Қазақстандықтардың 80%-тен астамы 2025 жыл бойы азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауар бағасы өскенін айтады.
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы 2025 жылдың наурыз, тамыз және қараша айларында жүргізген сауалнама қорытындысын ұсынады. Зерттеу үй шаруашылығының шығыны, азаматтардың қаржылық жағдайы және үкімет қолға алған әлеуметтік-экономикалық шаралардың тиімділігі сияқты көрсеткіштерді қамтыды. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.
Халықтың шығыны
DEMOSCOPE бюросының өлшеміне сәйкес, 2025 жыл бойы жүргізілген сауалнамаға жауап берушілердің 80%-тен астамы азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарға жұмсайтын шығын артқанын айтқан. Деректердің динамикасын салыстырсақ, айырма аса көп емес және азаматтардың инфляцияға бейімделуі де төмен. Тамыз айында бұл көрсеткіш 64,6% болса, сәуірде 62,4% болған. Сонымен қатар шығындары аздап болса да өскенін айтқан респонденттердің қатары да артқан: тамыз айында 13,9% болса, қарашада 20,5%. Қорыта айтқанда, 2025 жыл бойы респонденттердің 82%-ке жуығы азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарға жұмсайтын шығыны артқанын айтқан. Орта есеппен респонденттердің 11%-і шығын өзгерген жоқ десе, азғантай бөлігі үшін ғана шығын азайған.

DEMOSCOPE сауалнамасының деректері Halykfinance.kz сарапшыларының қорытындысымен сәйкеседі, олар жылдық көрсеткіште қазақстандықтардың шынайы табысы 3,4%-ке қысқарғанын келтіреді. Оған ықпал еткен негізгі факторлар қатарында халықтың сатып алу қабілетіне қысым жасаған жоғары инфляция мен ұлттық валютаның әлсіреуі бар. Сонымен қатар, 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларының қорытындысы бойынша, Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегіне сәйкес, Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,5% болған.
Азаматтардың қаржылық жағдайы
Қоғамның көңіл-күйін көрсететін маңызды көрсеткіштің бірі – азаматтардың дербес қаржылық жағдайын бағалауы. Үш сауалнама кезінде де респонденттерден алдағы 12 айда қаржылық жағдайына қаншалықты сенімді екені туралы сұрақ қойылды. Қоғамның мейлінше үрейлі көңіл-күйі 2025 жылдың наурыз айында тіркелді, бұл үкіметке деген сенім деңгейі мейлінше жоғары кезеңге тұспа-тұс келді.
DEMOSCOPE дерегі бойынша, респонденттердің жалпы 51,5%-і қаржылық жағдайы орнықты екеніне сенімді емес. Оның ішінде үштен бірі (29,9%) сенімді емеспін деуге болады десе, бестен бір бөлігі (21,6%) мүлдем сенімсіз.
Тамыз айында қаржылық жағдайға қатысты ой біршама тұрақтанған деуге болады. Зерттеуге сүйенсек, сенімді емеспін деуге болады дейтіндер наурыз айында 29,9% б
олса, тамызда 19,1% болған, ал мүлдем сенімсіздердің үлесі наурыздағы 21,6%-тен тамызда 16%-ке төмендеген. Мұның себебі жаз маусымында балғын жемістер мен көкөністердің көп және арзан болуына орай азық-түлікке жұмсайтын шығынның азаюымен байланысты болуы мүмкін.
Әйтсе де, қараша айындағы сауалнамада азаматтардың қаржылық жағдайға қатысты үрейі үдей түскен: респонденттердің 20,2%-і сенімді емеспін деуге болады десе, 25,2%-і экономикалық жағдайының тұрақты екеніне мүлдем сенбейтінін білдірген. Дегенмен, наурыз айында респонденттердің 41,8%-і, тамызда 53,7%, ал қараша айында 46,5%-і алдағы 12 айдағы қаржылық жағдайына сенімді екенін айтқан. Бір бөлігі толық сенімдімін десе, қалғаны сенімдімін деуге болады деп жауап берген.
Үкіметке деген сенім
DEMOSCOPE зерттеуіндегі мейлінше маңызды көрсеткіш өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жолындағы Қазақстан үкіметінің жұмысын тиімділік жағынан азаматтардың бағалауы деуге болады.
Наурыз айындағы сауалнамада үкіметке деген сенімсіздік шарықтау шегіне жетіп, үкіметке сенбейтіндердің жалпы үлесі 65,7% болған. Респонденттердің үштен бірі (33,5%) билік жұмысын атқара алмай отырған сияқты десе, тағы бір бөлігі (32,2%) міндетін мүлдем атқарып отырған жоқ деген.
Тамыз айында үкіметке қатысты сын біршама әлсіреген, оған «мүлдем атқара алып отырған жоқ» деп санайтын респонденттердің үлесі наурыз айындағы 32,2%-тен тамызда 25,3%-ке дейін азаюы себеп болды деуге болады. Міндетін атқара алмай отырған сияқты деп санайтындардың үлесі де 33,5%-тен 29,3%-ке қысқарған. Қараша айында тенденция сақталғанымен, билік міндетін атқара алып отырған жоқ сияқты деп есептейтін респонденттердің үлесі 29,3%-тен 21,9%-ке азайған. «Мүлдем атқара алып отырған жоқ» дейтіндердің үлесі өзгеріссіз қалып, 25% көрсеткен.
Жыл бойына азаматтардың сенімі артуына орай жағымсыз баға да төмендеген. Биліктің жұмысын оң бағалайтын респонденттердің үлесі наурыз айында жалпы 23,8% болса, тамызда – 33,2% қарашада 44,6% болған. Толық сенімдімін дейтіндердің үлесімен қатар, атқарушы биліктің жұмысын мейлінше салмақты бағалайтындардың үлесі де біршама өскен.

DEMOSCOPE жүргізген үш сауалнаманың нәтижесі экономиканың қазіргі дағдарысы қазақстандықтардың қаржылық жағдайын қиындатып отырғанын көрсетеді, бұл үкіметке деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Мұндай тенденция 2025 жылдың наурыз айында айрықша көрініп, респонденттердің 68,6%-і бірінші кезекте қажет тауарларға жұмсалатын шығыны айтарлықтай артқанын айтса, 65,7%-і үкімет әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алмай отыр деп көрсеткен.
ҚҚС 12%-тен 16%-ке артуы және салыққа қатысты басқа да өзгерістер 2026 жылы үй шаруашылығына түсетін экономикалық жүктеме жоғары болатынын көрсетеді. DEMOSCOPE бюросы 2025 жылдың соңында жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың көпшілігі (61,4%) салықтың көтерілуі бағаның өсуіне алып келіп, тұрмыс сапасына кері әсер ететінін сенімді түрде айтқан.
Сауалнаманың толыққанды нәтижесін жобаның сайтынан көре аласыздар. Қазақ және орыс тілдеріндегі баспасөз релизі мен инфографикалар мына сілтемеде. Материалды пайдалану кезінде DEMOSCOPE сайтына сілтеме жасау міндетті.
______________________________________________________________________
Әдістеме: Деректер 2025 жылғы 20–31 наурыз, 28 тамыз – 10 қыркүйек және 25 қараша – 5 желтоқсан аралығында жүргізілген сауалнамадан алынды. Әр сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде 18 жастан асқан азаматтар арасында жүрді. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-дан аспайды. Респонденттердің қол жеткізу деңгейі (response rate) зерттеу кезеңіне қарай 19,1% және 10% аралығында. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді. Қосымша ақпаратты үйлестіруші Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.