САУАЛНАМА: Қазақстандықтардың 45% Қуандық Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыруды қолдады

Қазақстандықтардың 78% тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді қолдады

2024 жылғы 8-15 мамыр аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы халық арасында «Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы түсінік» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізіп отыр.

DEMOSCOPE зерттеуінде тұрмыстық зорлық-зомбылық және оның алдын алу шаралары туралы қоғамның пікірі, сондай-ақ бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша тараптарға қолдау көрсету деңгейі зерттелді. Сауалнама сот үкімі шығарылғанға дейін жүргізілді.

DEMOSCOPE зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 45,1%-і Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыру әділ жаза деп санайды. Респонденттердің 19,4%-і 15-20 жылға бас бостандығынан айыруды, 9,5%-і 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, 1,4%-і шартты түрде соттауды және айыппұл салуды қолдаған.

Сауалнамада одан бөлек қазақстандықтар қай тарапты қолдайтыны да анықталды. Осылайша, респонденттердің басым бөлігі (71,9%) жәбірленуші Салтанат Нүкеноваға тілектестігін білдірді. Бұл ретте Қуандық Бишімбаев тарабын 0,4%, яғни төрт адам ғана қолдайды. Респонденттердің бестен бір бөлігі (22,7%) екі тарапты да қолдамайды.

Процесстің жоғары қоғамдық қолдауы азаматтардың 40,7%-і әділетсіз үкім шығарылған жағдайда Бишімбаевқа әділ жаза талап етуіне дайындығынан көрінеді. Олардың 24%-і президенттің атына жазылған петициялар мен үндеулерге қол қоюға дайын екенін, 3,9%-і шерулер мен митиңге қатысатынын, 12,8%-і өз ортасында ашуланып қана қоятынын жеткізді. Бұл ретте 32,6% ештеңе істемейтінін айтқан.

“Бишімбаев ісі” қазақ қоғамы үшін тарихи әрі маңызды оқиға болды, тіпті елімізден тыс өзге мемлекеттерді елең еткізген ауқымды резонанс тудырды. Мұндай процесс алғаш рет тікелей эфирде көрсетілді. Бұрын-соңды болмаған су тасқынына қарамастан қоғам бұл процессті назардан тыс қалдырған жоқ.

DEMOSCOPE мәліметі бойынша, қазақстандықтардың жартысынан көбі (52,5%) жалпы сот процессін бақылаған. Үштен бірінен астамы (35,7%) сот процессі туралы білген, бірақ бақыламаған. Респонденттердің 10,9% сот процесі туралы алғаш рет естіген.

Бір қызығы, қазақстандықтардың басым бөлігі (61,5%) сот процессі тікелей эфирде көрсетіліп, БАҚ-та жариялануын дұрыс деп есептейді. 12,2%, керісінше, бұған келіспейді, 15,8% бұл мәселеге бейтарап екенін айтты.

DEMOSCOPE зерттеуінің негізгі көрсеткішінің бірі – гендерлік зорлық-зомбылыққа жол беру туралы қоғамның түсінгі. Бұл көрсеткішті өлшеу үшін респонденттерге «Күйеуінің әйеліне қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсетуін кейбір жағдайларда ақтауға бола ма?» деген сұрақ қойылды. Жауап беру шкаласы ұсынылды, мұнда 1 – ешқашан ақтауға болмайды және 10 – әрқашан ақталуы мүмкін. 

Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің басым бөлігі (65,8%) күйеуінің әйеліне қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсетуін ешқашан ақтауға болмайтынына сенімді. Сонымен қатар, әртүрлі сенім дәрежесімен респонденттердің жалпы 27,7%-і әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты кей жағдайда ақтауға болады деп есептейді.

Зорлық-зомбылықты ақтаудың ең маңызды көрсеткіші – халықтың еркек бөлігінің оған деген көзқарасы. Ал мұнда айтарлықтай гендерлік алшақтық бар – ерлердің 55,5%-і және әйелдердің 75,9%-і зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайды деп санайды.

Динамика бойынша DEMOSCOPE нәтижесін 2017 жылы өткізілген World Values Survey сауалнамасының деректерімен салыстыруға болады. Ол кезде Қазақстанның жағдайы әлдеқайда нашар болды – азаматтардың 54,9%-і ғана жұбайына зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайтынын айтқан. Бұл қазіргі көрсеткіштен 10,9%-ке төмен.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың 37,9%-і белгілі бір жағдайда зорлық-зомбылықты ақтауға болатынына сенімді. Бұл нәтижелер Қазақстанда гендерлік зорлық-зомбылық туралы қоғамның түсінгі жақсарғанын көрсетеді.

DEMOSCOPE зерттеуі азаматтардың 70,8%-і тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын өзекті деп санайтынын көрсетті, оның ішінде 40,5%-і өте өзекті және 30,3%-і өзекті сияқты деп есептейді. Сонымен қатар, 12,8% бұл мәселені аса маңызды емес және 5,2% мүлдем маңызды емес деп санайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қабылдаудың маңызды факторы респонденттің жеке тәжірибесі. Мәселен, сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың үштен бірінен астамы (34,7%) өз ортасында күйеуінің әйеліне қатысты физикалық күш қолдану жағдайына тап болған. Оның 10,6%-і көп рет, 24,1%-і бірнеше рет тап болған. Бұл мәселеде гендерлік тұрғыдағы деректерді атап өтпеу мүмкін емес. Осылайша, әйелдер ерлерге қарағанда екі есе – 44,1% және 26,3%, тиісінше, күйеуі мен әйелі арасындағы зорлық-зомбылыққа куә болған.

Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты қоғамдағы наразылыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны қатайтатын заңға түзетулерге қол қойғаны белгілі.

Сауалнама барысында қазақстандықтардан жаңа түзетулерді қолдай ма деген сұрақ қойылды. Азаматтардың басым көпшілігі (78,5%) қабылданған норманы қолдайтынын білдірді. 8,8%-і қарсы болса, 3,4%-і бейтараптық танытқан. Ал 6,3%-і бұл заң туралы ештеңе білмейді.

Заңнамалық шаралардан басқа, респонденттердің 36,8%-інің пікірінше, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендетудің ең тиімді шарасы құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талаптарды күшейту болмақ. Басқа ұсынылған шараларға мыналар жатады:

  • тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қосымша қатаңдату (30,3%);
  • әйелдердің қоғамдағы мүмкіндігін кеңейту (20,3%);
  • тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша ақпараттық науқандар мен ағарту бағдарламаларын жүргізу (19,1%);
  • тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының көбеюі (15,3%);
  • агрессорларды мәжбүрлеп оңалту және емдеу (15%).

Алайда 4,3% ештеңе қолданудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл сұрақта үш жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігі болды.

DEMOSCOPE зерттеуі Бишімбаев ісінің виралды феномені азаматтардың сот және құқық қорғау жүйесіне сенімінің төмендігімен де байланысты екенін көрсетті. Осы себепті құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талаптарды арттыру Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудегі негізгі шараға айналғаны анық. Ал әлеуметтік-экономикалық мәселелер аясында экс-министрдің ісі өзіндік әлеуметтік қозғаушы күшке айналып, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін түсінуді жаңа деңгейге көтерді. 

Материалды қолданғанда DEMOSCOPE сайтына гипперсілтеме қою міндеттеледі.

______________________________________________________________________

Әдістеме: 2024 жылғы 08-15 мамыр аралығында 17 облыстағы және Республикалық маңызы бар қалалардағы (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адамға сауалнама жүргізілді. Сауалнама Қазақстанның ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат жүргізу арқылы өтті. Қатысушыларды іріктеу телефон нөмірі базасынан кездейсоқ сандар генераторының көмегімен жасалды. Телефон арқылы сауалнаманы «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 47,4% ер және 52,6% әйел адам қатысты. 54,1%-і қазақ тілінде, 45,9%-і орыс тілінде жауап беруді жөн көрді. Респонденттердің 70,5% – қазақтар, 14,4% – орыстар және 14,6% – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 69,6%-і қалада, 30,4%-і ауылдық жерде тұрады. Деректер респонденттердің жынысы мен жасы сияқты параметрлер бойынша сарапталған. 95% ықтималдығы бар қатенің максималды мөлшері 3%-тен аспайды. Респонденттердің қол жетімділік деңгейі (response rate) 2%-ті құрады.

Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Конрад Аденауэр атындағық қордың көмегімен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.

«Қазақстанның төтенше жағдайға дайындығы»

«Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы түсінік»