Зерттеу қорытындысы бойынша, сауалнама қатысушыларының 60%-ы көп қабатты бірнеше пәтерден тұратын үйде тұрады, 29%-ы қала ішінде орналасқан жеке үйде тұрады екен. Ал, қала сыртындағы жеке үйде өмір сүріп жатқан қатысушылар 11%.
81% респонденттердің үйі жылу және су құбырларының (канализация) орталықтандырылған жүйесіне қосылған. Қалған 19%-ң үйіне бұл жүйе орнатылмаған.
«Қазақстанның су секторындағы ең өзекті мәселе қандай?» деген сауалға қатысушылар әртүрлі жауапты таңдады. Олардың 27%-ы ешқандай мәселе жоқ десе, 21%-ы судың сапасын айтып шағымданды. Сонымен қатар, 16%-ы инфоқұрылым тозған, нақты айтқанда су құбырлары ескірген деген жауап нұсқасын таңдады.
Респонденттердің 13%-ы үшін су және сумен жабдықтау қызметтері қымбат екен. 8%-ы нақты жауап бере алмады. Ал, 6%-ы кейде су тоқтап қалады немесе үзіліспен келеді дейді. Сумен жабдықтау қызметінің қолжетімсіздігін және тазалық мәселелерін еске алған қатысушылар 5%. Ал, небәрі 2%-ы су есептегіш құралдарын қолдану мүмкін емес дейді. Су секторында қызмет көрсететін қызметкерлер мен басшылардың құзыреттілігін ең өткір мәселеге жатқызған респонденттер 1%-ы ғана құрады.
Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 20%-ы судың сапасына көңілдері толса, 20%-ң айтар ескертулері бар екен. Ал, 10%-ы судың дәмі мен түсі біртүрлі дейді. Су құбырлары арқылы келетін су денсаулыққа қауіпті деп санайтын азаматтар қатысушылардың 16%-н құрады. Ал, респондеттердің 11%-ы бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.
Алматы қаласы тұрғындарының 29%-ы және Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының 31%-ы үшін инфоқұрылымның тозығы жетуі Қазақстанның су секторындағы ең өткір мәселе болып шықты. Сұрақтарға жауап берген астаналықтардың 27%-ы, Ақмола облысы тұрғындарының 64%-ы және Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 26%-ы судың сапасы нашар деген жауапты таңдады.
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы атынан сауалнамаға қатысқан отандастырымыздың 34%-ы су және сумен жабдықтау қызметіндегі қымбатшылықты су секторындағы ең өзекті мәселеге жатқызды.
Су құбырлары арқылы келетін суды денсаулыққа қауіпті деп есептейтін қатысушылардың көп бөлігі Атырау облысында өмір сүреді екен. Сауалнамаға қатысқан атыраулықтардың 32%-ы, алматылықтардың 22%-ы және ақтөбеліктердің 27%-ы су құбырлары арқылы келетін суды ауыз су ретінде тұтынбауға тырысады.