44% қазақстандықтар қиын-қыстау кезде көршімізді қолдайық десе, 10%-ы араласпағанымыз жөн дейді

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы мен санкцияларға көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Астана, Алматы және Қазақстанның өзге 14 облыс орталығынан  16 жастан асқан 1741 адам қатысты. Олардың 68%-ы әйелдер және 32%-ы ер азаматтар. Іріктеу ықтималдығы 90%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 0,97% -дан аспайды. Зерттеу әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат. Сауалнама 2017 жылы қыркүйекте жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ Конгрессі Ресей Федерациясына қатысты жаңа санкциялар енгізген болатын. Тамыз айында АҚШ президенті Трамп заң жобасына қол қоюға мәжбүр болды. Қазақстандардың 35%-ы АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы ушығып кетті, енді тек жақсаруы керек дейді.  21% бұл оқиғадан ешқандай жағымды өзгерістер күтпейді. Олар «Ресей ешқашан да АҚШ талаптарын орындамайды. Сондықтан, жағдай жақсарады деп күтудің қажеті жоқ» дейді.

Ал, жаңа санкциялардың Қазақстанға тигізер әсері жайлы айтар болсақ, отандастарымыздың жартысына жуығы жағдайды жақсы түсініп отыр. Олардың 46%-ы «Ресейге туған күн Қазақстанға да туады. Себебі, біз – бірыңғай экономикалық кеңістіктің бөлігіміз, сонымен қатар, теңгенің жағдайы рубльге тікелей байланысты. Теңге одан әрі құлдырайды, дағдарыс күшейеді» дейді.

Сондай-ақ, респонденттердің көбі бұл мәселеде Ресей тарабын қолдайтындарын білдірді. «Қалай ойлайсыз, Ресей симметриялы жауап бере ме?» деген сұраққа респонденттердің 44%-ы «Жауап берсін. Біз көршімізге қолдау көрсетуіміз керек» деген ойларымен бөлісті.

Жаңа санкциялар Ресей мен АҚШ арасындағы текетіресті одан әрі өршітіп жібермей ме?! Бұл – бүгінгі күннің саяси күрделі, өзекті сауалы.  Сауалнама қатысушыларының үштен бірі «мүмкін» десе, тағы бір үштен бір бөлігі «конфликт ештеңе болмайды, бірақ «темір шымылдық» орнауы мүмкін» деп жауап берді. Қалғаны «олай болады деп ойламаймын» дейді.

Қазақстан азаматтарынан сауалнама соңында «АҚШ пен Ресей барлық  мәселелер бойынша өзара келісімге келді делік. Сіз мұндай шешімді қалай қабылдайсыз?» деп сұрадық. 39%-ы «қуанамын» десе, 21%-ы «меніңше, бұл мүмкін емес» деген пікірлерімен бөлісті. Ал, 17%-ы екі алпауыт елдің өзара келісімге келуін қатты күтіп жүр екен.

Қазақстандықтардың АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы мен санкцияларға көзқарасы

47% қазақстандықтар: ЭКСПО секілді шығыны көп жобаларға қаржы жұмсаудың қажеті жоқ