Сауалнама: қауіпсіздік, дәстүр және білім – қазақстандықтардың негізгі құндылықтары

Сауалнама деректері бойынша, 44% азамат пандемия кезінде ерікті болуға дайын 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың негізгі қоғамдық құндылықтары» тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 2021 жылы 25 маусым және 3 шілде аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты.Қатысушылардың 53%-ы ер азамат, 47%-ы әйел. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

2017  жылы жүргізілген «Дүниежүзі бойынша құндылықтарды зерттеу» деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың 93,5%-ы отбасын бірінші орынға қояды. Екінші орында – жұмыс (49,2%). 

DEMOSCOPE сауалнамасы мәліметтеріне сүйенсек, тұрақтылық пен отбасы – қазақстан халқы арасында жоғары бағаланады. Қазақстандықтардың үштен бірі үшін қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп (33%), ұлттық және отбасылық дәстүрлер (33%), білім, ғылым және мәдениет (33%) маңызды.

Негізгі құндылықтар қатарында: айналадағы адамдардың қолдауы мен өзара көмек  (24%); әлеуметтік әділеттік пен құқықтардың теңдігі; ынтымақ пен патриотизм (22%); діни және рухани құндылықтар;  еңбекқорлық пен қоғам алдындағы жауапкершілік (22%) секілді нұсқалар да аталды. Сауалнама қатысушыларының 14%-ы жетістік, мансап және тоқшылықты бірінші орынға қойды. Зерттеу қорытындысына қарап, пандемия кезінде халық қауіпсіздікті  отбасылық құндылықтармен қатар жоғары бағлайды деген қорытынды жасауға болады. 

2020 жылы жаздағы қатаң карантин шаралары кезінде, елде дәрі-дәрмек жетпей халық дүрбелеңге түскен қысылтаяң шақта, барлық аймақта дерлік коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар, еріктілер, белсенді азаматтар жұмыла кірісті. 

DEMOSCOPE сауалнама қорытындысы көрсеткендей, респондентердің 65%-ы пандемия кезінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қоғамға сіңірген еңбегі елеулі болды дейді. Сонымен қатар, 26% қазақстандықтың пікірінше, ҮЕҰ, еріктілер мен жанашыр адамдардың атқарған еңбегі қыруар болды. 22% азамат мемлекет пен жергілікті басқару органдарының жұмысын атап өтті. Ал, небәрі 6% қатысушы бизнестің жасаған жақсылығын еске алды.  

Қазақстандықтардың өзара көмек көрсетуді де басым құндылықтар қатарына жатқызғаны бекер емес. 44% қатысушы пандемия кезінде ерікті болып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әзір. Олардың 12%-ы ауруды жұқтырып алу қаупі төмен болса, ерікті болудан бас тартпас едім деп жауап берді. Қатысушылардың төрттен бір бөлігі ерікті болғысы келмейді. Себебін олар денсаулығын қатерге тіге алмаймыз деп түсіндірді. Сонымен қатар, 16% қатысушы ерікті болуға уақытым жоқ деді. Ал, 9% азамат әлеуметтік мәселелерді мемлекет шешуі керек деп есептеймін деп жауап берді. 

Зерттеу аясында Қазақстанда азаматтық қоғамның қай институты басқаларға қарағанда өнімді жұмыс жасайтыны да анықталды. Сауалнама қатысушыларының бестен бірі еріктілер қозғалысын, 16% БАҚ-ң қоғамдағы рөлін, 10% саяси партияларды атады. Сонымен қатар, 7%  кәсіподаққа дауыс берсе, 6% Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), 3% бастамашыл топтардың қызметін таңдады. Қатысушылардың 40%-ы бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Себебі, халықтың көбі азаматтық қоғам ұйымдарының қызметінен хабарсыз.

Сонымен қатар, респонденттерден Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуына не кедергі екені туралы да сауал қойылды. Үштен бірі экономикалық тұрақсыздықты негізі кедергі деп санайды. 22% халық азаматтық қоғам туралы білмейді деп жауап берді. Мемлекет пен қоғам арасында серіктестік қарым-қатынастардың болмауы (12%), Мемлекеттің азаматтық қоғам институттарын бақылауда ұстауы (7%) азаматтық қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Ал,  6% респондент азаматтық қоғам институттарын мемлекетке төнген қатер ретінде көрсететін ішкі насихатты кінәлады. 

Сонымен, DEMOSCOPE сауалнама қорытындысын түйіндесек, халық тәуелсіз демократиялық, біртұтас мемлекетті дамытудың негізі саналатын азаматтық қоғам институттарының рөлі туралы жетік білмейді.  Қазақстандықтардың өзара көмек пен қолдау, әлеуметтік әділет пен құқықтардың теңдігі, ынтымақ пен патриотизм секілді құндылықтары азаматтық қоғамның негізгі идеяларымен сәйкес келеді. 

 * кейбір  сұрақтарда сумма 100% емес, себебі респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдады. 

Орысша инфографика, қазақша инфографика мен пресс-релиз: https://drive.google.com/drive/folders/1xuC0_tw6TB4DlO6qPdCF0KawqofPI6CW?usp=sharing

Сауалнаманы «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы телефонмен жүргізді.

______________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижесі респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан ала аласыз: snezhana.tsoy@medianet.kz.

Қазақстандықтардың негізгі қоғамдық құндылықтары

Сауалнама: Қазақстандықтардың жартысынан көбі атом электр станциясының салынуына қарсы