Сауалнама: қазақстандықтардың басым бөлігі үшін 2022 жылдың маңызды оқиғасы – қаңтар қырғыны

Сондай-ақ негізгі оқиғалар рейтингінде – бұрын-соңды болмаған қымбатшылық, Украинадағы соғыс пен Қазақстандағы президентін сайлауы да бар. 

2022 жылдың 8-18 желтоқсаны аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы азаматтар  арасында «2022 жылдың ең маңызды оқиғалары» тақырыбында сауалнама жүргізді. 

Сауалнама бойынша, 2022 жылы қазақстандықтардың 54%-і үшін қаңтардағы қайғылы оқиға ең маңызды болған. 

41% азамат азық-түлік өнімдері бағасының бұрын-соңды болмаған өсімін атаған. Респонденттердің 40%-не Украинадағы соғыс айтарлықтай әсер еткен. Сол шамадағы азаматтар (39%) Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау қоғам үшін аса маңызды оқиға болды деп атаған. Бұл сауалда респонденттердің бірнеше нұсқаны таңдау мүмкіндігі болды. 

Ары қарай айтулы оқиғалар тізімінде: 

  • Коронавирус пандемиясының бәсеңдеп, қалыпты өмірге оралу – 18%;
  • Нұр-Сұлтан атауының Астана боп қайта өзгеруі – 17%;
  • Қатардағы футболдан әлем чемпионаты – 14%;
  • Италиядағы Евровидение  – 4%;
  • Бейжіңдегі қысқы олимпиада – 4%.

Маңызды индикаторлардың бірі – келер жылдан қоғам не күтеді деген сауал. Респонденттерге 2023 жылы қандай өзгерісті көбірек күтесіз деген сауал қойылды. Қатысушылар бұл сұраққа да бірнеше жауапты таңдай алатын еді. DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың көбі экономикалық оң өзгеріс пен геосаяси дағдарыстың бәсеңдейтінінен үмітті. Себебі азаматтар бірінші кезекте экономикалық қажеттіліктерді белгілеген. 

60% азамат алдымен қажетті тауар бағаларының төмендеуін күтеді. Сауалнамаға қатысушылардың үштен бірінен көбі (34%) осал азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру шараларын арттыру қажет деп есептейді. Сондай-ақ респонденттердің 38%-ы ұлттық валюта – теңге нығаяды деп үміттенеді. 

Бұл сауалнама мәліметтері алдыңғыға байланысты болатыны түсінікті. Келер жылдан не күтесіз деген тізімде екінші орында әлемге бейбітшілік пен тыныштық тілеу болды. Қатысушылардың жартысына жуығы (47%) келер жылы Украинадағы соғыс аяқталады деген үмітте. 

Ары қарай қазақстандықтар өздерінің көзқарасы бойынша қажетті деп тапқан әлеуметтік өзгерістерді белгілеген: 

  • Медицина мен білім беру мамандарын даярлау реформасы – 27%;
  • Барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды енгізу – 24%;
  • Қазақ тілін үйретудің тиімді жүйесін жасау – 22%;
  • Шынайы саяси оппозиция құру (жаңа партиялар) – 9%.

Келер жылдан күтер үміттер тақырыбын жалғастырар болсақ, бір қызығы, қазақстандықтардың көбі (64%), 2023 жыл 2022-ге қарағанда жақсы болады деп есептейді. 21% азамат керісінше, жаңа жыл қиындау болады деген пікірде. Ал 15%-ы келер жылдың өткен жылдан айырмашылығы болмайды деп сенеді. 

Тағы бір маңызды индикатор – азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жай-күйі. Респонденттердің жартысына жуығы (45%) өздерінің өмір сапасы 2022 жылы бұрынғы дәрежеде болды деп мәлімдеді. 

Дегенмен қазақстандықтардың үштен бірі өткен жылмен салыстырғанда өмір сапасы төмендегенін айтқан. Зерттеу бойынша, өткен жылмен салыстырғанда 25% азамат нашар, ал  6% айтарлықтай нашар өмір сүре бастаған. 

Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бірі өмір сапасына көңілі толатынын жеткізген: 18% биыл өмір сапасы жақсарды десе, 6%-ы айтарлықтай жақсы болды деген. 

Сондай-ақ өткен жылмен салыстыра отырып баға беру үшін, қатысушылардан көбірек келісетін сөйлемді таңдау сұралды. Азаматтардың 45%-на 2022 жыл алдыңғы жылмен салыстырғанда қиын болған. Респонденттердің үштен бірі 2022 жылдың алдыңғы жылдан айырмашылығы болмады десе, 22%-ы ғана биылғы жыл алдыңғы жылдан жақсырақ болды деген пікірде. 

DEMOSCOPE бюросының зерттеу нәтижесі Қазақстан қоғамына қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс және содан кейінгі экономикалық дағдарыс пен инфляция ауыр соққы болғанын көрсетті. Азаматтар мұндай оқиғаларға дайын болмағаны анық. Дегенмен, азаматтардың басым бөлігі үмітін үзбей, болашаққа сенеді.  

Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі баспасөз релизі мен инфографиканы сілтеме арқылы көре аласыз. Материалды қолданар кезде гиперсілтеме қою міндетті. 

__________________________________________________________________

Әдістеме: Сауалнама 2022 жылдың 8-18 желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасының ұялы байланыс абоненттеріне хабарласу арқылы жүргізілді. Таңдауға кездейсоқ сандар генераторының көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 18 жастан асқан 1110 респондент қатысты. Олардың 79%-ы орыс тілінде жауап беруді құп көрсе, 21%-ы қазақ тілін таңдаған. Сауалнамаға 47% ер мен 53% әйел қатысты. Деректер жынысы мен жасы сынды параметрлер бойынша талданды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды. Телефон арқылы сауалнаманы «КТ Cloud Lab» ЖШС байланыс орталығы жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама деректері респонденттердің көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты Снежана Цойға хабарласып алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.kz.

2022 жылдың маңызды оқиғалары