70 жастан асқан қазақстандықтар құқық қорғау органдарына көбірек сенеді

Жетпістен асқан азаматтар арасында құқық қорғау органдарына сенім білдіргендер 47,8%-ға жуық. «Ақсақалдардың» сеніміне ие болғандар арасында Ішкі істер органдары (33%) мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (31,8%) – алдыңғы орында.

Басқа емес дәл осы жас категориясының өкілдері учаскелік полицей жұмысына да дән риза (33,4%). Алайда, 50-59 жас аралығындағы қатысушылардың 38%-ы мен  60-69 жас аралығындағы қатысушылардың 36%-ы учаскелік полицейді өзі жауап беретін аумақтан ешқашан кездестірмеген. Ал басқа топтарға қарағанда 16-29 жасар қатысушылардың көбі учаскелік полицеймен таныс. Осы категориядағы сауалнама қатысушыларының 20,3%-ы учаскелік полицейдің өзімен не жұмысымен танысып үлгерген. Сонымен қатар, 30-39 жас аралығындағы қатысушылардың 22,77%-ы учаскелік полицейдің кім екенін біледі. Ал, құқық қорғау органдарына аса сене бермейтін азаматтар арасында 40-49 жас арасындағылар басым. Олардың 8,9%-ы шен таққан азаматтарды «шектен тыс сыбайласқан және кәсіби деңгейі өте төмен» деп бағалайды екен.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында кезекті сауалнама жүргізді. Бұл жолы таңдалған тақырып – «Құқық қорғау органдарына деген сенім». Сауалнамаға Астана, Алматы және 14 облыс орталығынан  1966 азамат қатысты. Олардың 70%-ы әйелдер және 30%-ы ер азаматтар. Барлығы 16 жастан асқан. Іріктеу ықтималдығы 90%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 0,97%-дан аспайды. Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 2017 жылы маусымның екінші жартысы мен шілденің бірінші жартысында жүргізілді.

Зерттеу қорытындысына тереңірек тоқталайық. «Құқық қорғау органдарына сенесіз бе?» деген сұраққа барлық қатысушылардың 28%-ы «иә, олар үлгілі әрі заң шеңберінде жұмыс істейді» деп жауап берді. Қатысушылардың көпшілігі, нақты айтсақ, 55%-ы «Сенемін, бірақ барлық кезде емес. Олар қателесуі немесе кейде заңды бұзуы мүмкін» деген жауап нұсқасын таңдады.

Сондай-ақ, «сенбеймін, олар шектен тыс сыбайласқан» немесе «сенбеймін, олардың кәсіби деңгейі өте төмен» деген жауапты таңдағандар 7%-дан. Ал, қатысушылардың небәрі 2%-ы құқық қорғау саласы өкілдерінің кәсіби біліктілігіне күмән келтіргендіктен оларға деген сенімдерін жоғалтқан.

Зерттеу барысында «Қазақстандағы құқық қорғау органдары сіздің құқығыңызды расымен де қорғайды деп есептейсіз бе?» деген де сауал қойылды. 53% қатысушы «Әрдайым емес. Жалпы, қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін шығар, бірақ олар адам құқықтарын елемейді» деп жауап берді. Ал, 39%-ы құқық қорғаушылар заң талаптарын орындайды және азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді деп сенеді екен.

Ал, құқық қорғау органдары өкілдерін көргенде отандастарымыз қандай күйде болады? «Қауіпсіздік, сенімділік және екеуара сыйластық» деп жауап бергендер – 59%. 18% қатысушының бойын үрей билейді. «Қауіпсіздік, бірақ сыйластық емес» дегендер 19% болса, 5%-ы оларды көргенде қорқады. «Арнайы форма кигендерден қауіп төніп тұратындай көрінеді» дейді олар.

Прокуратура органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитет қызметкерлерінің ел арасындағы беделі де, ие болған сенімі де өзге құқық қорғау органдарына қарағанда жоғарырақ (28%-дан). Ішкі істер органдарына сенім білдіргендер бұл екеуінен 1% ғана кем, яғни 27%. 16% қазақстандықтар аталған құқық қорғау органдарының ешқайсысына сенбейді.

14%  қатысушы «құқығым бұзылған жағдайд, құқық қорғау органдарының көмегіне, қолдауына және объективтілігіне үміт артудың қажеті жоқ» дейді. Олардың ойынша, «оларды әрдайым парамен ынталандыру керек».  46% «Олардың кәсібилігіне күмән келтіретіндей себеп жоқ» деп жауап берді. Қатысушылардың 30%-ы адам құқықтары олар үшін басымдыққа ие емес деп, оларға күмән келтіреді. Ал, қалған 11%-ы мүлде сенбейді. Олардың ойынша, құқық қорғау жүйесі әділеттілік орната алмайды.

Сауалнама барысында халықтың учаскелік полицей жұмысына қаншалықты көңілі толатынын білмекші болдық. 32% қатысушы бұл азаматты танымақ тұрмақ, ешқашан кездестірмеген де екен. 18%-ы оны біледі, бір рет болсын кездестірген.  Бірақ оның қаншалықты нәтижелі жұмыс атқарып жатқаны жайлы хабарсыз. Учаскелік полицей жұмысына дән риза халық 27% болса, наразы халық – небәрі 5%. 10% қатысушы бұл сұраққа нақты жауап бере алмады, ал 7% нақты баға бере алмайтынын айтты.

7 саны сауалнама қорытындысында үш рет кездесті. Көз жеткізгіңіз келсе, инфографикаға назар аударыңыз.

Құқыққорғау органдарына деген сенім

Қазақстандықтардың АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы мен санкцияларға көзқарасы