Сауалнама: Қазақстандықтардың үштен бірі Ресейден шыққан вакцина жақсырақ дейді, төрттен бірі отандық өнімге сенеді

Сауалнама: Қазақстандықтардың үштен бірі Ресейден шыққан вакцина жақсырақ дейді, төрттен бірі отандық өнімге сенеді

Бірақ екпені вирустан қорғанудың негізгі әдісі деп санайтын респондент – небәрі 14%.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстан халқының коронавирусқа қарсы вакцинацияға көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді. 2020 жылы 13-17 қарашада жүргізілген бұл зерттеуге 1100 адам қатысты. Зерттеу жұмысы елдегі республикалық маңызы бар қалаларды (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) және 14 облысты түгел қамтыды. Қатысушылардың жасы 18-ден асқан, 53%-ы ер адам, 47%-ы әйел адам. Зерттеуге Қазақстан бойынша стационар телефон нөмірлерінің абонент қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы – 95%, статистикалық көрсеткіш қатесі 3%-дан аспайды.

Қытайда COVID-19 вирусынан ауырған алғашқы жағдай бір жыл бұрын тіркелді. Сол уақыттан бері адамзат коронавирусты жеңуге қауқарлы дәріні іздеп жатыр.  Қарашада үш вакцина дайын деген жаңалық тарады. Бірі Ресейлік «Спутник V», екіншісі BioNTech неміс компаниясы мен америкалық Pfizer бірігіп жасаған вакцина, енді бірі Moderna Inc. компаниясы жасаған mRNA-1273 эксперименттік вакцина (АҚШ).

DEMOSCOPE сауалнама қорытындысына сәйкес, халық коронавирусқа қарсы екпе індеттен қорғайтынына сенбейді. Халықтың 45%-ы екпе жасатқысы келмейді. Олардың 21%-ы вакцинацияға мүлде қарсы, себебі вакцинаны денсаулыққа қауіпті деп санайды. Үштен бірі, тіпті одан да көп бөлігі барлық сынақтан өткен вакцинаны жасатқысы келеді, сондықтан әзірге екпе салдыруға дайын емес. Коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы екпе жасату деп есептейтін респондент – 14%. Олар «орайы келсе, бірден екпе жасатамын” деп жауап берді.

Сонымен қатар, қоғамдағы маңызды индикатор – ең күшті, ең сапалы вакцинаға баға беру. Респонденттің көбі, нақтырақ айтсақ, 31%-ы Ресейде өндірілетін вакцинаны таңдады. 26% қатысушы Қазақстанда жасалған вакцинаны сапалырақ әрі қауіпсіз деп санайды. Қатысқандардың 10%-ы ең жақсы вакцина Германияда өндіріледі десе, 3%-ы АҚШ-та, 1%-ы Қытайда жасалатын вакцина сапалы деген жауапты таңдады. Қазақстан халқы «Спутник V» екпесіне мол сенім білдіруіне ресейлік медиа ықпал етті деп топшылауға болады.

Халық карантин шараларын қаншалықты қолдаса, оның талаптары да солай сақталады. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы 2020 жылы маусымда карантин шаралары күзде қайталанады деген болжамға қатысты халықтың көзқарасы қандай екенін сұраған болатын. Ол кезде 55% респондент мемлекет тарапынан көмек көрсетілер болса, карантин енгізілгені жөн деген еді. Қарашада өткен сауалнама қорытындысынан бұл көрсеткіштің 49%-ға дейін азайғанын көруге болады.

Алайда қатаң шектеу шараларын енгізген жөн деп санайтын халық екі есе көбейген. Маусым айында 12% респондент қатаң шектеу шараларын қолдаса, қарашада 24%-ға дейін артқан. Осы жылы наурызда өткен сауалнама қорытындысы бойынша 28% респондент карантин шарасын күшейту дұрыс деп бағалаған екен.

Пандемия басталған кезде қатаң карантин шараларын қолдайтындардың көп болуы халықтың беймәлім вирустан қорқуына байланысты екені айқын. Жазда ел коронавирус жұқтырып, көбі ауырған соң және денсаулық сақтау жүйесінде аласапыран болғаннан кейін бұл көрсеткіш тағы артқан. Маусымда қатаң шараларға 29% сауалнама қатысушысы қарсы болған. Ал қазір бұл көрсеткіш – 20%.

Пандемия алғаш енгізілген кездегі және қазіргі жағдайды салыстырсақ, өзінің және жақындарының денсаулығына, қауіпсіздігіне алаңдайтын халық саны айтарлықтай өзгермеген.

Пандемия алғаш енгізілген кездегі және қазіргі жағдайды салыстырсақ, өзінің және жақындарының денсаулығына, қауіпсіздігіне алаңдайтын халық саны айтарлықтай өзгермеген.

 

06.2020 өткен сауалнама дерегі

11.2020 өткен сауалнама дерегі

Экономика құлдыраған кезеңде қоғам мемлекеттің көмегіне, қолдауына мұқтаж болатыны белгілі. DEMOSCOPE бюросы қатаң карантин енгізілер болса, қазақстандықтардың ой-пікірі қандай боларын сараптаған еді. Халық пікірі екіге жарылды. Кезекті локдаун басталса, 43% респондент билік қарапайым халыққа да, кәсіп иелеріне де көмектеседі деп үміттенеді. Қатысушылардың дәл осындай екінші бөлігі тек өзіне және жақындарына арқа сүйейді.

Тағы бір маңызды көрсеткіш – пандемия кезінде халықтың қай шараны нәтижелі деп санайтыны. DEMOSCOPE сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттің үштен бірі (34%) вакцинация және карантин шараларын қолдайды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың төрттен бірі карантин жеткілікті болды деп жауап берді. 19% қатысушы бұл пікірге келіспейді. Олар карантинге де, екпеге де қарсы. Халықтың небәрі 9%-ы коронавируспен күресте вакцинация жеткілікті деп санайды.

Вакцинация мәселесіне халықтың күмәнмен қарауына антикавсерлер қозғалысы белсенді болуы және COVID-19 туралы жалған ақпараттың жаппай таралуы ықпал еткен болуы мүмкін.

«КТ Cloud Lab» байланыс орталығы сауалнаманы телефонмен жүргізді.

______________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда міндетті түрде гиперсілтеме қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижесі респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді.

Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан ала аласыз: tsoysnejana@gmail.com.

Алдыңғы

Сауалнама: Қазақстандықтардың 43%-ы қашықтан оқуға қарсы

Келесі

Сауалнама: Қазақстандықтардың басым көпшілігі ағаштарды заңсыз кесуге қарсы