Қазақстандықтар: «Қырғыздар – біздің бауырымыз»

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдемесінен кейін қазақстандықтардың қырғыздарға деген көзқарасы қаншалықты өзгергенін анықтамақшы болды. Зерттеу «Қазақ пен қырғыз бір туған ба?!» деген тақырыпта жүргізілді. Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан 1822 адам қатысты. Қатысушылардың  70%-ы – әйелдер. Сауалнама нәтижесінде жауап берушілердің аты-жөні көрсетілмейді.  

Сонымен, Алмазбек Атамбаевтың  Қазақстандағы өмір, қазақстандық олигархтар мен элита жайлы айтқан мәлімдемесінен кейін отандастарымыздың бауырлас ел халқына деген көзқарасы өзгерді ме? 84% респонденттер «жоқ, өзгерген жоқ, қырғыз халқы – біздің бауырымыз» деп жауап берді. 3%-ы «көзқарасым жақсарды» десе, дәл осынша пайызы «нашарлады» дейді.

Қатысушылардың 10%-ы «жоқ, өзгермеді. Мен қырғыздарды ешқашан бауырлас ел деп қабылдаған емеспін» деп жауап берді.

Қазақстандықтар көрші ел президенті Атамбаевтан мұндай мәлімдемені күтпеді. Зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 61%-ы: «Атамбаев өзге ел жайлы дәл осылай айтуға құқылы емес. Бұл – мемлекет басшысының деңгейіне лайық әрекет емес» деген жауапты таңдады. «Осындай мәлімдемеге негіз болатындай Қазақстанның Қырғызстанға ықпалы күшті емес» деген қатысушылар – 26%. 13% «Атамбаев дұрыс айтады. Ол барлығын қаз қалпында жеткізді» деді.

Шекараның Қазақстан жағында бақылаудың күшеюі, қырғызстандық сүт өнімдері мен жеміс-жидектерді елге кіргізбеу сынды шараларды қазақстандықтар дұрыс емес деп қабылдады. Олардың 47%-ы ойларын «меніңше, жауапсыз қалдырғанымыз абзал еді. Не болса да, дәл осылай жауап бермеуге болар еді» деп жеткізді. Ал 26%-ы дұрыс жасалды, қырғыздар кінәсін сезінулері керек деп санайды. Ал, небәрі 1% қазақстандықтар бұлай болғанына өкінеді. Олар қырғызстандық сүт өнімдерін тұтынушылар екен.

Оқиға ары қарай қалай өрбиді? Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 40%-ы қандай жағдай болмасын достығымыз сақталады деп сенеді.  Екі ел арасына түскен сызат біразға дейін жалғасады дегендер – 3%. 47% ара-қатынасымыздың нашарлағаны сөзсіз, бірақ жақын арада барлығы өз қалпына келеді деп үміттенеді.

Алдыңғы

Азаптаудың басты себебі – кінәлілердің жазаланбауы

Келесі

Адамның жынысы маңызды емес, бізге байланыс керек