Биыл Астана қыстың қаһарын қасқайып қарсы алды, ал Алматы дәрменсіз күйге түсті

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстанда болған аномальді суық күндер.  Коммуналды қызмет жұмысын бағалау» тақырыбында сауалнама жүргізді. 
Сауалнамаға Астана, Алматы және Қазақстанның өзге 14 облыс орталығынан  16 жастан асқан 1848 адам қатысты. Олардың  71%-ы әйелдер және 29%-ы ер азаматтар. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,22%-дан аспайды. 
Зерттеу әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат. Сауалнама 2018 жылы  13-19 ақпан аралығында жүргізілді. 

Биыл қаңтарда арктикалық антициклон салдарынан еліміздің бірқатар аймақтарында ауа-райы күрт суыды. Біраз жерлерде төтенше жағдайлар да болды. Қыстың аяқталуына санаулы күндер қалғанда халықты әбігерге салған саршұнақ аязды еске түсіріп, қысты қорытындылауға болады.

Осыған орай Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы коммуналды қызмет пен жергілікті билік өкілдерінің жұмысы туралы халықтың ойын білмекші болды.

Сауалнама қорытындысына сәйкес, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 76%-ы аномальді суық күндері үйдегі температура 18 градустан жоғары болды дейді. 21%-нда  температура қалыпты жағдайдан төмен болған.  3% қатысушы жылу жүйелеріндегі апат салдарынан жылусыз қалған.

Өзге аймақтармен салыстырғанда астаналық қатысушылардың жағдайлары жақсы болған. Сауалнамаға қатысқан астаналықтардың 93%-ы қыс айларында үйдегі температура жанға жайлы болды дейді.

Ал, қаһарына мінген аяз алматылықтарды аямады. Алматы облысынан қатысқан репонденттердің 59%-ы «Аяз күндері батарея сәл ғана жылы болды» деп жауап берді.

Жамбыл облысы тұрғындарының  6%-ы жылу жүйелерінде болған ақаулар кесірінен жылусыз қалған.

Аязды күндері Алматы облысы тұрғындарының 41%-ң үйінде су құбырлары қатып қалған. Жалпы республика бойынша халықтың 9,7%-ы дәл осы проблеманы бастан өткерген.

Жылу жүйелеріндегі апат салдарынан қазақстандықтардың 6%-ы «тоңып қалған». Зардабын тартқандардың көбі – атыраулықтар – 16%.

Елорда тұрғындарының 85%-ы жылу жүйесі де, судың берілуі де бұрынғыша өз қалпында істеп тұрды дейді. Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, халықтың 69%-нда аяз күндері жылу мен су жүйесіне қатысты ешқандай қиындықтар болмаған.

Сауалнама барысында респонденттерге «Жергілікті коммуналды қызмет жұмысына қандай баға бересіз?» деген сауал қойылды.

Коммуналды қызметке деген сенімі жоғары халық Маңғыстау облысында тұрады -75%.  Сонымен қатар, Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары ешқандай өкпе-реніштерін білдірмеді (74%). Жалпы республика бойынша алғанда, зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 62%-ы коммуналды қызмет жұмысын «жақсы» деп бағалады.

Ал, Алматы облысы  тұрғындарының 35% -ң коммуналды қызметке берген бағасы нашар. Олар «жұмыстарына немқұрайлы қарайды» дейді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл жауапты Қазақстан бойынша 10% респондент қана таңдаған.

Биылғы қыста қар да көп жауды. Енді кезекте, муниципалды қызметтер қар тазалау науқанын қаншалықты сәтті атқарғанын білу үшін халық пікіріне зер салайық.

Бірінші орында – Астана. 75% астаналықтар қар уақтылы тазаланды дейді. Барлық аймақ бойынша халықтың 55%-ы бұл пікірді қолдайды.

Алматы мен Атырау облысы халқы қарды өз бетімізше тазаладық десе  (67%), муниципалды қызмет тарапынан қар мүлде тазаланбады деген халық – 29%.

Апатты жағдайларда коммуналды қызметтердің қаншалықты жылдам көмек беретіні туралы да бір ауыз айта кетейік. Астана (78%) мен Солтүстік Қазақстан облысының (76%) коммуналды қызмет өкілдеріне хабарласу өте оңай әрі жылдам екен.

Ал, Алматыдағы жағдай басқаша… 30% тұрғындар апат болған жағдайда оларға хабарласу өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады дейді.

Билік ауа-райының күрт суып кетуіне байланысты төтенше жағдайларға дайын болды ма? Зерттеу барысында халықтың осы сауал төңірегіндегі пікірлері сұралды. Азаматтардың көпшілігі  (63%) жергілікті билік өкілдері жалпы дайын болды деген түйін жасады.

Билік өкілдері қысқа дайындық барысында ешқандай шара жасамады деген пікір білдіргендер – 12%.

Мұнда да Астана бірінші орынға шықты. Елордалық қатысушылардың 75%-ы биліктің дайындығын жоғары бағалады. Одан кейінгі орындарды Атырау (74%) мен Ақтөбе (73%) облыстары алады.

Сауалнамаға қатысқан алматылықтардың (37%) ойынша, Алматы басшылығының қысқа дайындығы нашар болған.

Аномальные холода в Казахстане. Оценка работы коммунальных служб

Қазақстандықтардың Иосиф Сталинге көзқарасы