САЙЛАУ ТУРАЛЫ САУАЛНАМА: Қазақстандықтардың басым бөлігі партиялар мен кандидаттар халықтың мүддесін қорғамайды деп санайды

Ал респонденттердің 61,2 проценті қай партияға дауыс беретінін әлі шешпеген.

2023 жылдың 4-11 наурызы аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы PaperLab зерттеу орталығымен бірлесіп, азаматтар арасында «Қазақстандықтардың электоралды таңдауы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнама партиялардың қолдау деңгейін, сайлау алдындағы белсенділік және халықтың сайлауды қабылдауын қамтыды.

Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 62,5%-і сайлауға қатысатын партиялардың ешқайсысы халықтың мүддесін қорғамайды деп есептейді. Ал 22,5%-і, керісінше, партиялар тізімінде өз өкілдерінің бар екеніне сенімді. Ал 15%-і бұл сұраққа жауап беруге қиналған. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 64,1%-і Мәжіліс депутаттығына үміткерлер арасында халық өкілдері жоқ деп есептейді. Керісінше, 24,8%-і өз кандидаттары сайлау тізімінде бар деп есептейді. 11,1%-і бұл сұраққа жауап бере алмады.

Сауалнама нәтижелері қазақстандықтарда сайлауалды белгісіздік деңгейі айтарлықтай екенін көрсетті. Себебі сайлау қарсаңында респонденттердің көбі  (61,2%) қай партияға дауыс беретінін әлі шешпеген.

Респонденттердің электоралды таңдауы былай бөлінді:

(Партиялардың атауы респонденттерге оқылмағанын ескерген жөн).

  • «Аманат» партиясы – 20,8%
  • «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 3,3%
  • «Respublica» партиясы – 3,3%
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 2,5%
  • Қазақстан халық партиясы – 1,5%  
  • «Байтақ» жасылдар партиясы – 1%

Бір қызығы, азаматтардың 4,2%-і сайлау тізіміне енбеген басқа партияны атады. Ал 2,2 %-і барлығына қарсы дауыс беруді жоспарлап отыр.

Азаматтардың электоралды мінез-құлқының маңызды көрсеткіші – сайлауға қатысу деңгейі. DEMOSCOPE зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың жартысынан көбі (59,6%) сайлауға баруды жоспарлап отыр. Үштен бірінен азы (27,7%) дауыс беруге бармайды, ал 12,7 %-і әлі шешпеген.  

Сондай-ақ сауалнама барысында азаматтардың сайлау нәтижелеріне деген сенім деңгейіне талдау жасалды. Респонденттердің жартысынан көбі (52,1%) алдағы дауыс беру нәтижелеріне сенеді. Олардың 12,6%-і нәтижелерге толық сенуге болатынын, ал 39,5%-і сенетін сияқтымын дегенді айтты. Бір қызығы, бұл деректер сайлаушылардың болжалды қатысу көрсеткішімен сәйкес келеді.

Сонымен қатар жалпы саны 37,6% азамат сайлау нәтижелеріне сенімсіздік танытқан. Олардың 15,4%-і мүлдем сенуге болмайды, ал 22,2%-і сенуге болмайтын сияқты деп есептейді.

Респонденттердің 54,9%-і алдағы сайлауды Қазақстанды демократияландыру жолындағы нақты қадам деп санайды. Бұл пікірмен келіспейтін сауалнамаға қатысушылар 32,8%-ті құрады. 

Қазақстандықтардың жартысына жуығы (49,9%) оппозициялық партиялар да сайлауға қатысу мүмкіндігін алды деп есептейді. Респонденттердің үштен бірі (30,5%) бұл ұстанымды қолдамайды. 

Сауалнама халықтың сайлау процесінің ашықтығына деген сұранысының жоғары деңгейін көрсеткенін атап өткен жөн. Осылайша, азаматтардың абсолютті көпшілігі (92,4%) үшін еліміздегі сайлаудың шынайы әрі еш бұрмалаусыз өткені маңызды. Тек респонденттердің 5,7%-і бұл тезиспен келіспейді. 

Дегенмен 55,9%-і Қазақстандағы сайлау нәтижесі алдын ала белгіленіп қойғанына және сайлаушыларға көп нәрсе байланысты емес екеніне сенімді. Ал үштен бір бөлігінен астамы (34,8%) бұл пікірмен келіспейді.

Сауалнама, сонымен қатар, азаматтардың сайлау процесіндегі жаңалықтардан хабардар емес екенін көрсетті. Жалпы алғанда, 62,5%-і 2022 жылғы конституциялық өзгерістен кейін қабылданған дауыс берудің жаңа ережелерінен бейхабар. Ал азаматтардың үштен біріне жуығы, яғни 31,1%-і өзгерістер туралы хабардар және тағы 6,4%-і бұл туралы аз да болса естіген. 

Сауалнама барысында респонденттерден сайлау науқанын, атап айтқанда, партиялар мен кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын, қоғамдық пікірталастарды көруге қызығушылық таныта ма, жоқ па, сол сұралды. 50,3%-і жоқ деп жауап берсе, 41,7%-і,  керісінше, қызығушылық танытқан, ал 7,9%-і жауап беруге қиналған. 

Сауалнама барысында респонденттерден сайлау науқанын, атап айтқанда, партиялар мен кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын, қоғамдық пікірталастарды көруге қызығушылық таныта ма, жоқ па, сол сұралды. 50,3%-і жоқ деп жауап берсе, 41,7%-і, керісінше, қызығушылық танытқан, ал 7,9%-і жауап беруге қиналған. 

Сауалнама аясында респонденттер партиялар мен кандидаттар туралы естіген ақпарат көздерінің рейтиңі жасалды. Бұл сұрақта 2-3 нұсқаны таңдауға рұқсат етілді. 

  1. Билбордтар, көшедегі жарнама – 38,7%
  2. Әлеуметтік желілер – 31,5%
  3. Телевизия – 26,9%
  4. Интернет-сайттар – 26,8%
  5. Мессенджерлер (WhatsApp, Telegram) – 11,4%
  6. Таныстар, туыстар және достар – 9,2%
  7. Басылымдар (газет-журналдар) – 4,2%
  8. Радио – 4%
  9. Басқасы – 2,2%.

 Респонденттердің тағы 12,6%-і сайлау науқанын бақыламайтынын мойындады. 

Қорытындылай келе, сауалнама нәтижелері қоғамның әділ сайлауға деген сұранысы жоғары екенін және айтарлықтай сайлауалды белгісіздік деңгейі барын көрсетті. Бұл жағдай халықтың өткен жылдардағы сайлаудағы келеңсіз тәжірибесімен, партиялар мен кандидаттарға сенімінің төмендігімен, сондай-ақ қазақстандықтардың сайлау науқанына деген қызығушылығының төмендігімен байланысты болса керек. 

Сауалнама Қазақстан Республикасы ОСК-ның 2023 жылғы 3 наурыздағы №ОСК-402/346 ресми хабарламасына сәйкес жүргізілді. 

Материалды пайдалану кезінде гиперсілтеменің болуы міндетті.

––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––

Әдіснама: 2023 жылдың 4-11 наурыз аралығында 17 облыс және республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы, Шымкент) 1030 адамға сауалнама жүргізілді. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбаттасу арқылы жүргізілді. Таңдауға кездейсоқ сандар генераторының көмегімен терілген сандар негіз болды. Телефон арқылы сауалнаманы «KT CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүргізді. Сауалнамаға 18 жастан асқан еркектердің 53,8%-і және әйелдердің 46,2%-іқатысты. 67,2%-і орыс тілінде жауап берсе, 32,8%-і қазақ тілінде жауап беруді жөн көрді. Респонденттердің 71 проценті – қазақ, ал 15,1%-і– орыс, 13,9%-і – өзге ұлт өкілдері. Деректер респонденттердің жынысы, жасы және тұрғылықты жері (қала – ауыл) сияқты параметрлер бойынша өлшенді. Іріктеу ықтималдығы – 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-тен аспайды. Респонденттердің жауап беру деңгейі (response rate) 10%-ті құрады.

Сауалнаманы MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қаржылай қолдауымен және PaperLab зерттеу орталығымен бірлесіп жүзеге асырды. Сауалнама – респонденттердің көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты Снежана Цойға хабарласып алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.

Қазақстандықтардың электоралды таңдауы

САУАЛНАМА: Соғыс басталғалы қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлаған