DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы
Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандағы менингит» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы және Қазақстанның өзге 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1858 адам қатысты. Олардың 76% -ы әйелдер және 24% -ы ер азаматтар.
Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,23%-дан аспайды.
Зерттеу әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат.
Сауалнама 2018 жылы 10-12 маусым аралығында жүргізілді.
«Менингит эпидемиясы» айналасында болып жатқан шу мен халықты дүрліктірген бұрыс ақпараттың кең таралуынан кейін, Demoscope халықтың көңіл-күйі мен ақпараттан қаншалықты құлағдар екенін зерттеді.
Осыған дейін factcheck.kz «Жалған | Қазақстанда менингит эпидемиясы тарауда» деген атаумен Қазақстанда менингит эпидемиясы тарап жатыр деген жалған ақпаратты жоққа шығарды. Денсаулық сақтау министрлігі де халыққа жағдайды түсіндірді.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 68%-ы болып жатқан жағдайға алаңдаулы. Алайда, 42%-ы мемлекет барлығын бақылауда ұстап отырғанына үмітті. 26% респонденттер «өзімді қауіпсіз сезінбеймін» деп қорқыныштарын жасырмады. 22% «эпидемияға» жыл мезгіліне байланысты болатын қалыпты жағдай деп қарайды. Ал, сауалнамаға қатысқан халықтың 11%-ы инфекцияның «өршіп кетуін» Денсаулық сақтау жүйесі жұмысындағы салғырттықпен байланыстырды.
Жалпы қазақстандықтардың көпшілігі байбалам салып, дүрлікпеуді дұрыс дейді. Респонденттердің жартысынан көбі дәл осы жағдайдағы биліктің іс-әрекетін дұрыс деп бағалады. Сонымен қатар, көпшілігі барлығы дәрігерлердің қолында емес екенін де мойындайды. Олар әр адам өз денсаулығына ең алдымен өзі жауапты деген ойды іліп әкетті.
Биліктің жасаған шараларына, мәселені шешуіне 46% қазақстандықтың көңілі толмады. Олар мұндай жағдайда шұғыл шаралар қолдану керек еді дейді. Олардың жартысына жуығы (21%) билік Астананың туған күнін тойлауға миллиардтаған қаржы жұмсағанша, халықты вакцинамен қамтамасыз етулері керек дейді. Бір қызығы, бұл пікірді қолдаған астаналықтар мен алматылықтардың үлесі бірдей.
Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 10%-ы вакцина салдыруды жоспарлап отыр. Басым бөлігі (89%) вакцина салдырмайды. Олардың үштен бірі мұндай шешім қабылдауға вакцинаның бағасы әсер етті дейді. Қалғандары «аса қажеттілігі жоқ» деген жауаппен ғана шектелді. Тегін екпе салдырғысы келетін адамдар арасында 60-69 жас аралығындағы адамдар көп.
Басқа аймақтармен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары жағдайға көбірек алаңдаулы. Естеріңізде болса, бұл аймақта менингококк инфекциясынан қайтыс болған адамдар бар. Батыс Қазақстан облысы мен Алматы тұрғындары да жағдайға алаңдап, ақпаратты жіті бақылап отыр.
Сауалнама барысында, қазақстандықтардың менингококк инфекциясы жайлы ақпараттан құлағдар болып отырғанына көз жеткіздік. Ер азаматтарға қарағанда әйелдер жағдайды көбірек бақылап отыр әрі ақпаратты молырақ біледі. Тағы да айта кетерлігі, жағдайға «өте қатты алаңдаймын» деп жауап бергендердің де басым бөлігі әйелдер болатын.
Тағы да атап өтетін бір мәселе – 18% респонденттер «жағдайды өз пайдасына шешу үшін халықты дүрліктіру біреулер үшін тиімді болып тұр» деген көзқарастың жаны бар дейді.