DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақ әліпбиін латынға көшіру» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1829 адам қатысты. Әйелдер – 71%, ер азаматтар – 29%. Іріктеу ықтималдығы 90%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,33%-дан аспайды.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 2017 жылы 17-21 сәуір аралығында жүргізілді.
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросының кезекті сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 52%-ы қазақ тілінде сөйлей алады, 44%-ы латын әліпбиімен таныс емес. Латын әліпбиін меңгермегендердің көпшілігі (46%) – 40 жаста немесе 40-тан асқандар. Жастар арасында бұл көрсеткіш азырақ. Олардың 24%-ы латын әліпбиін білмейді, 43%-ы түсінеді, бірақ латын әліпбиіне негізделген бірде-бір шет тілін меңгермеген. Елбасы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бастамасын көтергенде, балаларымыз мектеп қабырғасында ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйренеді. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындықтар болмау керектігін және жас буын өкілдерінің жаңа алфавитке тез көше алатынын айтқан еді. Ал жас буын өкілдерінің өзі латын әліпбиіне көшу туралы не ойлайды?
Халықтың жартысы (54%) мұндай өзгерістер енгізудің қажеті жоқ дейді. Бұл жауапты таңдағандардың 60%-ы – 18-29 аралығындағы жастар. Латын әліпбиіне көшудің маңызын түсінген, бірақ дәл қазіргі дағдарыс уақытында бұл өте көп шығын қажет етеді дегендер – 30%. «Бұл – өзекті мәселе, қазақ әліпбиін латынға көшіру керек» деп бірауыздан қолдау білдірген қазақстандықтардың басым бөлігі – ересектер. 50-59 жас аралығындағы респонденттердің 21%-ы 70 және одан үлкен жастағы қатысушылардың 30%-ы бұл пікірмен келіседі.
Қатысушыларға «Қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру бастамасы қалай аяқталуы мүмкін деп ойлайсыз?» деген сауал қойылды. Өте көп ақша мен қаржы жұмсалатыны белгілі болғанда, бұл шешім тоқтататылуы мүмкін деп ойлайтын қатысушылар – 32%. Ал, 25%-ы латын алфавитіне көшеміз, бірақ Өзбекстан тәжірибесі секілді түпкілікті көшу ұзақ уақыт алады дейді. Көшкенімізбен кириллица латын қарпімен біраз уақыт қатар қолданылады деген жауапты 43% қатысушылар таңдады.
Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің танымалдығына әсер етпейді немесе айтарлықтай өзгерістер болмайды. 31% респонденттер қазақ тілін үйрену қиындап кететін болды деп алаңдайды. 30%-ы қазір нақты бірдеңе айтуға ерте десе, 17%-ы ештеңе өзгермейді дейді. 18 бен 29 жасар қатысушылардың 33%-ы қазақ тілін латын әрпі арқылы үйрену оңай болады, әсіресе, шет елдіктер үшін жақсы мүмкіндік болатын болды дейді.
Қазақстан халқының қазақ тілін қаншалықты меңгергені жайлы да айта кетейік. Халықтың 52%-ы қазақ тілінде еркін сөйлеп, еркін жаза алады. 18%-ы мемлекеттік тілде сөйлей алады, 19%-ы «түсінеді, бірақ сөйлей алмайды». Географиялық бөлініс халықтың ұлттық құрамымен сәйкес келеді. Мысалы, Астана қаласы, Маңғыстау, Қызылорда және Атырау облыстары тұрғындарының 62%-дан көп бөлігі мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Айта кетерлігі, өзге облыстармен салыстырғанда, атыраулықтар арасында латын қарпіне көшу туралы бастаманы қолдағандар көп. Ал, Қостанай және Солтүстік Қазақстан тұрғындарының қазақ тілін меңгеру деңгейі төмен. 39% қостанайлықтар мен 28% солтүстік қазақстандықтар мемлекеттік тілді мүлде білмейді.
Жаңа әліпбиге көшу барысында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары қиыншылықтар мен кедергілерге бетпе-бет келуі мүмкін. Аталған облыстар халқының жартысынан көбі (53% және одан көп) латын қарпімен мүлде таныс емес.