Сауалнама: қазақстандықтардың жартысы қаңтар қырғынын бейбіт шеру деп санайды

Азаматтардың 48%-і бейбіт шеруден басталған наразылық шарасын арандатушылар мен мародерлер пайдаланып кеткеніне сенімді. 

Дегенмен де сауалнама қатысушыларының 20%-і қаңтар оқиғасына мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған ішкі саяси күштердің әрекеті деген баға берді. Президент айтқан «шет елдің террористері қатысқан жоспарланған шабуыл» деген нұсқаны  қолдағандар – 12%. 11% cауалнама  қатысушысы наразылық акциясынан басталды, елімізде наразылық акциясын өткізу мәдениеті болмағандықтан, соңы тәртіпсіздікке ұласып кетті деп санайды. Небәрі 5% респондент өзге мемлекеттердің арандатуынан болды дегенге сенеді. Әлі күнге дейін қырғынды ұйымдастырғандардың кім екені де, ресми тергеу қорытындысы да халыққа хабарланбады.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында “Қазақстандықтардың қаңтар оқиғасы туралы ойлары” тақырыбында сауалнама жүргізді.

Зерттеу барысында ҰҚШҰ (ОДКБ) әскерінің (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) Қазақстанға кіруі туралы халықтың не ойлайтынын салыстырдық. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 68%-і бұл шешімді дұрыс деп санайды. 17% қазақстандық бастаманы қолдамайды және 17% қатысушы бейтарап пікірде екенін айтты. Айта кетерлік тағы жай, сауалнама 28 ақпан мен 10 наурыз аралығында, яғни Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін жүргізілді.

DEMOSCOPE зерттеуінің кейбір түйіні Ресейдегі «Левада-Центр» өткізген зерттеу қорытындысымен тұспа-тұс келеді. Мәселен, сараптама орталығының деректеріне сүйенсек, жалпы 67% ресейлік азамат ОДКБ-ң Қазақстандағы бітімгершілік операциясына Ресей әскерінің қатысуын дұрыс деп бағалаған.

Қаңтар қырғыны кезінде құқыққорғау органдарының көтерілісті тоқтатуға әлі келмеді және азаматтарға қорған бола алмады. Ойран кезінде елімізге үлкен шығын келді. Сауалнама барысында респонденттерге «Құқыққорғаушы органдардың қаңтар қырғыны кезіндегі  жұмысын қалай бағалайсыз?» деген сұрақ қойылды. Жалпы 41% азамат тәртіп сақшыларының жұмысын «жақсы» деп бағаласа, үштен бірі (32%) бейтарап, ал 26% респондент теріс баға берді. ҚР Бас прокуратурасының деректеріне сәйсек, қаңтар қырғыны кезінде күш құрылымдарының 19 қызметкері қайтыс болды.

Жағымсыз оқиғаның негізгі индикторларының бірі – халықтың эмиграциялық күйі. DEMOSCOPE-тың тұжырымдауы бойынша, қаңтар қырғыны кейбір қазақстандықтың эмиграциялық күйіне әсер еткен. Жалпы  9% азамат қаңтар оқиғасынан соң елден кетуге қамданып жүрсе, олардың 1%-і жақын арада елден кетпекші және 8%-і көшу туралы енді ойлана бастаған. Ал, 88% қазақстандық Қазақстаннан ешқайда көшпейміз дейді.

Қоғамдағы көңіл-күйдің тағы да бір маңызды көрсеткіші – азаматтардың экономикалық әл-ауқатының нашарлауы. Сауалнама деректеріне сәйкес, қаңтар оқиғасынан кейін 18% азаматтың материалдық жағдайы төмендеген. 75% респонденттің жағдайы сол қалпы өзгермеген. 7% қатысушы табысым артты деп жауап берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек деді. Сауалнама барысында қатысушылардан қаңтар оқиғасы қайталанбауы үшін мемлекет не істеу керектігі туралы ойларын бөлісуді сұрадық. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысынан көбі ең маңызды жолы «көмекке мұқтаж адамдарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету» (56%) және «түбегейлі саяси реформа жасау қажет» (51%) деп жауап берді.  

42% респондент орта және жоғары білім беру салаларын реформалау қажеттігін атап өтті. 41% демократиялық құқықтар мен адам бостандығын жүзеге асыруды қамтамасыз ету керек десе, 38% қатысушы құқыққорғау жүйесін қайта құру керек деген ұсыныс айтты.

Сонымен, DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнама қорытындысына сүйенсек, қаңтар қырғыны халықтың жай-күйіне теріс әсер еткен. Оқиғадан соң, азаматтардың бестен бірінің жағдайы нашарлаған, халықтың оннан бірі елден кетуді ойластырып жүр. Украинада болып жатқан жағдайды, Ресейге салынған санкцияларды ескерсек, сауалнама қатысушыларының халықтың көмекке мұқтаж тобына әлеуметтік-экономикалық көмекті күшейту және елімізге түбегейлі саяси реформа қажет дегені ойлары бекер емес.

Қазақша және орысша пресс-релиз бен инфографиканы  келесі сілтемеден жүктеп алуға болады:

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс.

 ______________________________________________________________________

Әдістеме: 2021 жылы 15-23 желтоқсан аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 18 жастан асқан 1100 адам қатысты. Қатысушылардың 53%-ы еркек, 47%-ы әйел. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды. Сауалнаманы «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы телефонмен жүргізді. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижесі респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді. Қосымша ақпаратты жоба менеджері Снежана Цойдан ала аласыз: snezhana.tsoy@medianet.kz.

Алдыңғы

Сауалнама: 2021 жыл қазақстандықтардың есінде пандемия және вакцинациямен қалды, тәлібтер мен АЭС құрылысы кейінгі орында

Келесі

Сауалнама: Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей пропагандасының жетегіне еріп барады