DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «ЭКСПО көрмесі-2017» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Оған Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 1760 адам қатысты. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73%-ы әйел және 27%-ы ер азаматтар.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.
Зерттеу 2016 жылы 6-18 мамыр аралығында жүргізілді.
Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің максималды мөлшері 0,5%-дан аспайды.
Ел өміріндегі айтулы оқиға ЭКСПО халықаралық көрме жайлы қазақстандықтардың пікірі бір жақты. Жалпы, халықтың көзқарасы дұрыс. Бұл түйін зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
Сауалнамаға қатыстан азаматтардың 64%-ы көрмені өткізу мүмкіндігіне ие болған ел үшін ЭКСПО-ң пайдалы тұсы – елімізде және әлемде ғылыми-техникалық прогресс дамиды, еліміздің халықаралық аренадағы беделі артады, үлкен кірістер, әрі инвестиция тартуға мүмкіндік туады және өзге елдермен тиімді байланыс орнатамыз дейді.
Ал, 24% респонденттер көрменің өткізілуін аса құптамайды екен. Себеп: өте көп қаражат жұмсалады, биліктің назары, үлкен қаржы өзекті мәселелерден ЭКСПО-ға аударылады және сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жағдай туындауы мүмкін.
ЭКСПО-2017 көрмесіне оптимистік көзқараспен қарайтын қазақстандықтар Астана қаласынан қарағанда, Шығыс Қазақстан облысында көбірек тұрады. Оптимизм деңгейі Астанада 69% болса, Шығыс Қазақстан облысында – 86%.
Ақтөбе облысы халқы арасында пессимистік көзқарас өзге аймақтармен салыстырғанда көбірек қалыптасқан. Тұрғындардың 45,5%-ы халықаралық көрмені өткізуге өте көп қаржы жұмсалады әрі сыбайлас жемқорлыққа себеп болады дейді.
Респондентердің жас ерекшелігі мен көрмеге деген көзқарасы арасында ерекше байланыс бар. Мәселен, 40-49 жас аралығындағы және 70-тен асқан қазақстандықтар арасында қазіргі уақытта көрменің өткізілуі ел үшін аса қажет емес деген сарындағы пікір жиі кездесті. ЭКСПО көрмесі жайлы позитивті және негативті пікірлерді салыстырсақ, аталған екі жас санатында – 27 және 32.
Өзге жас санаттарында бұл көрсеткіш жоғарырақ – 43-тен 53-ке дейін. Зерттеудің ең жас қатысушылары, 16-29 жас аралығындағы қазақстандықтар, арасында оптимистік көзқарас жоғары.
Отандастарымыздың 70%-ы «Болашақ энергиясы» атты «Астана ЭКСПО-2017» әлем дамуы мен экология мәселелерін шешу үшін маңызды дейді. Ал, 11% респонденттер бұл пікірмен келіспейді.
Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанда ЭКСПО-2017 атты халықаралық көрме өтетіні жайлы халықтың 80%-ы біледі. Ал, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 15%-ы бұл ақпаратты естімеген. Қатысушылардың жауаптарын сараптасақ, барлық респонденттердің 27%-ы халықаралық көрмені тамашалауға барады. Ал, Астана қаласында бұл көрсеткіш екі есе жоғары. Демек, сауалнамаға қатысқан астаналықтардың 52%-ы көрмеге қатысуды жоспарлап отыр.
Халықаралық көрмеге қатысуды жоспарлап отырған респонденттердің көбі – жастар. Ал, жас ұлғайған сайын, респонденттердің көрмені тамашалауға деген ықыластары төмендей беретінін байқауға болады. 18-29 жас аралығындағы қатысушылардың 38%-ы көрмеге қатысуды мақсат етіп отыр. 30-39 жас аралығында бұл көрсеткіш – 33%. Ал, сауалнама қатысушылары 40-59 жас аралығындағы өкілдерінің 22%-ы халықаралық көрмеге баруы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, ЭКСПО көрмесі 1851 жылдан бері өткізіліп келеді. Микроскоп, спутник, автокөлік, телефон, телеграф, компьютер, сенсорлы экран секілді әлемдік жаңалықтардың көбі осы көрмеде алғаш рет таныстырылған болатын. Бұл сұрақ барлық қатысушыларға қойылды. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың үштен бір бөлігі бұл жайлы білмейді. Ал, 26%-ы ЭКСПО тарихынан хабардар болса, 19%-ы біраз ақпаратпен таныспын деп жауап берді.