Қазақстандықтардың 34%-ы азаптаудың басты себебіне күдіктілер мен қамаудағы адамдарға азап көрсеткендердің жазаланбауын жатқызды. Бұл ақпарат DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы «Қазақстанда күдіктілер мен қамаудағы адамдарды азаптау» тақырыбында жүргізген сауалнама нәтижесінде анықталды. Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан 1560 адам қатысты.
Құқыққорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің төмендігі де азаптаудың жиілеп кетуіне тағы бір себеп болып отыр. Сауалнама қатысушыларының төрттен бірі осылай жауап берді.
Респонденттердің ойынша, азаптаудың үшінші себебі – құқыққорғау органдары қызметкерлерінің құқық саласындағы сауатының төмендігі немесе жоқтығы. Бұл жауап нұсқасын таңдаған қатысушылар – 18%. Қатысушылар құқыққорғау органдары қызметкерлерінің жүйкелік-психикалық тұрақсыздығы (15%) мен олардың қамтамасыз етілу және әлеуметтік қорғалуының жеткіліксіздігін (8%) де атап өтті.
Егер елімізде қамауға алынған адамның құқықтары бұзылмаса, яғни оның жақындарына, адвокатқа хабарлауына және шағым түсіруіне мүмкіндік берілсе, олардың азаптаудан азат боларына кепілдік болар еді дейді зерттеу қатысушыларының 31%-ы. 19%-ы тергеу амалдары видеоға түсірілетін болса, азаптауға жол бермеуге болар еді дейді.
Зерттеу барысында респонденттерге «Елімізге азаптауға қалайша жол бермеуге болады?» деген сұрақ қойылған болатын. «Азаптау әрекеттеріне кінәлі адамдардың бұлтартпай жазалануы» (17%), «Бостандық шектелген орындарда қамалған адамдардың қауіпсіздігіне кепілдік беру» (17%), сонымен қатар «ішкі зерттеулер жүргізу» (16%) деген жауап нұсқалары да таңдалды.
Қазақстан Республикасы заңнамасында қылмысты ауырлататын жағдайлар анықталмаса, «Азаптау» бабы бойынша бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдан бастап, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары белгіленген. Бұл жаза түрін 61% қазақстандықтар жасаған қылмысына лайықты жаза десе, 33%-ы жеткіліксіз дейді. Ал 7%-ы мұны шектен тыс тағайындалған жаза деп қабылдайды екен.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, азап көрсеткен адамға қылмыстық жаза қолданылатынын зерттеу қатысушыларының 89%-ы білетін болып шықты.
Қатысушыларға «Келтірген зиянды өтеу бойынша, жәбірленуші мемлекет қаражатынан ақшалай өтемақы алуы керек деген оймен келісесіз бе?» деген сұрақ қойылды. 22% қатысушылар бұл пікірмен келіседі екен. Олардың ойынша, билік өкілдерінің әрекеті үшін мемлекет шығындарды өз мойнына алуы керек. 64%-дан астамы бұл пікірді бұрыс дейді. Яғни, «сот кінәлі деп тапқан тұлғалардың өздері төлеуі тиіс» деген жауапты қолдайды. 14% қатысушылар «сот кінәлі деп тапқан адам жұмыс істейтін ұйым, яғни қылмыскерге жұмыс беруші төлеуі керек» дейді.
Қазақстан 1998 жылы азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалауларға қарсы БҰҰ-ң Конвенциясын бекітті. Осылайша, азаптау Қазақстанда қылмыс ретінде белгіленген болатын.
Азаптауларға қарсы ҮЕҰ Коалициясы деректерінше, Коалицияға 2016 жылдың қазанынан 2017 жылдың қазанына дейінгі аралықта, яғни бір жылда азаптау бойынша 202 өтініш келіп түскен. Оның 65-і азаптаудың қатыгез түріне жатқызылса, 41-і қорлау, кемсіту, ар-намысқа тию категориясы бойынша.