DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Трамптың Қазақстандағы беделі» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1903 адам қатысты. Әйелдер – 69%, ер азаматтар – 31%. Іріктеу ықтималдығы 90%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,33%-дан аспайды.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 2017 жылы 4-5 наурыз күндері жүргізілді.
АҚШ-тың жаңа президенті сайланғалы алты ай өтсе де, қазақстандықтардың ойынша, американың жаңа көшбасшысы жайлы, оның Қазақстанға ықпалы жайлы нақты пікір білдіру әлі ертерек.
Алайда, Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы сауалнама арқылы Қазақстан азаматтарының Дональд Трамп жайлы ойларын анықтады.
Қазақстан халқының 17%-ы Трампты жылы шыраймен қабылдады. Олардың басым бөлігі – аға буын өкілдері. Елу және одан үлкен жастағы сауалнама қатысушыларының төрттен бір бөлігі Трампты «жақсы саясаткер» деп бағалады. Бұл америкалық сайлаушыларға ұқсас жағдайды еске салады. Америкада да аға буын өкілдері Хиллариға қарағанда Трампты мақұл көрген болатын. Нәтижесінде, 50 жастан асқан дауыс берушілердің 53%-ы Трампты таңдады. Қазақстанда басқа жас категориялары арасында Трампты ұнатқандар 12%-ға жетпейді.
Қазақстандықтардың 21%-ы Трампқа қатысты бейтарап пікір ұстанады. 58%-ға тең бөлігі «нақты пікір білдіруге әлі ерте» деп жауап берді. Ал, 4% респонденттер Трампқа «Америка тарихындағы ең нашар басшы» деген баға берді.
Америкаға қарағанда, елімізде сауалнамаға қатысқан жастар мен 50 жасқа дейінгі азаматтардың басым бөлігі бейтарап пікірде болғанды қалайды немесе «нақты бірдеңе деуге әлі ерте» дейді. 27% 18-29 жасар және 24% 30-49 жас аралығындағы респонденттер «АҚШ-ң жаңа президенті Дональд Трампқа берер бағаңыз қандай?» деген сауалға «бейтарап пікірдемін» деп жауап берді. Ал, «оның президенттік қызметі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?» деген сұраққа қатысты да нақты пікір білдірмеді.
Қазақстандықтар Трамп билігінің Қазақстанға қандай ықпалы болуы мүмкін екенін де болжауға асықпады (58%). Сондай-ақ, оның әлемдік саясатқа қандайда бір өзгерістер енгізуі қаншалықты мүмкін екені жайлы да нақты пікір білдіре алмады (60%). Отандастарымыздың жартысының «Американы қайтадан ұлы державаға айналдырамыз» деген Трамп ұранына қатысты пікірі әлі қалыптаспаған.
Қазақстанның кейбір аймақтарының тұрғындары Трамп билігінің де, оның елімізге ықпалының да тек жағымды жақтарын көруге ұмтылады. Алматы қаласы, Алматы мен Маңғыстау облысы тұрғындарының, орташа есеппен алғанда, төрттен бір бөлігі Трамп билігі бірнеше бағытта жағымды өзгерістер алып келеді деп үміттенеді. Ол әлемдік саясат үшін де, Қазақстан үшін де жағымды әсер етеді деп күтеді. 35% Алматы облысы тұрғындары мен 40% алматылықтар әлемдік саясатқа жағымды ықпал ете алады деп болжайды.
Маңғыстау облысы тұрғындарының 31%-ы АҚШ билігінде болған бұл өзгерістен Қазақстан тек ұтады деп санайды. Тағы да 31%-ы Трамптың Қазақстанға ықпалы жайлы нақты пікір білдіру ерте десе, қалған 38% респонденттер ештеңе өзгермейді дейді.
Өзге облыс тұрғындары Трамп ықпалы туралы сұрақтарға тұшымды жауап берді. Оңтүстік Қазақстан халқы Трамптың билікке келуі әлемдік саясат үшін жемісті болады деп сенеді (40%). Бірақ, Қазақстанға қаншалықты ықпал ете алатыны жайлы нақты айту әлі ерте деп санайды (59%). Сондай-ақ, 67% респонденттер «Дональд Трамп, өзі айтпақшы, «Американы қайтадан ұлы державаға айналдыруға» қабілетті ме?» деген сауалға «нақты пікір білдіруге әлі ерте» деп жауап берді. Атырау халқының 14%-ы Трамп билігі Қазақстанға жағымды әсер етеді дейді. Ал, бірде бір қатысушы Трамп билігі әлем мен АҚШ үшін жағымды өзгерістер алып келеді деп ойламайды екен.
Солтүстік Қазақстан облысынан қатысқан респонденттердің 24%-ы Трампты АҚШ президенттерінің ішіндегі ең үздігі деп санайды. Соған қарамастан, 9% солтүстік қазақстандықтар АҚШ билігінде болған өзгеріс Қазақстан үшін сәтті болуы мүмкін дейді.
Трамп саясаты әлемдік аренаға айтарлықтай өзгерістер алып келмейді. Бұрынғы кезден еш айырмашылық болмайды деп санайтын қазақстандықтар – 28%. 5% Трамп ел беделін түсіріп, АҚШ-ты әлсірететін болды дейді. Ал, 17% респонденттер АҚШ-ң күшейетініне сенеді.