DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «2017 жылғы маңызды оқиғалар» тақырыбында сауалнама жүргізді. Оған 1809 адам қатысты. Сауалнама қатысушыларының назарына 2017 жылы Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық, саяси өмірінде, сонымен қатар мәдениет пен спорт саласында болған 21 оқиға ұсынылды.
Қазақстандықтардың ойынша, жылдың ең маңызды саяси оқиғасы – Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Астанада өткен келіссөздер (44%). Одан кейін Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының бекітілуі (24%). Ал Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан жайлы айтқан мәлімдемесін 17% қазақстандықтар маңызды саяси оқиғалардың қатарына жатқызды. Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы (9%)мен Қазақстанда төмен байытылған уран банкінің іске қосылуы (6%) төртінші және бесінші орындарды алды.
Экономика саласында болған оқиғалар маңыздылығы бойынша мына ретпен тізбектеледі: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (ЕНПФ) қатысты дау-дамай (20%) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының» (МФЦА) құрылуы (20%). Ары қарай «Халық банкінің» «Казкоммерцбанкті» сатып алуы (17%), Мемлекетті «құтқаратын» RBK банкінің несиелері және Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың қамауға алынуы (15%-дан).
Спорт мен мәдениет саласына кезек берейік. EXPO-2017 халықаралық көрмесін қазақстандықтардың 58%-ы жылдың ең маңызды оқиғасы деп бағалады. Алматыда өткен Қысқы Универсиада-2017 қатысушылардың 16% даусын жинады. «Астана» футбол клубының бірінші рет Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығуын 10% респонденттер маңызды спорт оқиғасына жатқызды. «Баян Есентаеваның өмірі мен шығармашылығы, нақты айтар болсақ, оның өзі жайлы жазған кітабының шығуы», «Астана Опера» театрында «Кармен» операсының тұсаукесері және«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының жүзеге асуы теңдей 7%-дан халық даусын иемденді.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – 2017 жылы әлеуметтік салада болған ең үлкен жаңалық. 33% қазақстандық мұны елдің басты оқиғасына жатқызды. Әлеуметтік саланың халық назарын аударған келесі оқиғасы – мемлекет көмегімен несиеге пәтер алуға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы (32%). 7-сыныпқа арналған орыс тілі пәнінің жаңа оқулығы төңірегінде болған дау-дамайды 21% респондент маңызды оқиғалар қатарына жатқызды. Аса көрнекті тұлғаларды жерлеуге арналған ұлттық пантеон туралы үкіметінің қаулысы жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтаруға арналған «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватын құрудың алғашқы жұмыстары 7% қазақстандықтардың назарына ілікті.