Атом электр станциясын салуды респонденттердің 46,6%-і қолдаса, 37,7%-і қарсы
2023 жылдың 22 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен, PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп азаматтар арасында «Қазақстандықтардың атом электр станциясы (АЭС) құрылысына көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізді.
DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі Қазақстанда АЭС салуға қатысты қоғам пікірі екіге жарылғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 46,6%-і бұл бастаманы қолдайды. Оның 30,8%-і «әлбетте, қолдаймын» деп жауап берсе, 15,8%-і «қолдайтын сияқтымын» деп пікір білдірген. Ал 37,7% қазақстандық бұл бастамаға қарсы: 25%-і құрылыс идеясын мүлдем қолдамаса, 12,7%-і «қолдамайтын сияқтымын» деп жауап берген. Бір қызығы, бұл мәселеде қолдайтынын немесе қолдамайтынын нақты айтқан азаматтар саны басым.
АЭС құрылысын қабылдауға әсер ететін негізгі факторлардың бірі – тұрғындардың бұл тақырып туралы хабардар болу деңгейі. Қазақстандықтардың 36,8%-і үкіметтің атом электр станциясын салу жоспары туралы ештеңе білмейтін және естімеген болып шықты. 34,1% азамат бұл мәселе туралы ақпаратқа қанық болса, 29,1%-і «естіген сияқтымын, бірақ егжей-тегжейлі білмеймін» деп жауап берген.
Сонымен қатар Қазақстандағы АЭС құрылысын азаматтардың не себепті қолдайтынын немесе қарсы екенін білу де өте маңызды. Сол себепті, қолдаған немесе қарсы болған адамдарға қосымша сұрақ қойылды.
АЭС құрылысын қолдау себептері қатарында электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешу (51,5%), электр энергиясы тарифтерінің төмендеуі (10,6%), жаңа технологияларды дамыту және білім алмасу (8,7%), «таза» энергияны пайдалану және экологияға залалды азайту (7,8%), сондай-ақ Қазақстанның халықаралық имиджін нығайту (6,3%) бар.
АЭС құрылысына қарсы шыққандар апат пен радиация тарап кетуден (47,9%), экологиялық зардап, оның ішінде Балқаш көлінің тартылуы мен басқа себептерден (31,3%), құрылыс кезіндегі жемқорлықтан (7,4%), мамандар мен қажет тәжірибенің болмауынан (6,7%), сонымен қатар құрылыс бағасының жоғары болуы мен ел бюджетіне ауыртпалық түсетінінен (5%) қауіптенетін болып шықты.
Сондай-ақ зерттеу елдегі электр энергиясы тапшылығы қазақстандықтардың басым бөлігі үшін өзекті мәселе екенін анықтады. Себебі көбі электр энергиясының іркілісі мәселелеріне тап болған. АЭС құрылысын қолдайтындардың көп бөлігі мәселені осы арқылы шешуге болады деп ойлайды.
Осылайша, азаматтардың 70%-тен астамы электр энергиясы тапшылығы мәселесін өзекті деп санайды, тек 20%-і ғана маңызды мәселе емес деген пікірді ұстанады.
Кейінгі 12 айда қазақстандықтардың көп бөлігі (60,9%) электр қуатын үзу мәселесіне кезіккен. Оның 44,3%-і бірнеше рет, 16,6%-і тұрақты түрде электр жарығы сөнуден зардап шегеді. Ал сауалнамаға қатысқандардың 38,8%-і мұндай жағдай болмағанын айтты. Ауыл-қала деп бөлсек, электр қуаты іркілісіне көбіне ауылды жер тұрғындары кезігеді – 67,9%, ал қалада бұл көрсеткіш – 57,2%.
Қыркүйектің басында президент Тоқаев жыл сайынғы жолдауында АЭС құрылысына қатысты референдум өткізуді ұсынды. DEMOSCOPE сауалнамасы міндеттерінің бірі – адамдардың оған қаншалықты қатысатынын және референдум нәтижесіне қаншалықты сенетінін анықтау болды.
Зерттеу деректері азаматтардың референдумға орташа деңгейде қатысатынын көрсетті. Егер референдум алдағы 1-2 айда болса 31,2% тұрғын «міндетті түрде барамын» десе, 14,4%-і «баратын сияқтымын» деп жауап берген. Ал респонденттердің бестен бір бөлігі (19,8%) дауыс беруге «бармаймын» деген, 12,3%-і «бармайтын сияқтымын» деген нұсқаны таңдаған. 18,8% азамат референдумға қатысатынын әлде қатыспайтынын әлі шешпепті.
Қоғам қабылдауының маңызды тұсы – АЭС құрылысына қатысты референдум нәтижесіне сенім деңгейі. Азаматтардың жартысынан көбі (56,9%) халықтық дауыс беру нәтижесіне сенуге болатын тәрізді дейді, ал 10,7%-і «толықтай сенуге болады» деп жауап берді. Оларға сауалнама қатысушыларының үштен бірі (32,4%) қарсы. 20,6% азамат алдағы референдум қорытындысына мүлдем сенбейтін болса, 11,8% «сенбейтін тәріздімін» деген нұсқаны таңдаған.
Қазақстанда АЭС салу үшін түрлі ел компанияларымен келіссөз жүріп жатыр. Геосаяси дағдарыс жағдайында серіктес таңдау маңызды стратегиялық қадам болып тұр. Сауалнама нәтижелері қазақстандықтар арасында бірдей таңдау жоқ екенін көрсетті:
- Ресейлік компания – 23,3%
- Оңтүстіккореялық компания – 19,7%
- Қытайлық компания – 7,2%
- Француздық компания – 4,5%
- Басқа елдің компаниясы – 5,3%.
Респонденттердің жауап беру тіліне қарай пікірі де өзгеше екені белгілі. Орыс тілінде жауап берген сауалнама қатысушылары Ресеймен серіктес болуды үш есе көбірек қолдаған – 33,5%, ал қазақ тілінде жауап беруді құп көргендердің 11,3%-і Ресейді сенімді серіктес санайды. Оңтүстік Кореямен серіктес болуды, керісінше қазақ тілді азаматтардың көп бөлігі – 24,7%-і қолдаса, орыс тілінде жауап бергендердің 15,9%-і ғана Оңтүстік Кореяны таңдады.
DEMOSCOPE зерттеуі АЭС құрылысына қатысты үкіметтің жоспарынан қоғамның жеткілікті дәрежеде хабардар емес екенін көрсетті. Мемлекетке тұрғындарға жиірек ашық деректер ұсынып, объектив ақпаратты қолжетімді етіп, азаматтардың пікірін ескеру керек екені көрініп тұр.
Қазақ және орыс тілдеріндегі баспасөз релизі мен инфографика:
https://drive.google.com/drive/folders/1Ibpj22mgwGb0lhx6Pi8qFKFkaJtGCjwX?usp=sharing
Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме қою міндетті.
______________________________________________________________________
Әдістеме: 2023 жылдың 22 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы, Шымкент) тұратын 1100 адамнан сауалнама алынды. Сауалнама Қазақстанның ұялы байланыс абоненттеріне қоңырау шалып, сұхбат алу арқылы жүргізілді. Нөмірлер кездейсоқ сандар генераторының көмегімен таңдалып алынды. Телефон арқылы сауалнаманы «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүргізді. Сауалнамаға 18 жастан асқан 57% ер мен 43% әйел қатысты. 53% респондент қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 47%-і орыс тілін таңдаған. Сауалнама қатысушыларының 72,3%-і – қазақ, 14,8%-і – орыс және 11,9%-і – өзге ұлт өкілдері. Деректер респонденттердің жынысы мен жасы сияқты параметрлер бойынша өлшенді. Іріктеу ықтималдығы – 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-тен аспайды. Респонденттердің жауап беру деңгейі (response rate) 20%-ті құрады.
Сауалнаманы MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама – респонденттердің көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты жоба үйлестірушісі – Снежана Цойға хабарласып алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.