
Азаматтардың 68,6% бірінші қажеттіліктегі тауарларға шығынның артқанын айтады
2025 жылғы 20-31 наурыз аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы халық арасында «Қазақстандықтардың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға көзқарасы» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізіп отыр.
2025 жылғы 20 ақпанда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мәжіліс қарауына Қосылған құн салығын (ҚҚС) 12%-тен 16%-ке көтеруді көздейтін Салық кодексіне түзетулер енгізді.
DEMOSCOPE жүргізген сауалнаманың нәтижесі көрсеткендей, азаматтардың көбі ҚҚС-ты көтеруге қарсы: респонденттердің 56,7%-і фискалды реформаны қолдамайды, 18,4%-і бұл туралы естімеген, тек 11,8%-і қолдау білдірді. Сонымен қатар, 8,1%-і бастаманы бейтарап қабылдады.
Шығынның өсуі және қаржылық белгісіздік
Кәсіпкерлікке салық жүктемесінің артуы және ҚҚС шегінің 15 миллион теңгеге дейін төмендеуі бағалардың міндетті түрде өсуіне әкеледі. Сонымен қатар, қазірдің өзінде 68,6% қазақстандық соңғы үш айда бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пен тауарға шығынның едәуір өскенін айтты. 13,9% аталған шығынның аздап өскенін байқаған. Ал 11% олардың шығындары өзгермегенін айтты, тек 2,8% шығынның азайғанын айтты.
Осыған байланысты респонденттердің жартысы (51,5%) алдағы 12 ай ішінде өздерінің қаржылық жағдайына сенімді емес. Оның ішінде 21,6% мүлдем сенімді емес, ал 29,9% сенімсіз екенін айтты. Ал 41,8% өздерінің материалдық жағдайын тұрақты деп бағалайды: 21,9%-і онша сенімді емес, 19,9%-і қаржылық тұрақтылыққа толық сенімді.
Бұл мәселеде жас топтары арасындағы айырмашылық айқын байқалады: жастар қаржылық тұрғыдан орта және зейнет жасындағы буынға қарағанда сенімдірек. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 57%-і өздерінің қаржылық жағдайына алаңдамайды. 30-39 жас аралығындағы респонденттердің арасында бұл көрсеткіш 41,6%. Ал 40 жастан асқан топта тек 35%-і өздерінің қаржылық болашағына сенімді.
Қазақстандықтар нені алаңдайды?
Сонымен қатар, бірінші қажеттіліктегі тауар бағасының өсуі қазақстандықтарды алаңдататын негізгі мәселе емес екені анықталды. DEMOSCOPE бюросы респонденттердің негізгі мәселеге қатысты пікірлерінің өзгеру динамикасын сараптап, 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы наурыздағы мәліметтерді салыстырды.
1-орында – азаматтардың табысының төмендігі мен еңбекақы деңгейіне алаңдауы – 47,4%. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы қарашада 37,6% болған.
2-орында – парақорлық. Қазір бұл мәселе 43,6% азаматтың алаңы болса, 2024 жылы 26,8% еді.
3-орында – бірінші қажеттіліктегі тауар бағасының өсуі – 33,9% (2024 жылы – 28,3%).
Қазақстандықтар атап өткен басқа да әлеуметтік мәселелер:
- 4-орын – зейнетақы, жәрдемақы және шәкіртақының төмен деңгейі – 30,8%
- 5-орын – білім беру жүйесінің нашарлығы – 27,1%
- 6-орын – қоршаған ортаның ластануы – 25,9%
- 7-орын – жұмыс орындарының жетіспеуі мен жұмысқа орналасудағы қиындықтар – 22,6%
- 8-орын – тұрғын үйдің қымбат болуы немесе оның нашар жағдайы – 19,4%
- 9-орын – денсаулық сақтау жүйесінің нашарлығы – 18,3%
- 10-орын – көлік инфрақұрылымының нашарлығы (жолдар, тротуарлар және т.б.) – 12,3%
- 11-орын – коммуналдық инфрақұрылым мәселелері – 7,5%.
Үкіметке деген сенімнің төмендеуі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бизнеске салық жүктемесінің өзгеруі мен мемлекеттік реформалар туралы пікір білдіріп, үкіметке бірқатар тапсырма жүктеген еді. Алайда DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі бойынша, 58,9% қазақстандық бұл жиын туралы ештеңе естімеген, құрылтай туралы тек 41,1%-і білген.
Жалпы алғанда, азаматтардың 39,1%-і президенттің тапсырмаларын үкімет толық немесе ішінара орындайды дегенге сенбейді, тек шағын бөлігі орындалады немесе мүлде орындалмайды деген ойда. Респонденттердің 19,4%-і тапсырмалардың жартысы ғана орындалады деп санайды. Ал азаматтардың 20,4%-і тапсырмалардың көбі немесе барлығы орындалады деп оптимистік көзқарас білдірсе, 21,2%-і жауап беруге қиналған.
Мұндай көзқарас халықтың үкімет жұмысына берген бағасымен түсіндіріледі. DEMOSCOPE бюросының 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы наурыздағы салыстырмалы деректеріне сәйкес, төрт ай ішінде үкіметке деген қоғамдық сенім күрт төмендеген.
Үкімет жұмысын атқара алмай жатыр деп есептейтін азаматтар үлесі 39,3%-тен 65,7%-ке дейін өсті. Ал үкімет жұмысын оң бағалағандар саны екі есе азайған: 2024 жылғы қарашада бұл көрсеткіш 46,7% болса, 2025 жылғы наурызда – 23,8% ғана.
Ескерту: Кейбір сұрақтарда респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдады. Қазақ және орыс тіліндегі баспасөз-релизі мен ақпараттық графика мына сілтемеде тұр. Материалды қолданғанда DEMOSCOPE сайтына гипперсілтеме жасау міндеттеледі
___________________________________________________________________
Әдістеме: 2025 жылғы 20-31 наурыз аралығында 17 облыстағы және Республикалық маңызы бар қалалардағы (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адамға сауалнама жүргізілді. Сауалнама Қазақстанның ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат жүргізу арқылы өтті. Қатысушыларды іріктеу телефон нөмірі базасынан кездейсоқ сандар генераторының көмегімен жасалды. Телефон арқылы сауалнаманы «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүргізді. Сауалнамаға 18 жастан асқан 47,4% ерлер және 52,6% әйелдер қатысты. 65,7%-і қазақ тілінде, 34,3%-і орыс тілінде жауап беруді жөн көрді. Респонденттердің 76,3% – қазақтар, 11,3% – орыстар және 12,4% – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 65,8%-і қалада, 33,7%-і ауылдық жерде тұрады. Деректер респонденттердің жынысы мен жасы сияқты параметрлер бойынша сарапталған. 95% ықтималдығы бар қатенің максималды мөлшері 3%-тен аспайды. Респонденттердің қол жетімділік деңгейі (response rate) 11,3%. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Конрад Аденауэр атындағық қордың қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.