DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың Иосиф Сталинге көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы және Қазақстанның өзге 14 облыс орталығынан 16 жастан асқан 1862 адам қатысты.
Олардың 68%-ы әйелдер және 32%-ы ер азаматтар. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 0,6%-дан аспайды.
Зерттеу әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат. Сауалнама 2018 жылы 8-11 наурыз аралығында жүргізілді. Сауалнама нәтижесі БАҚ-та жарияланады. Жауап берген азаматтардың аты-жөні көрсетілмейді.
Зерттеу Иосиф Сталин қайтыс болған күннен 65 жыл өтуіне байланысты өткізілді.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтар Сталин тұлғасына бейтарап қарайды. Сауалнама қатысушыларының 39%-ы «Сталинге деген көзқарасым бейтарап. Тарих беттерінде қалды, біздің қазіргі өмірімізге ешқандай әсері жоқ» деген жауапты таңдады.
Азаматтардың 37%-ы КСРО Иосиф Виссарионовичтің арқасында ірі державаға айналды дейді.
17% қазақстандықтар кеңестік диктаторды жақтырмайды. 10%-ы Сталиннің реформалары, жаппай қуғын-сүргін, халықтарды қоныс аударту шараларының кесірлерінен миллиондағын халық қырылып қалды дейді. Сталиннің қазақ интеллигенциясын қуғын-сүргінге ұшыратқанын, «Алаш» партиясын түптұқиянымен жойып жібергенін 7% қатысушы еске алды.
Сонымен қатар, 7% Сталин тұлғасына тамсана қарайды екен. Олар Сталинге «ХХ ғасырдың ұлы саяси қайраткері» деген баға береді.
Жастардың көпшілігі (16-29 жасар қатысушылар) бейтарап позицияны ұстанады, ал аға-буынның жартысының (60-69 жас аралығындағы қатысушылар) пікірінен Сталинге деген өшпенділік байқалмады.
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 52%-ы КСРО-ң Ұлы Отан соғысындағы жеңісін Сталиннің ерең еңбектерінің негізгісі деп санайды.
«Ол билік еткен тұста бастауыш білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы жүйесі секілді тегін әлеуметтік институттар қалыптасты» дейді 34% қатысушылар.
14%-ы «Сталин КСРО-ны әлемдік масштабтағы әскери индустриялы державаға айналдырды» деген нұсқаны таңдады.
Қазақстандықтардың пікірінше, Иосиф Сталин билік еткен тұстағы ең жантүршігерлік кезең қандай? Қатысушылардың жауаптары теңдей үшке бөлінді.
34% халықты жаппай қоныс аударту ұлт үшін трагендия болды дейді. Бұл жауапты белгілеген қатысушылардың көбі 30-39 жас аралығында.
33%-ы «Күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру 1932-33 жылдардағы қасіретті «Ұлы жұтқа» алып келді» дейді. Бұл жауапты таңдағандардың көпшілігі (41%) – 60-69 жас аралығындағы қатысушылар.
Тағы да 33% қатысушылар Сталиннің 1937—1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін мен саяси қудалау кезеңіндегі ұлтқа жасаған қастандығын атады.
Өскелең ұрпақ Сталинизнен қандай ой қорытуы керек деген сұраққа сауалнама қатысушыларының 78%-ы «Біз мұндай қателіктерге жол бермеу үшін, өткен күннің сабақтарын есте сақтауымыз керек» дейді.
Зерттеу қатысушыларының 14%-ы «Тек орталықтандырылған мықты билік қана халықты табысты басқара алады және ауқымды реформаларды жүзеге асыра алады» деген нұсқаны таңдады.
«Бір адамның шексіз билігі жеке тұлға еркіндігінің жойылуына алып келеді» деген қатысушылар – 8%.
Ресейлік кинотеатрларда көрсетуге тыйым салынған «Сталиннің өлімі» фильмін 23% қатысушылар көріпті. Олардың 13%-на француз-британдық әзіл ұнамаған. Ал 10%-ы саяси сатираны ұнатқан. Азаматтардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 76%-ы, бұл фильмді көрмеген.