DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Медициналық қызмет көрсету. ҚР Денсаулық сақтау жүйесі» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1937 адам қатысты. Әйелдер – 82%, ер азаматтар – 18%. Іріктеу ықтималдығы 90%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 0,97%-дан аспайды.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 2016 жылы 21-30 желтоқсан аралығында жүргізілді.
Қазақстандықтардың көбі қазіргі денсаулық сақтау жүйесіне нариза. Бірақ, олар медициналық қызметтерді ақылы пайдаланаудан бас тартпайды. Халықтың 51%-ы тұтынушылардың қалауынша ақылы және тегін қызметтерді енгізуді дұрыс дейді. Қазақстан медицинасына бес балдық жүйе бойынша «үш немесе одан төмен» деп баға берген қазақстандықтар – 65%.
Басқа аймақтарға қарағанда Алматы мен Солтүстік Қазақстан тұрғындарының көбі медицина сапасын нашар дейді. Бұл пікірді 38% алматылықтар мен 36% солтүстік қазақстандықтар білдірді. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесін «өте жақсы» деп бағалағандар небәрі – 2,5%. Сондай-ақ, 10,5% респонденттер елімізде медицина саласында болып жатқан бірнеше жағымды жаңалықтарды атап өтті, бірақ соңғы уақытта нашарлап бара жатқанын мойындау керек дейді.
Сауалнама барысында еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі мәселелер жайлы қазақстандықтардың көзқарасы сұралды. Жауап берген азаматтардың 61%-ы білікті мамандардың жетіспеушілігі, медициналық білімнің төмендігі және мықты мамандардың шет елдерге қоныс аударуы деп жауап берді. Сондай-ақ, медицина саласы қызметкерлері жалақыларының аздығын негізгі проблемалар қатарына жатқызғандар – 14%. 10% респонденттер дәрі-дәрмектер жетіспейді әрі өте қымбат бағамен сатылады деп шағымданды. Сонымен қатар, медициналық мекемелердегі жемқорлық пен емханалардың жеткілікті деңгейде техникамен жабдықталмауын 4% азаматтар атап өтті.
Денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерге байланысты, кейбір азаматтар дәрігерлер көмегіне жүгінгенше, өз бетінше емделгенді жөн көреді. Нақты айтар болсақ, 23% респонденттер «таныстарымның кеңесіне, халық еміне және интернеттегі ақпаратқа жүгінемін» деп жауап берді. Бұл жауапты таңдағандарың көбі 60-69 жас аралығында. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының көбі осы жауапты таңдады.
Азаматтардың 43% -ы мемлекеттік медициналық мекемелерге сенім артады. Мемлекеттік медицинаға Астаналықтар (52%) мен Ақмола облысы (56%) тұрғындары тарапынан сенім жоғары.
Жекеменшік медициналық мекемелерге халықтың 19%-ы cенеді. Бұл жауапты таңдағандар арасында Оңтүстік Қазақстан мен Атырау облысы тұрғындары көп. 30% шымкенттіктер мен 30% атыраулықтар жекеменшік мамандарға ақша төлеп емделіп жүр.
Қазақстандықтардың 45%-ы медицина саласы толықтай тегін болуы керек дейді. 30-39 жас аралығындағы респонденттердің 56%-ы осы пікірді ұстанады. Ал, 18-29 жасар жастардың 54%-ы әр адамның ақылы немесе тегін медициналық қызметтерді таңдауға мүмкіндігі болуы керек дейді.
2017 жылдан бастап Қазақстанда медициналық сақтандыру өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар мен жұмыс берушілер үшін міндетті болады. 21% респонденттер бұл бастаманы қолдайды, 28%-ы «бұл – азаматтар тарапынан төленетін артық төлем. Бұдан медицина сапасы артпайды» дейді. 23% нақты жауап бере алмады.
Сауалнама қатысушыларының 14%-ы «сақтандыру міндетті емес, ерікті түрде болуы керек» дейді. «Барлық орындарда дұрыс ұйымдастырылатын болса, дұрыс деп есептеймін. Көптеген елдерде бұл қолданыста бар» деген жауапты таңдағандар да 14%.