Егер этнос өкілдері арасында жанжал туындаса, оған тек арандату түрткі болуы мүмкін дейді қазақстандықтардың жартысынан көбі

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстан Республикасындағы этносаралық ауызбіршілік» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 3192 адам қатысты. Әйелдер – 69%, ер азаматтар – 31%. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,75%-дан аспайды.

Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.

Зерттеу 2016 жылы 15-23 тамыз аралығында жүргізілді.

 

Еліміздегі этносаралық және дінаралық қарым-қатынасты қазақстандықтар жалпы дұрыс деп бағалайды. Тек, зерттеу барысында анықталған кейбір фактілерге тиісінше назар аударылуы  керек. Бұл туралы ақпарат Demoscope бюросы жариялаған зерттеу қорытындысында жарияланды.

Қазақстандықтардың жартысынан көбі  (61%) елімізде  этнос өкілдері татту-тәтті өмір сүріп жатыр дейді. Ал, қалғандары этносаралық қарым-қатынаста туындаған бірқатар мәселелерді атап өтті. Респонденттердің  23%-ы «кез-келген отбасыда болатын ұрыс-керіс секілді ара-арасында келіспейтін жағдайлар  болып тұрады» дейді. 4% қатысушылар «күрделі болғанымен, бірқалыпты әрі қауіпсіз» деген жауапты таңдады.  Ал, «ушығып тұр. Уақыт өте келе нашарлап барады, бұл түрлі қақтығыстарға ұласуы мүмкін» деп алаңдап отырған сауалнама қатысушылары – 12%.

Егер елімізде этнос өкілдері арасында жанжал туындаған жағдайда, ол қолдан жасалуы мүмкін немесе арандату, үшінші тараптың ортаға түсуінен болуы ықтимал дейді қазақстандықтардың жартысынан көбі (62%).  Бұл жауап нұсқасын таңдаған қатысушылардың басым бөлігі – жастар екен. Нақты айтсақ,  66%-ы 18-29 жас аралығындағы қатысушылар.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 17%-ы этносаралық қақтығыстарға экономикалық мәселелер себеп болуы мүмкін дейді. Олардың ойынша,  адамдар дағдарыс кезінде кінәлі тарапты іздей бастайды. Бұл жауапты таңдаған респонденттердің басым бөлігі –  Батыс Қазақстан (23%)  және Ақтөбе (21%) облыстарының тұрғындары.

Тіл мәселесіне орай туындаған қайшылықтар этносаралық жанжалдарға ұласу мүмкін деген жауапты респонденттердің небәрі 5%-ы таңдады. Ал, қалған 16% қатысушылар аталған барлық себептердің жиынтығынан орын алуы мүмкін дейді.

Сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 59%-ы  «ең алдымен, мен – қазақстандықпын. Мен үшін төлқұжатта жазылған ұлт атауы мен қай этникалық топқа жататыным  азаматтығымнан  маңыздырақ» деп жауап берді. Ал, бұл жауапқа қарсы пікір білдіргендер – 4%. Олар «өз этносым мен ұлтымның өкілімін. Мен үшін азаматтық – екінші орында» дейді. 26% қатысушылар азаматтық та, ұлт да мен үшін бірдей маңызды десе,  олар екі бөлек дүние деген жауапты таңдағандар – 11%.

Респонденттердің 81%-ы Ата Заңымызда көрсетілгендей, барлық ұлттар заң алдында тең, олардың барлығы – қазақстандықтар дейді. Алайда, 19% -ы тең емес, кейбір этностардың құқықтары көбірек немесе азырақ деген нұсқаны таңдады. Бұл жауапты таңдаған қатысушылардың 23%-ы Атырау, 24%-ы Алматы облысында өмір сүреді.  Атырау облысы әр түрлі ұлт өкілдері аз шоғырланған аймақ болып есептелсе, Алматы  облысы бірнеше ұлт өкілдерінің басын қосқан облыстардың бірі.

Респонденттердің 84%-ы елімізде этникалық және діни себептерге байланысты ешқашан қысымға ұшыраған емес, қиындыққа да тап болмады. Ал, 13%-ы үшін «кейде қысым көрсетілді, қауіп те болды». Бірақ, бұл жағдайлар оларды  қатты алаңдата қоймаған екен. Қысым мен қауіп-қатерге әрдайым ұшыраймын, әсіресе соңғы уақытта жиілеп кетті деген қатысушылар – небәрі 3%.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың пікірінше, Қазақстанда ең тату тұрып жатқан орта – дін өкілдері арасында. «Қазақстанда діни топтар арасындағы қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?» деген сауалға 66%-ы «Достық қарым-қатынас. Ешқандай қиын мәселе жоқ» деп жауап берді. Кез-келген отбасыда болатын ұрыс-керіс секілді ара-арасында келіспейтін жағдайлар  болып тұрады деген нұсқаны таңдаған қатысушылар 18%-ға тең. Ал, 12%-ы күннен күнге нашарлап барады, бұл қақтығыстарға ұласуы мүмкін дейді.

Қазақстан Республикасындағы этносаралық ауызбіршілік

Елорда атауын өзгерту туралы бастама