DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың азаматтық қоғам жайлы ойлары» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 1865 адам қатысты.
Сауалнама басталмас бұрын, азаматтық қоғам ұғымына қысқаша анықтама берілді. Азаматтық қоғам дегеніміз қоғамның мемлекеттен тәуелсіз, бірақ әлеуметтік және саяси өмірде халықтың немесе халықтың бір бөлігінің мүддесі үшін жұмыс істейтін белсенді бөлігі. Оған қоғамдық мемлекеттік емес коммерциялық емес ұйымдар мен бірлестіктер жатады.
Сауалнама «Жоғарыдағы анықтамаға сәйкес, Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасқан деп айтуымызға бола ма?» деген сұрақтан басталды. 36% қатысушылар бұл сұраққа «Иә» деп жауап берді. «Азаматтық қоғам қалыптасып жатыр» деген қатысушылар – 26%. 11% «Жоқ» десе, 27% «Нақты жауап бере алмаймын» деген жауапты таңдады.
Қазақстандықтардың 30%-ы мемлекет саяси, экономикалық, әлеуметтік және т.б. мәселелерді шешуде азаматтық қоғамды серіктес ретінде қарастырады деп санайды. Тағы да 38% «қарастырады деуге болады» десе, 32% «жоқ, қарастырмайды» деп жауап берді.
Қазақстанда азаматтық қоғамның қай институты жемісті әрі белсенді еңбек етіп жатыр? Респонденттердің көпшілігі (28%) Бұқаралық ақпарат құралдары десе, төрттен бір бөлігіне жуығы саяси партияларды таңдады. Үшінші кезекте еріктілер (волонтерлер) қозғалысы (17%) аталды, ал Үкіметтік емес ұйымдар (11%) төртінші орынға жайғасты. Ары қарай, бастамашыл топтар (10%) мен кәсіподақтар (10%) аталды.
Ал, халық Қазақстанда азматтық қоғамның дамуына не кедергі болып отыр деп ойлайды? 27% респонденттер экономикалық тұрақсыздық десе, 18% «Мемлекет пен қоғам арасында берік серіктестік қарым-қатынастың болмауы» деген жауапты таңдады. 12% «Мемлекет азаматтық қоғам институттарын бақылауда ұстайды» десе, 11% «Азаматтық қоғам институттары мемлекетке қауіпті деген сарындағы ішкі насихат» дейді. Сауалнама қатысушыларының 31%-ы аталған себептердің барлығы кедергі келтіруде деді.
Отандастарымыздың еріктілер қозғалысы жайлы ойларын да білмек болдық. Егер әлеуметтік жобаға ерікті болуға шақырса, 29% қазақстандық келіседі екен. Бірақ, жоба олар үшін қызықты болса ғана. 25% уақытының аз екенін себеп етіп, қатысудан бас тартады. 21% әлеуметтік мәселелерді шешу мемлекеттің міндеті болғандықтан келіспейді. 9% әлеуметтік жобаларға күмәнмен қарайды, сондықтан қатыспайды. 17% ештеңеге қарамастан, шақырған жобаның барлығына ерікті болуға дайын.