47% қазақстандықтар: ЭКСПО секілді шығыны көп жобаларға қаржы жұмсаудың қажеті жоқ

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында  «Қазақстан және қазақстандықтар үшін ЭКСПО-2017 қорытындысы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Астана, Алматы және Қазақстанның өзге 14 облысынан 1849 адам қатысты.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 61%-ы ЭКСПО-ға бармаған. Олар көрмеге бармаған себебін «шығындарды қалтам көтермеді» деп түсіндірді.

55% респонденттер ЭКСПО арқасында Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі артты, еліміз бұрынғыдан да танымал бола бастады деп мұны жетістікке балады. 23% «ЭКСПО арқасында жеткілікті дамыған және қауіпсіз мемлекет ретінде бізге деген өзгелердің қарым-қатынасы жақсара бастады» дейді. Ал, 11% қатысушылар біз туралы, яғни Қазақстан жайлы «ақшаны желге ұшыруға әуес» деген пікір қалыптасты деп ойлайды.

Келесі сұрақ: «ЭКСПО алдағы уақытта Қазақстанда балама энергия көздері мен нанотехнологиялардың дамуына ықпал етеді деп ойлайсыз ба?» 44% қазақстандықтар бұл сұраққа «әбден мүмкін» деп жауап берді. 21% бұл елдегі технология мен экологиялық ойлауды дамытуға себепші болады деп сенеді. Қатысушылардың тағы да 21%-ң пікірі бұл жауапқа мүлде ұқсамайды. Олар «ЭКСПО – имидж үшін жасалған жоба»  деп қысқа ғана қайырды.

Ал, Қазақстандықтар ЭКСПО көрмесі  секілді жобаларды өткізуге қаржы мен күш салу қажет деп ойлай ма екен? Олардың жартысына жуығы, нақтырақ айтсақ 47%-ы, «қаржы мен күшті әлеуметтік саланы немесе қазақстандықтар үшін маңызды нәрселерді дамытуға жұмсау керек» деп есептейді.  26% ЭКСПО пайдасын бағалау критерийлерін білмегендіктен, бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

ЭКСПО көрмесінің ең негізгі ғимараты «Нұр Әлем» павильоны респонденттердің 52%-на ұнаған. 36%  «Елорданың сәулет стиліне жарасып тұр» десе, 9%-ы «ұнамады» деп жауап берді.

44% қазақстандықтар қиын-қыстау кезде көршімізді қолдайық десе, 10%-ы араласпағанымыз жөн дейді

Қазақстан және қазақстандықтар үшін ЭКСПО-2017 қорытындысы