Отандық фермерлер мен өндірушілерді қолдау (51,9%);
  • Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда ашықтықты арттыру және жемқорлықпен күрес (47%);
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу (27,3%);
  • Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету (22,7%);
  • Импорт алмасу бағдарламасын дамыту (7,1%).

(Бұл сұрақта екі жауап нұсқасына дейін таңдауға мүмкіндік берілді).

 

Қорыта айтқанда, DEMOSCOPE сауалнамасы екі негізгі тенденцияны көрсетті: бір жағынан халық бағаның қымбаттауын айтарлықтай сезініп, кейбір тамақтан үнемдеуге көшсе, екінші жағынан Қазақстанның болашақта ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете алатынына сеніп артып отыр. Дегенмен, мемлекет отандық өндірушілерге міндетті түрде жағдай жасауы керектігін мойындайды, сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалардың ашық та тиімді болғаны маңызды деп санайды.

 

Баспасөз релизі мен инфографика қазақ және орыс тілдерінде келесі сілтемеде.  Материалды пайдаланған жағдайда DEMOSCOPE сайтына гиперсілтеме көрсету міндетті. 

 

Сауалнаманы жүргізуге Ұлыбритания үкіметі қаржылай қолдау көрсетті. Материалдағы пікірлер мен көзқарастар Ұлыбритания үкіметінің ресми көзқарасын білдіруі міндетті емес. 

____________________________________________________________________

Әдістеме: Сауалнамаға 2025 жылғы 11–22 қыркүйек аралығында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 46,9% ер адам мен 53,1% әйел адам қатысты. 62%-ы қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 38%-ы орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 77,8%-ы – қазақ, 12,1%-ы – орыс, 9,7%-ы – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 65,9%-ы қалада тұрса, 33,4%-ы ауылдық жерді мекендейді. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-дан аспайды. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді. Қосымша ақпаратты үйлестіруші Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне көзқарас

Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін бағалау