Сауалдама: Қазақстандықтар жалған ақпаратқа жиі тап болады

Сонымен қатар азаматтардың жартысынан көбі ақпараттың рас-өтірігін тексермейді

2022 жылдың 26 қарашасы мен 7 желтоқсаны аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы азаматтар арасында «Қазақстандық медиа мен әлеуметтік желілерде дезинформацияның таралуы мен оны қоғамның қабылдауы» тақырыбында сауалдама жүргізді.

DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың көпшілігіне дезинформация мен фейктің әсер ету қаупі бар. Сауалнама деректері бойынша, респонденттердің кем дегенде жартысына жалған ақпаратты байқау қиын.Фактчекиң жөнінде 18-24 жастағылар көбірек хабардар. Олар басқаларына қарағанда ақпараттың рас-өтірігін тексереді және фейк екенін оңай анықтай алады. 

 Нақтырақ айтсақ, азаматтардың 51%-і шынайы ақпаратты фейктен ажырату қиын екенін мойындаған: 33%-і фейкті үнемі байқап отыра алмаймыз десе, 18%-і әдетте жалған ақпаратты анықтай алмай қалатындарын айтқан. Ал 41%-і фейкті бірден біліп қоятынына сенімді.

 Сондай-ақ сауалдама аясында қатысушыларға жалған ақпарат екенін қайдан білесіз деген сұрақ қойылды. Жалпы азаматтардың 52%-і жаңалықты тексермейді екен – олардың 44%-і ақпаратты мүлдем тексермесе, 8%-і дереккөзге сенетіндерін айтқан. Бір қызығы, 6%-і  жаңалықты таныстары арқылы нақтылайды әрі соларды сенімді дереккөз деп санайды екен. Ал азаматтардың 5%-і бұл сұраққа жауап беруге қиналған.

Десе де, сауалдамаға қатысушылардың үштен бірінен көбі (37%) ақпаратты өздігінен тексеретін болып шықты – 27%-і деректі басқа БАҚ пен ресми дереккөздермен салыстырса, 10%-і Google мен Yandex көмегіне жүгінеді. 

Зерттеу барысында респонденттер фактчекиң не екенін білесіз бе деген сауалға жауап алу маңызды еді. Сауалдамаға қатысқан қазақстандықтардың 22%-і ғана дұрыс нұсқаны таңдады. 57%-і бұл сұраққа жауап беруге қиналса, 6%-і фактчекиң – фейк тарату; 3%-і – жаңалық тарату деп топшылаған.

Бұл деректер қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігінің медиасауат дәрежесі төмендігін, яғни дезинформация мен пропаганданың деструктивті әсеріне ұшырау қаупі барын дәлелдейді. DEMOSCOPE-тың бұған дейінгі зерттеу нәтижелері де осындай қорытындыға жақын.

Сауалнамаға қатысушылардың 17%-і күн сайын, 54%-і кейде ғана дезинформация ұшырасатынын жеткізген. 23%-і жалған ақпаратты кездестірмейтіндіктеріне сенімді.

Сауалнама аясында қатысушылардан қоғамдық маңызы бар ақпаратты қайдан алуды құп көретінін сұралған. Бұл сауалда бірнеше нұсқаны таңдауға мүмкіндік болды. Сол арқылы рейтиң жасалды.

Ең танымал дереккөз телеарна болып шықты. Оларды респонденттердің көпшілігі артық санаған (61%), екінші орында – интернет басылымдар. Оны сауалдамаға қатысқандардың 40%-і таңдаған. Үздік үштікке YouTube-арналар – 20% мен Instagram пабликтер – 17% енді.

Тізім ары қарай былай жалғасқан:

  • Таныстар, туыстар, достар – 13%
  • Facebook – 6%
  • Газеттер – 7%
  • TikTok – 7%
  • Радио – 3%
  • Telegram-арналар – 6%
  • Басқа – 2%.

Зерттеу 18-34 жас аралығындағы азаматтар ақпаратты интернет-басылымдар мен YouTube арналардан алатынын көрсетті. Сонымен қатар, 18 жастан 24 жасқа дейінгі респонденттер басқаларға қарағанда теледидарды аз көреді. Бұл жастағы азаматтар Instagram, TikTok және Telegram контентін көбірек пайдаланды. 

Сонымен қатар қазақстандықтардан фейк ақпаратты қай жерден жиі кездестіретіні сұралды.  Бұл сауалда да бірнеше нұсқаны таңдау мүмкіндігі болды. Сонымен, зерттеу қатысушылары интернет-басылымдардың ақпаратына аса сақ қарайды екен – 41%. Сауалнама қатысушыларының 29%-нің пікірінше, телеарналар да дезинформация тарауы мүмкін. Үшінші орында YouTube-арналар – 22%.

Ары қарай:

  • Таныстар, туыстар, достар – 13%
  • Instagram пабликтер – 11%
  • Tiktok– 8%
  • Telegram-арналар – 3%
  • Facebook – 3%
  • Газеттер – 3%
  • Радио – 2%
  • Басқа – 8%

Екі рейтиңнің өзара байланысын байқауға болады. Осылайша, жалған ақпаратты кездестіру мүмкіндігі белгілі бір ақпарат арналарын жиі қарай беруге байланысты деген қорытындыға тоқтаймыз. Бұл дезинформация барлық жерде кездеседі деген теорияны растайды.

Зерттеу нәтижелері медиасауат тұрғысынан қазақстандықтардың айтарлықтай әлсіз екенін, сол себепті оларға жалған ақпараттың әсер ету мүмкіндігі жоғары екенін растады. Геосаяси дағдарыс жағдайында тұрғындардың медиасауатын арттыру, оның ішінде қазақстандық мектептер, ЖОО мен мектепке дейінгі мекемелерге енгізу өте маңызды.

Қазақ және орыс тілдеріндегі инфографика мен баспасөз релизін мына сілтемеден көре аласыз: https://drive.google.com/drive/folders/1lC2qbShGP5BDfJjKpP4aqk132eTO0O6I?usp=sharing

 

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме қою міндетті. ________________________________________________________

Әдістеме: 2022 жылдың 26 қарашасы мен 7 желтоқсаны аралығында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы, Шымкент) тұратын 1100 адамнан сауалнама алынды. Сауалнама азаматтардың стационар нөміріне хабарласу арқылы қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Оған 18 жастан асқан 53% ер адам мен 47% әйел қатысты. Абоненттердің 23%-ы қазақ тілінде, 77%-ы орыс тілінде жауап бергісі келді. Азаматтар Қазақстандағы стационар нөмірлерінің абоненттік базасы арқылы таңдалды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды. Телефон арқылы сауалнаманы «КТ Cloud Lab» ЖШС байланыс орталығы жүргізді.

Жобаны  MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр  атындағы Қордың қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама деректері респонденттердің көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты Снежана Цойға хабарласып алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.kz. 

Қазақстандық медиа мен әлеуметтік желілерде дезинформацияның тарауы және қабылдануы

2022 жылдың маңызды оқиғалары