DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстан болашағы» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1951 адам қатысты. Әйелдер – 75%, ер азаматтар – 25%. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,33%-дан аспайды.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 2016 жылы 30 қараша мен 6 желтоқсан аралығында жүргізілді.
Сауалнама қатысушыларының 59%-ы еліміздің болашағы жарқын болатынынына сенеді. Олардың ойынша, Қазақстан бұдан әрі қарқынды дамиды. 33%-ы Қазақстанда ештеңе өзгермейді, барлығы тұрақты болады деп жауап берді. Небәрі 8% респонденттер ертеңгі күнімізге күмәнмен қарап, еліміздің жағдайы нашарлайды дейді.
Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысынан сәл астамы (51%) Қазақстан алға нық қадам жасауы үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларға бірден міндетті реформалар жасау қажет деп санайды. Бұл пікірмен 16-29 жас аралығындағы жастар (62%) мен 40-49 жастағы азаматтардың (63%) басым бөлігі келісті.
Респонденттердің 31%-ы реформалар, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау саласында жүргізілуі қажет дейді. 14%-ы экономикалық өзгерістірді күтсе, 3%-ы ауқымды саяси реформалар маңызды дейді.
Әлеуметтік салалардағы реформалардың өзектілігін Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарының тұрғындары атап өтті. Нақты айтар болсақ, аталған әр облыстың 40% тұрғыны осы жауап нұсқасын таңдады.
Экономикалық реформалар қажеттілігін атап өткен респонденттер арасында 30-39 жас аралығындағы азаматтар басымдық көрсетті – 26%. Білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде өзгерістерді қалайтын қазақстандықтар арасында егде тартқан азаматтар көп, нақты айтсақ, олардың 40%-ы – 70 жаста және одан үлкен.
Қазақстандықтар саяси, экономикалық, әлеуметтік салалардың болашақта жақсара түсетініне кәміл сенеді.
Экономикамыздың әлсіреуіне алып келген дағдарысқа қарамастан, қазыр қазақстандықтардың 51%-ы экономикамыз бірте-бірте дами түседі деп үміттенеді. «Айтарлықтай өзгеріс болмайды, экономикалық жағдайымыз тұрақты болып қала береді» деген жауапты таңдағандар – 38%. Қалған 11% респонденттер уақыт өте келе экономикалық жағдайымыз нашарлай береді дейді.
Ішкі жағдайлар жақсармайтын болса, «Қазақстан әлемдік аренадағы позициясын сақтап қала алмайды» деп пікір білдірген респонденттер – 5%.
8% Экономикалық қауқарлы ел ғана биік беделге ие бола алады. Ал, экономикалық дағдарыс Қазақстанның өз позициясын арттыруына кері әсерін тигізеді деп жауап берді. Бұл жауапты Атырау облысы халқының 25%-ы таңдады.
Алайда, Қазақстанның саяси аренадағы ертеңгі орнын «Орталық Азия аймағындағы ең тұрақты мемлекет ретінде Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі арта түседі» деп бағалағандар үлесі басым – 58%. Бұл позицияны көбінесе әйелдер тарапы қолдады. Сауалнамаға қатысқан әйелдердің 62%-ы бірауыздан Қазақстанның саяси аренадағы рөлі тек қана арта береді деп жауап берді.
Саяси, әлеуметтік және экономикалық салаларды салыстыратын болсақ, еліміздің әлеуметтік саласының болашағына сеніммен қарайтын қатысушылар аз екен. 47%-ы айтарлықтай өзгерістер болмайды, бірақ әлеуметтік сала тұрақты болады дейді. 38%-ы қандай да бір өзгерістерді күтсе, 15%-ы экономикалық түйткілдер әлеуметтік салаға әсер етпей қоймайды деп болжам жасады.