Сауалнама нәтижесі: Қазақстандықтардың көбі Назарбаевтың еліне сіңірген ерең еңбегін жоғары бағалайды. Халық оның шешімін қолдағанымен, Астана атауын өзгертуді дұрыс деп санамайды

Астана атауының өзгеруін құптамайтын қазақстандықтардың көбі – 30-50 жас аралығында

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Астана атауының өзгеруі және  қазақстандықтардың Нұрсұлтан Назарбаев туралы көзқарасы»  тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Алматы, Астана, Шымкент қалалары және 14 облыс орталығы тұрғындары арасынан  18 жастан асқан 1813 азамат қатысты. Олардың 75% -ы әйелдер және 25%-ы ер азаматтар. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды. Зерттеу әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат. Сауалнама 2019 жылы 29-30 наурыз аралығында жүргізілді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетуге шешім қабылдауы және Астананың Нұр-Сұлтан деп өзгертілуі халық арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Demoscope бюросы қарапайым халықтың бұл жаңалықты қалай қабылдағанын және Елбасы кеткен соң не күтетінін білмекші болды.

Қазақстандықтардың басым бөлігі Нұрсұлтан Назарбаевтың президент ретінде атқарған жұмыстарын жоғары бағалайды (87%), «өз уақытында абыроймен кеткені құптарлық шешім болды» (44%) деп санайды.  Алайда, елордамыз Астана атауының өзгеруі туралы халықтың көзқарасы өзгерек. Қоғамның пікірі үшке бөлінді: шешімді қолдағандар, қолдамағандар және «маған бәрібір» деген жауапты таңдаған азаматтар.

42% респонденттер Тұңғыш Президентіміздің есімі мәңгі есте қалуы тиіс деп санайды. 35% мұндай шешімді дұрыс деп есептемейді. Олар қала атауын өзгертуді мемлекеттің қаражатын желге ұшыру деп қабылдайды. Сауалнама қатысушыларының 24%-ы нақты бір көзқарасымен бөліспей, бейтарап қалуды қалады, олар «маған бәрібір» деген жауап нұсқасын таңдады.

Аймақтарды бөліп қарайтын болсақ, ең көбі Нұр-Сұлтан қаласының (41%-ы қарсы, 28% қолдайды) және Атырау облысының (48%-ы қарсы, 28% қолдайды) тұрғындары елорда атауының өзгеруін құптамайды. Ал, алматылықтардың 41%-ы  қолдаса, қолдамағандар – 39%.

Солтүстік және батыстағы облыстардың тұрғындары арасында Астана атауының өзгеруін қолдамайтындар басым болса, оңтүстік халқы арасында биліктің бастамасын қолдайтындар көп. Аймақтардың біреуінде болсын Астана атауын Тұңғыш Президенттің есімімен алмастыруды қолдаған респонденттер үлесі 53%-дан аспады.

Сонымен, Назарбаевтың президенттік қызметін жоғары бағалағандар үлесі басым түсті. Ал, сауалнама қатысушыларының жартысынан аз бөлігі елорданың Нұр-Сұлтан деп өзгеруін қолдайды.

Сауалнама қатысушыларының 30-39 жас (40% қарсы, 29% қолдайды, 32% бейтарап) және 40-49  жас аралығындағы (42% қарсы, 34% қолдайды, 24% бейтарап) топтары арасында ребрендингке қарсылар көп. Ребрендинг жақтастары арасында егде жастағы азаматтар басым. Мәселен, 50-59 жас аралығындағы қатысушылардың 42%-ы қолдайды, 38%-ы қарсы және 20%-ы бейтарап пікірде. Ал, 60 жастан асқан қатысушылар арасында қолдайтындар 52% болса, қарсылар – 28%. Жастардың, 18-29 жас аралығындағы қатысушылардың,  басым бөлігі «маған бәрібір» (38%)  деген жауапты таңдады.

Жалпы алғанда, билік транзитін қазақстандықтар «жылы» қабылдады. Назарбаевтың президенттіктен кетуін дұрыс санайтын 44% қатысушылардан басқа, 23% «абдырап қалдым, ары қарай не болатынын білмеймін» деп жауап берді. Бұл жауап нұсқасын таңдағандардың арасында әйелдер (сұрақтарға жауап берген әйелдердің 26%-ы) көп. Сонымен қатар, Түркістан облысынан қатысқан қатысушылардың 38%-ы «ары қарай не болатынын білмейді» екен.

16% респонденттер бұл үрдісті бейтарап қабылдады, себебі «Назарбаев бұдан ары қарай да мемлекет басшысы болып қала береді» деген пікірде. 12% «Елбасы соңына дейін билік басында қалуы керек еді» деп санайды. Небәрі 4% қатысушылар Назарбаев баяғыда осылай жасауы керек еді деген жауапты таңдады.

Сауалнама нәтижесі Нұрсұлтан Назарбаевтың халық арасында беделінің жоғары екенін дәлелдеді. 60 жастан асқан қатысушылардың 90%-ы Елбасының атқарған жұмысына жоғары баға берді. Әйелдердің 88%-ы және ер азаматтардың 83%-ы жоғары бағалады.

Сауалнама барысында «Сіздіңше, Тұңғыш Президенттің сіңірген зор еңбегі қайсы?» деген сауал бірнеше жауап нұсқаларымен бірге ұсынылды. Халықтың 50%-ы Елбасына бейбіт күн үшін риза. Сауалнама қатысушыларының жартысының пікірінше, елдегі және аймақтардағы тұрақтылықтың сақталуы, ұлтаралық толеранттықтың нығаюы – Назарбаевтың сіңірген ерең еңбектерінің ең негізгісі.

Азаматтардың 40%-ы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды құрды, Елбасының арқасында әлемнің дамыған елу елінің қатарына кірдік деп жауап берді. Елорда Астананың салынуы мен дамуын респонденттердің 10%-ы ғана атап өтті.

Сонымен қатар, зерттеуге қатысқан қазақстандықтардан Қасым-Жомарт Тоқаев туралы пікірлері сұралды. Қатысушылардың жартысына жуығы (48%) бейтарап пікірде, олар «Тоқаевтың президент болып тағайындалуы шартты ғана, жалпы ештеңе өзгермейді деп ойлаймын» деген жауапты таңдады. 40% қатысушылар Қасым-Жомарт Тоқаевты президент болуға лайықты үміткерлердің бірі әрі бірегейі деп санайды.

7% Тоқаевтың президенттігін 2020 жылы биліктің Дариға Назарбаеваға өтуінің бір сатысы деп қабылдады. 5%  респонденттердің пікірінше, Тоқаев «адамның бойында сенім мен оптимизм ұялатпайды».

Зерттеу барысында қатысушылар жаңа президенттің алдында тұрған негізгі міндеттер жайлы ойларымен бөлісті.  Азаматтардың көбі (43%) Елбасы қабылдаған стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды Тоқаевқа жүктелген ең негізгі міндеп деп санайды.

24% жемқорлықпен күрес және мемлекеттік жүйені реформалау қажет деп санайды. Қазақстандықтардың 20%-ы жаңа президент әлеуметтік бағдарламалар санын көбейтеді деп күтеді.

Экономика мен шағын бизнестің дамуын таңдағандар 12% ғана. Бұл жауапты таңдағандардың көбі – алматылықтар (19) мен атыраулықтар (18%).

 

__________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.

Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады.

Сауалнама нәтижелері респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді.

Қосымша ақпарат алу үшін жоба үйлестірушімен байланысыңыз:
Снежана Цой, +7(727) 292-20-46

Қазақстандықтардың Нұрсұлтан Назарбаев туралы көзқарасы

Қазақстандағы президент сайлауы 2019