Сауалнама: Қазақстандықтардың басым көпшілігі ағаштарды заңсыз кесуге қарсы

DEMOSCOPE сауалнама қорытындысына сәйкес, 37% қатысушылар ең басты экологиялық мәселе –  ауаның ластануы деді.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Экология мәселелеріне қазақстандықтардың көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 2020 жылы 8-12 желтоқсан аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53% -ы ер азаматтар, 47% -ы әйелдер. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

DEMOSCOPE сауалнама қорытындысы көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың  37%-ы өзі тұратын өңірдегі ең басты экологиялық мәселе –  ауаның ластануы деді. Респонденттердің үштен бірі (30%) қоқыс шығару және қайта өңдеу мәселесіне алаңдаулы. 14% қатысушы судың ластануын өзі өмір сүріп жатқан аймақтың түйіткілді мәселесі дегенді айтты.

Тұрғындардың түрлі экологиялық мәселелер туралы ойлары өздері тұратын өңірдің экологиялық жайына қарай қалыптасатыны белгілі. Мәселен, ағаштарды заңсыз кесу тақырыбына Алматы қаласы, Алматы облысы және Қарағанды облысы тұрғындары бейжай қарамайды екен. Сауалнама қорытындысы бойынша, Алматы жән Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары ауа ластануының зардабын тартып жүр. Қоқысты шығару және қайта өңдеу мәселелері, басқа аймақтармен салыстырғанда, Түркістан және Алматы облысы тұрғындарын көбірек алаңдатып отыр.

Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға дайын екендігі. Сауалнама деректеріне сәйкес,  қазақстандықтардың көбі (64%) ірі компаниялардың ағаштарды заңсыз кесуіне бірауыздан қарсы және мұндай келеңсіздіктер үшін жазаны күшейтуді талап етеді.

26% азаматтар аталған мәселеге байланысты бейтарап пікірде. Олардың ойынша, билік мұндай жағдайды қадағалауы керек, бірақ ағаштарды заңсыз кесу «үлкен қылмыс емес» дейді олар. Ал 6% қатысушы мұндай әрекетке түсінікпен қарайды. Олар бизнестің жағдайы онсыз да мәз емес дейді.

Қоршаған ортаны қорғау мәселесінде мемлекеттің бұл саладағы саясаты – бірінші орында. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 55%-ы экожүйенің жай-күйіне ең бірінші кезекте мемлекет, әкімдік және экология министрлігі бірдей жауапты дейді.  Сонымен қатар, қатысушылардың үштен бірі халыққа да жауапкершілік артып отыр. Небәрі  7% респондент экологияға ірі өндірістік кәсіпорындар мен бизнес жауап беру керек деген нұсқаны таңдады.

Халықтың табиғатты қорғауға және өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға дайын екендігін де ең маңызды индикатор ретінде атап өткен абзал. Сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің көпшілігі халықты табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға баулу – экологиялық мәселелердің ең дұрыс шешімі деп санайды. 22% экологиялық құқықбұзушылық үшін жазаны күшейтсек қана жағдайды жақсарта аламыз дейді. Қалпына келетін энергия көздерін және қоқысты қайта өңдеуді дамыту жайын 19% респондент атап өтті. 11% бұл салаға түбегейлі жүйелі өзгеріс жасалмаса, мәселенің шешілуі екіталай деген ойды бөлісті.

Sulpak дүкенінің жанында Қазақстанның қызыл кітабына енген ағаштардың заңсыз кесілуі қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұл мәселеге мемлекет басшысы назар аударды. Ол Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қызметтік терксеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырған болатын.

Алматылықтардың қоршаған ортаны қорғау тақырыбына бей-жай қарамауы, ағаштарды заңсыз кесуге қарсылығы  қаладағы ауаның қатты ластануымен байланысты екені түсінікті. Өкінішке қарай, экологиялық мәселелер Алматыда ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында бар. Бұл – дүйім жұртқа ортақ мәселе.

Бәлкім, ағаштарды заңсыз кесу мәселесіне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жобасы жағымды ықпал етер. Бұл жоба «жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын және «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы».

Жобаның құжаты «Ашық НҚА» порталында қоғамның талқысына жарияланған. Онда «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген ағаштар заңсыз кесілген, жойылған, бүлінген жағдайда ағаштарды өтемдік отырғызу отыз есе мөлшерде жүргізіледі» делінген. Бұған дейін ағаштар заңсыз кесілген жағдайда, ағаштардың барлығына бірдей өтемдік отырғызу жиырма есе мөлшерде және айыппұл қарастырылған болатын.

Адамдардың өмір сүруге қолайлы ортада өмір сүру құқығы Ата Заңда бекітілген. Қазақстан Республикасының Конституциясының 31-бабының  1-тармағында «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» делінген.

Қоршаған ортаның жағдайы мен табиғат ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық есептің 2018 жылғы деректері бойынша, «стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарындылары 2017 жылмен салыстырғанда 3,8% өсіп, 2 446,7 мың тонна болды». «Қазгидромет» мониторингі қорытындысы бойынша, Алматыда әуе бассейнінің экологиялық жағдайы  2019 жылы «7» көрсеткішін көрсеткен. Яғни, бұл көрсеткіш қаланың ластану деңгейі «жоғары» дегенді білдіреді.

Халықтың жалпы  науқастану құрылымында тыныс алу органдары ауруларының үлесі – 43,5%. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында тыныс алу органдары ауруларымен науқастанған адамдар саны 2015-2016 жылдар аралығында 44% артқан.

Сауалнаманы «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы телефонмен жүргізді. ______________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижесі респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан ала аласыз: snezhana.tsoy@medianet.kz.

Экология мәселелеріне қазақстандықтардың көзқарасы

2020 жылдағы ең маңызды оқиғалар