DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтарының қатысуымен «Қазақстанда гендерлік теңдік бар ма?» тақырыбында сауалнама жүргізді. Бюроның сұрақтарына жауап берген азаматтардың көбі Қазақстанда мансап жолымен көтерілу үшін адамның жынысы маңызды емес, олардың жоғарыдағы байланыстары мықты болуы керек деп ойлайды. Сонымен қатар, көпшілігі «харрасмент» деп аталатын жағымсыз құбылысқа соқтықпаған екен. Сауалнамаға еліміздің барлық облысынан 1860 адам қатысты. Олардың 73%-ы әйелдер, 27%-ы ер азаматтар.
«Қазақстанда жұмысқа тұру үшін ерлер мен әйелдерге мүмкіндік теңдей беріледі деп есептейсіз бе?» деген негізгі сұраққа қазақстандықтардың жартысынан астамы (52%) нақты жауап бере алмады. Олар әр жұмыс берушінің өзіндік талаптары болады деп санайды. Көп жағдайда ер азаматтарға көбірек мүмкіндік беріледі дегендер – 11%. «Әйелдердің мүмкіндігі көбірек. Себебі, олар ерлерге қарағанда ұқыптырақ» деген пікірді небәрі 3% қолдады. 34% респонденттер Қазақстанда әйелдер мен ерлердің еңбек құқықтары теңдей деп санайды.
Халық арасында бірдей жұмыс жасап жүрген әйел мен ер адамға әртүрлі жалақы төленеді деген пікірлер ара-тұра айтылып жатады. Біз осы пікірді халықтың өзінен сұрадық. 65% қатысушылар «Кімнің жұмысы қиын болса, соған көбірек төленеді. Бұл жерде адамның жынысы маңызды емес» дейді. 13% ер адамдарға десе, 1% әйелдерге деп жауап берді.
Қазақстанда қызмет бабымен өсу үшін кімде мүмкіндік көбірек? Зерттеу қатысушыларының 40%-ы «Біздің елімізде адамның жынысы емес, жоғарыдағы байланыстары маңыздырақ» дейді. Ал 33% кім талантты болса, сол табысқа жетеді деп сенеді. 10%-ы әйелдер қауымының мүмкіндіктерін жоғары бағалайды. Олардың ойынша, әйелдер ерлерге қарағанда жұмысқа ынталыларақ, үй шаруасымен де айналысады, ерлермен қатар жұмысын да жасайды. 18% ер азаматтарда мүмкіндік көп дейді. Оның себебін олар үкіметте, топ-менеджментте ер адамдардың көптігімен байланыстырады.
«Сіз немесе сіздің танысыңыз жұмыс орнында харрасментпен, яғни алымсақтықпен бетпе-бет келген бе еді?» деген де сауал қойылды. 66% мұндай әрекетті көрмеген. Ал, 4% мұндай жағымсыз жағдайларға кездескен. «Өз басым кездеспедім, бірақ жұмыста мұндай оқиғалар болған» деген жауапты таңдағандар – 3% .