Сондай-ақ азаматтардың жартысынан көбі ресми ақпаратқа сенбейді
2022 жылдың 29 желтоқсаны мен 2023 жылдың 14 қаңтары аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы PaperLab зерттеу орталығымен бірлесіп азаматтар арасында «Қазақстандықтардың қаңтар оқиғасына көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Қанды Қаңтар оқиғасы – қазақстандықтардың көбі үшін ауыр болғаны сөзсіз. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінің митиңге шыққандарға оқ атуын, жаппай тұтқындауы мен азаптауын қатаң сынға алды. DEMOSCOPE бюросы қайғылы оқиғадан бір жыл өткеннен кейін халықтың пікірі қандай екенін зерттеп көрді. Зерттеуде биліктің даулы шешімі, оны қазақстандықтардың қабылдауы мен болжамы қарастырылды.
Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 71,1%-і Тоқаевтың ереуілге шыққандарға ескертусіз оқ ату туралы бұйрығын қолдамайды. Ал 11,3%-і, керісінше, дұрыс шешім деп ойлайды. 11,1%-і жауап беруге қиналса, 6,5%-інің бұл туралы мүлдем хабары жоқ.
Айта кету керек, қазақстандықтардың 71,6%-і азаптауға қарсы. 7,1% азамат бұл әрекетті қолдап, ақтап алуға тырысса, 12,5%-ы сұраққа жауап бере алмаған. 8,8%-і ештеңе білмейтінін жеткізді.
Қоғам пікірінің негізгі көрсеткіші – Қаңтар оқиғасына қатысты ресми дереккөздер таратқан ақпаратқа халықтың сенімі. Ал қазақстандықтардың жартысынан көбі (53%) биліктің дерегіне сенбейді. Олардың 30,8%-і мүлдем сенбеймін десе, 22,2%-і сенбейтін тәріздімін деп жауап берген. Ал азаматтардың үштен біріне жуығы (29,6%), керісінше, ресми ақпаратқа иланады. Олардың 13,7%-і толықтай сенемін десе, 15,9%-і сенетін сияқтымын деп дүдәмал жауап берген.
Қаңтар оқиғасына қатысты қоғамда бірыңғай пікір жоқ екені белгілі. Қазақстандықтардың үштен бірінен көбі (37,9%) бұл – кейбір саяси күштердің елдегі билікті басып алу үшін ұйымдастырған провакациясы екеніне сенімді. 27,7%-і оны кей жерлерде тәртіпсіздік пен тонауға ұласқан бейбіт қарсылық шарасы деп есептейді. 14,6% азамат елге жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан лаңкестер шабуыл жасады десе, 3,8%-і оқиғаның себебі басқа деп ойлайды. 15,9% тұрғын жауап беруге қиналған.
Жағдайды реттеу үшін билік көп жерде халықты күшпен тарату әдісін қолданды. Ол, керісінше, ереуілге шыққандардың қарсылығы мен наразылығын күшейтіп жіберді. Десе де, сауалнамаға қатысқандардың 42,2%-і қарсылықты күшпен басу орынды деп есептейді. Ал 36,8% респондент – күш қолдануға қарсы.
Тоқаевтың ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) әскерін кіргізу шешімі де резонанс тудырды. Сауалнамаға сенсек, қазақстандықтардың көбі президенттің қадамын мақұлдамаған. Сауалнама қатысушыларының 43,6%-і ҰҚШҰ контингентін кіргізуін қолдамаса, 36,8%-і бұл шешімді дұрыс деп тапқан.
Кей қалаларда жанжалды реттеу үшін әкімдер халық алдына шығып, келіссөз жүргізбек болды. Респонденттерді көбі (64,8%) мұны дұрыс деп есептейді. Керісінше, 14,6%-іне мұндай қадам жөнсіз көрінген.
Сонымен қатар Алматы мен Астанадағы тәртіпсіздіктерді басу үшін билік толығымен интернетті өшіріп тастады. Бұл азаматтардың болып жатқан оқиға туралы ақпарат алуын шектеді. Интернетті өшіруге қатысты азаматтардың пікірі екіге жарылғаны түсінікті – қазақстандықтардың 44%-ң толық шатдаунды мақұлдамаса, 43,2%-і қолдайды.
Сондай-ақ DEMOSCOPE сауалнама аясында Қаңтар оқиғасын бастан өткерген азаматтардың оқиғаны эмоционалдық тұрғыдан қабылдауына талдау жасады. Респонденттерден Қаңтар оқиғасын еске алғанда қандай сезімде болатыны сұралды. Сауалда таңдау көп. Сонымен қазақстандықтардың көбі қорқыныш пен уайым (33,3%), аяу (26%), қайғы (13,5%), көңілі толмау (8,2%), көңілі қалу (6,1%), әділетсіздік (5,6%) және ашу (3,7%) сезімдерінің жетегіне ереді. 2%-тен азы тітіркену, немқұрайлылық, жек көру, агрессия сезінеді. Респонденттерде мақтаныш пен сенім сезімі сирек кездескені түсінікті.
Қайғылы Қаңтар оқиғасы заманалы Қазақстан тарихындағы ең қанды қарсылық шарасы болды. Рефлексия мен түсінудің маңызды кезеңі – жауаптыларды іздеу. Азаматтардың үштен бір бөлігіне жуығы (28,4%) қаңтардағы қарсылықтың қанды оқиғаға ұласуына мемлекеттің жоғары басшылығы (президент пен президент әкімшілігі) бәрінен бірінші жауапты деп есептейді. Ал 21,3%-і трагедияға азаматтардың өзі кінәлі деген пікірді айтты. 11,3%-і құқық қорғау органдарын кінәласа, 5,2%-і жергілікті әкімдерді айыптайды. 10,5%-і оқиғаның себебі басқада деп есептейді.
Сауалнамада азаматтарға кейінгі жылы елде қандай да өзгеріс байқадыңыз ба деген сұрақ қойылды. Респонденттердің көбі (39,3%) айтарлықтай өзгеріс байқамаған, бірақ болатынына сенеді. Сол шамадағы азаматтар (24,6%) оң өзгерістер анық көрініп тұр деп жауап берді. 6,5%-і жағдайдың бұрынғыдан да нашарлап кеткеніне сенімді.
Соңында Қаңтар секілді оқиғалар болашақта қайталануы мүмкін бе деген қорытынды әрі маңызды сұрақтардың бірі қойылды. Респонденттердің 31%-і мұндай оқиғаның қайталану мүмкіндігі 50/50 деген пікір айтты. 36%-і қайталану мүмкіндігі өте төмен десе, 13,7%-і, керісінше, оқиғаның қайталану қаупі жоғары деп ойлайды.
DEMOSCOPE бюросы мен PaperLab зерттеу орталығының сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың жартысынан көбі ресми ақпаратқа сенбейтінін және қайғылы оқиғаға жоғарғы билік пен құқық қорғау органдарын кінәлайтынын көрсетті. Қоғам ескертусіз оқ ату мен ұсталғандарды азаптауға қарсы. Оқиғаға бір жыл өтсе де қазақстандықтар еске алғанда әлі де қорқыныш, уайым, аяныш пен үрей сезінеді.
Қазақ және орыс тілдеріндегі пресс-релизі мен инфографиканы сілтемеге өтіп көре аласыз. Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме қою міндетті.
_________________________________________________________________________
Әдіснама: 2022 жылдың 29 желтоқсаны мен 2023 жылдың 14 қаңтары аралығында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы, Шымкент) тұратын 1047 адамнан сауалнама алынды. Сауалнама Қазақстан ұялы байланыс абоненттеріне хабарласып, сұрақ қою арқылы жүргізілді. Нөмірлер базасы кездейсоқ сандар генераторының көмегімен таңдалды. Сауалнамаға жалпы 18 жастан асқан 1047 адам қатысты. Оның 54,2%-і – еркек, 45,8%-і – әйел. 60,3%-і орыс тілінде жауап беруді қаласа, 39,7%-і қазақ тілін құп көрген. Дегенмен респонденттердің 69,9%-і – қазақ, 16,1%-і – орыс және 13,9%-і – басқа ұлт өкілдері. Мәліметтер респонденттердің жынысы мен жасы сынды параметрлер бойынша іріктелді. Іріктеу ықтималдығы – 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-тен аспайды. Респонденттердің қолжетімділік деңгейі (response rate) – 12%.
Сауалнаманы MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың қаржылай қолдауымен және PaperLab зерттеу орталының серіктестігімен жүзеге асырды. Сауалнама дерегі респонденттердің көзқарасын білдіреді.
Қосымша ақпаратты Снежана Цойға хабарласып алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.