Қазақстандықтар жаңа үкіметтен жағымды өзгерістер күтпейді. Үкімет мүшелері көпшілігінің есінде қалмаған

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «ҚР Үкіметінің отставкаға кетуі» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Алматы, Астана, Шымкент қалалары және 14 облыс орталығы тұрғындары арасынан  18 жастан асқан 1868 азамат қатысты. Олардың 70%-ы әйелдер және 30%-ы ер азаматтар. Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,2%-дан аспайды. Зерттеу әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат. Сауалнама 2019 жылы 26-27 ақпан күндері жүргізілді. Қатысушылар өз таңдауларына қарай сұрақтарға қазақ тілінде немесе орыс тілінде жауап берді.

Demoscope бюросы үкіметтің күтпеген жерден отставкаға кетуі жайлы қазақстандықтардың ойын білді, сонымен қатар халықтың есінде қалған ең үздік және ең нашар министрдің кім болғанын да анықтады.  Сауалнамаға қатысқан азаматтардың көбі үкіметтің ауысқанынан ауқымды өзгерістер күтпейді. Елде болған соңғы оқиғалар халықтың билікке деген сенімін әлсіреткені анық.

Сауалнама барысында қатысушылардан естерінде жақсы  сақталып қалған, елдің жаңа тарихындағы жұмысына ең адал және жақсы жұмыс жасаған министрді атауларын өтіндік. Топ-үштікке Иманғали Тасмағамбетов, Бақытжан Сағынтаев және Кәрім Мәсімов  кірді.

Мадина Әбілқасымова, Ерлан Сағадиев және Қанат Бозымбаевтың есімдері «лайықсыз» министрлер қатарында аталды.

Жалпы, мұндай антирейтингтерде халықпен тікелей жұмыс жасайтын әлеуметтік блоктың министрлері кіреді. Мысалы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтің қызметтер және әлеуметтік көмек секілді «жалпыхалықтық» салалардан қарапайым адамдар үлкен үміт күтеді. Сондықтан, бұл шенеуніктер «халыққа бір қадам жақын» жүреді. Ал, аутсайдерлер қатарына энергетика министрінің кіруі де мың құбылған мұнайға байланысты болуы әбден мүмкін.

Респонденттердің 73%-ы үкімет мүшелерінің ешқайсының атын есіне түсіре алмады. Небәрі 633 адам ғана бұл сұраққа нақты жауап берді.

Жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, азаматтардың 66%-ы жаңадан жасақталған үкіметтен жағымды өзгерістер күтпейді. Министрлер кабинетінің саяси ықпалының деңгейін төмен бағалайды.

Қызылорда, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары тұрғындарының жаңа үкіметтен күтер үміттері үлкен (44%). Павлодар және Қарағанды облысынан қатысқан респонденттер (49,5%) жаңа команданың нәтижелі жұмыс жасайтынына күмәнмен қарайды.

Қатысушылардың жартысы Елбасының үкіметті отставкаға жіберуін халықтың наразылығының артуымен, өмір сүру деңгейінің төмендігімен байланыстырды. 40% респонденттер Сағынтаевтың командасы жұмыстарын нәтижесіз атқарды деп жауап берді. Яғни, мемлекет басшысының үміті ақталмады дейді олар. 10% бұл өзгерісті еліміздің саяси элитасындағы ауыс-түйістермен байланыстырды.

Сауалнама барысында «Экс-үкімет отставкаға кетуге лайық болды ма?» деген де сауал қойылды. Олардың үштен бірі мемлекет басшысының шешімін толықтай қолдайды, олар өздеріне жүктелген міндеттерді толықтай орындай алмады деп санайды. 24% «арасындағы біліксіздерін ғана орындарын алып тастауға болар еді» деген жауапты таңдады.

23%-ы өмір сүру деңгейінің төмендігіне жауапкершілік мемлекеттің мойнында ғана емес дейді. Олардың ойынша, «адамдардың өздері өмір сүру сапасын жақсартуға, жұмыс істеуге талпынбайды, заң бұзады».

14% біздің елде көп нәрсе үкіметке байланысты емес деп жауап берді.

Жаңа жасақталған министрлер тобына деген сенім деңгейі – жағдайды бағалаудың ең маңызды индикаторы. Қатысушыларға «Жаңа премьер-министр тағайындалып, оның жаңа кабинеті жасақталғаннан кейін, елдегі жағдай өзгере ме?»  деген сұрақ қойылды.

Басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 40%-ы, билікке дәл сол адамдар немесе соларға ұқсас адамдар келеді, барлығы сол күйінше қалады деп жауап берді.

Қазақстандықтардың үштен бірі жаңа премьер мен жаңа үкімет қарапайым халықтың жағдайын жақсартады деп сенеді.

Қазақстанда үкіметтің өзгеруі ештеңеге де әсер етпейді, біздегі жүйе солай қалыптасқан деген қатысушылар – 26%.

Зерттеу барысында респонденттер мемлекет көмегіне кімдердің, яғни халықтың қай бөлігінің мұқтаж екенін де атады.

Көпшілігі (41%) мемлекет бірінші кезекте көп балалы отбасыларды қамқорлығына алуы тиіс деп санайды. 26% мемлекеттік көмектің негізгі қабылдаушысы ретінде жастарды атады. 12% қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек керек деді. Бюджет саласының қызметкерлері, нақтырақ айтсақ, мұғалімдер мен дәрігерлер 9% жинады.

__________________________________________________________________

Материалды пайдаланғанда гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.

Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүзеге асырады.

Сауалнама нәтижелері респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді.

Қосымша ақпарат алу үшін жоба үйлестірушімен байланысыңыз:
Снежана Цой, +7(727) 292-20-46,

medianet.smm@gmail.comwww.demos.kz/old

Алматылықтардың 65%-ы Көк Жайлау тау-шаңғы курортының құрылысы қала үшін қауіпті деп санайды

Қазақстанда бейбіт митинг өткізу құқығы