Сауалнама: Қазақстандықтар коронавирус туралы ақпараттың қайсы жалған, қайсы рас екенін білу қиын дейді

Азаматтар үшін негізгі ақпарат көзі – телеарналар

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандағы пандемия кезінде дереккөздердің қабылдануы және сапасы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 2021 жылы 27 наурыз бен 4 наурыз аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53% -ы ер азаматтар, 47% -ы әйелдер. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

DEMOSCOPE сауалнама қорытындысы көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар коронавирустың таралуы туралы жаңалықты қалт жібермейді. 11%  респондент қана COVID-19 жайлы жаңалықтарға мүлде қызықпайды. 43% өте мұқият қараймын десе, 28% «мұқият деуге болады» деп жауап берді.

Халық коронавирус туралы ақпаратты телеарналардан алғанды жөн көреді. 91% респондент пандемия туралы негізгі ақпараттық ресурс ретінде телеарналарды таңдайды.  Респонденттердің үштен екісі (72%) қазақстандық арналарды, бестен бірі (19%)  шет елдік арналарды көреді.

Мұндай көрсеткішке сауалнама әдістемесі себеп болды деген болжам жасауға болатын еді. Алайда қатысушылардың көбі  (47%) 25-44 жас аралығында, ал  65 жастан асқан қатысушылардың үлесі 8% қана.

Телеарналардан кейінгі орынды әлеуметтік желілер (24%), үшінші орынды интернет басылымдар (20%) алды

Ресейдегі медиатұтыну туралы Deloitte жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, 2020 жылы телевизияға ақпарат көзі ретіндегі сенім деңгейі 5 пайыздық пункте азайып, 23%-ға төмендеген. Яғни, 23% ғана қатысушы ТВ-ны сенімді ақпарат көзі деп бағалаған. Аймақтарда интернет мәселесі шешілсе, бұл тенденция Қазақстанға да жетуі мүмкін.

Медиасарапшылар мемлекет, БАҚ және халық арасында сенімнің жойылып бара жатқанын айтып жатыр.  Адамдар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына емес, WhatsApp-тан келген хабарламаға көбірек сенеді. Бұл дағдарыс ақпараттық эпидемияны, коронавирус туралы жалған ақпараттың үздіксіз таралуын ұзартты, жалпы алғанда саяси коммуникация үрдісін ушықтырып жіберді.

DEMOSCOPE сауалнама қорытындысы көрсеткендей, қазақстандықтардың көбі (39%) коронавирус туралы ақпараттың қайсы жалған, қайсы рас екенін анықтау қиын дейді. 32% респондент нақты жауап бере алмады. Сауалнама қатысушыларының үштен бірі ғана рас ақпаратты фейк ақпараттан ажырату оңай деп жауап берді.

Пандемия кезіндегі негізгі көрсеткіштердің бірі – азаматтардың ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі. Сауалнама деректері бойынша, қазақстандықтардың жартысы (46%) дәрігерлер мен медицина қызметкерлері коронавирус туралы сенімді, шынайы ақпарат таратады дейді.

Қатысушылардың бестен бірі (19%) Қазақстанның билігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  таратқан ресми ақпаратқа сенеді. Одан кейінгі орында – ғалымдар мен сарапшылар (14%). Ал, 10% респондент таныстары, туыстары айтқан жаңалықтарға сенеді. Блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары тарататын ақпаратқа 8% қатысушы сенеді.

DEMOSCOPE бюросы деректері бойынша, азаматтардың басым көпшілігі (65%) «маска тағу коронавирусты жұқтыру қаупін азайтады» деген пікірмен келіседі. Ал 21% қатысушы масканың «күшіне» күмәнмен қарайды.

Респонденттердің жартысынан көбі билікке сенеді, «Қазақстан Үкіметі коронавирустан қайтыс болған және ауруды жұқтырған адамдар санын азайтып көрсетіп отыр» деген көзқараспен келіспейді. 23% қатысушы үкіметке сенбейді.

Айта кетерлігі, коронавирус инфекциясының қаупі туралы қоғамдық пікір өзгермеген. DEMOSCOPE 2020 жылы наурыз және маусым айларында жүргізген зерттеуде халықтың жартысы коронавирусты адамзатқа төнген үлкен қауіп деп санайтынын айтқан. Осы сауалнама қорытындысы бойынша, қатысушылардың тең жартысы «Коронавирустың қаупі әсіреленген, бұл қарапайым тұмау ғой» деген пікірмен келіспейді. Қатысушылардың төрттен бірі бұл көзқараспен келіседі.

Пандемия кезінде әртүрлі конспирологиялық теориялар таралды. Халық арасында кең таралып кеткен фейк ақпараттың бірі  коронавирустың 5G мұнаралары арқылы таралуы. Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, 48% респондент бұл ақпаратқа сенбейді, 6% фейкке сенген, ал 45% қатысушы сенетінін не сенбейтінін нақты айта алмады.

Сауалнаманы түйіндесек, ақпараттық саясат пен ресми ақпаратты жедел тарату нәтижелігі өте жоғары. Демек осы бағыттағы жұмыс сапасын жақсарту керек, сонымен қатар халықтың медиа сауаттылығын арттыру керек. Себебі, халықтың көпшілігі жалған ақпаратқа бірден сенеді және ресми ақпаратқа күмәнмен қарайды.

*Екінші және төртінші сұрақтардағы көрсеткіштер пайызының қосындысы 100%-дан артық, себебі респонденттер бұл сұрақтарға жауап бергенде бірнеше жауап нұсқасын таңдай алды

 

Сауалнаманы «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы телефонмен жүргізді.

______________________________________________________________________

 

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижесі респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді.

 

Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан ала аласыз: snezhana.tsoy@medianet.kz

Сауалнама: Қазақстандықтардың көбі COVID-19 бен ҚР Мәжіліс сайлауын 2020 жылдағы ең маңызды оқиғалар деп санайды

Қазақстандықтардың коронавирусқа қарсы вакцинацияға көзқарасы