2015 жылы ел экономикасында болған өзгерістердің біразы халықтың есінде жақсы сақталыпты. Мәселен, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы (20%), мұнай бағасының арзандауы (19%) және Ұлттық банк төрағасының ауысуы (18%). Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы қарашада Данияр Ақышев Ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындалған болатын.
Ал, сауалнама қатысушыларының қалған 2%-ы шағын және орта бизнесті тексеру мақсатында жүргізілген мораторийдің аяқталуын ел экономикасында болған маңызды оқиға деп санайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы (38%) және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовке қарсы қозғалған сот ісі (27%) – еліміздің саяси өмірінде орын алған ең маңызды, қоғамда ең жиі талқыланған оқиғалардың бірі. Сауалнама нәтижесі отандастарымыздың бұл оқиғалардан шет қалмағанын дәлелдеді. Сауалнама қатысушыларының 19%-ы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын жариялады деп жауап берді. Ал, 16%-ы Елбасының «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауы аясында «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын маңызды саяси оғиғалар қатарына жатқызды.
Зерттеу барысында халыққа 2015 жылы елімізде болған қандай саяси оқиға сіздің есіңізде ерекше сақталды деген сұрақ қойылған болатын.
Еліміздің спорт саласына кезек берсек, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 41%-ы «Давид Лемьені жеңген Геннадий Головкин 21 кездесуді қатарынан нокаутпен ұтып, жаңа әлемдік рекорд орнатты» деп жауап берді. Қазақстандық ауыратлетшілердің спорттағы жетістігі де халық назарынан тыс қалмады. Респонденттердің 16 %-ы 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиадасына Қазақстанның ауыр атлетика құрамасы алғаш рет толық құраммен қатысатыны жайлы ақпаратпен таныс екен.
Сонымен қатар, ауыр атлетші Илья Ильиннің Ресей Президенті Кубогы үшін өтетін халықаралық турнирде орнатқан жаңа рекордын қазақстандықтардың 14%-ы мақтанышпен еске алды.
Қазақстандық «Астана» футбол клубының алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы спорт саласындағы айтулы жеңіс деп пікір айтқан халық 14% болса, 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарының Алматыда емес Бейжіңде өтетіні туралы жаңалық 15% отандастарымыздың есінде қалған екен.
2015 жылы Қазақстанның мәдени өмірінде болған оқиғалар да ел есінде жақсы сақталды. Композитор, әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері Батырхан Шүкеновтің мезгілсіз өлімі Қазақстан жұртшылығының қабырғасын қайыстырды. Зерттеу қатысушыларының 39%-ы бірден осы жауапты таңдады.
Ал, Қазақстандықтардың 36%-ы 2015 жылы еліміздің мәдени өмірінде болған оқиғалардың қайсы сізге ерекше әсер етті деген сауалға «Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануы» деп жауап берді.
Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтің «Славян базары-2015» байқауындағы Бас жүлдесі (13%) мен «Астана-Арена» стадионында өткен әнші Қайрат Нұртастың музыкалық концерттік-шоуы (12%) да – ел аузында.